КҮМІСТІҢ СЫҢҒЫРЫ, БҰЛАҚТЫҢ СЫЛДЫРЫ

Уақыты: 03.11.2017
Оқылды: 1879
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

     Тау етегінде туған қыз туған жерге тағзым етті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова «Туған жерге туыңды тік» тақырыбымен ел алдында есептік концертін өткізді. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына лық толы көрерменнен өнер адамына деген құрметті көрдік. Көңіл көкжиектері көкке көтерілген Жетісу тұрғындары әншінің дара дауысын күмістің сыңғырына, бұлақтың сылдырына теңеді. 


      «Сүйінбай, Жамбыл жері осы» деген айшықты атты иеленген концерттің шымылдығы «Адырна» фольклорлық ансамблінің күмбір күйімен ашылды. Қазақ үшін қасиеті биік қос ақынның ұрпағы бала күнінен жыр-терме, толғауларды құлағына құйып өсті. Содан болар, бүгінде еткен еңбек еленіп, халық қошеметіне ие болып келеді. Қазақтың шертпе күйлерін сүйсіне тыңдап сүйегіне сіңіргені соншалық, домбыра дауысын естісе, қосылып ән шырқағысы келетін. Концерт барысында әншінің әлі күнге сол қасиетін бойынан кетірмегенін көрдік. Әсем де әсерлі үнімен жұрттың жүрегіне жете білген әнімен концерт жалғасын тапты. Өзі өскен өлке Қарасу қырғыздарға жақын болғандықтан бойына текті тәрбиенің таралуына бір туған ағайындардың да әсері бар еді. Күміскөмей өнер иесі сол қағиданы ардақтап, екінші әнін қырғыз елі жайында әуелетті. Жастайынан жақсылық атаулыны жанына серік қылған қыз ел алдына еркін шығып, жұрттың ортасында еркелеп шырқады. Иә, балалық шағында айтқанын жасатпай қоймайтын мінезін білгендіктен әкесі бетін қайтармаған екен. Соның нәтижесінде жігерлі қыз талай асуды бағындырып, талай дауылды қайтарған. Студенттік шағынан алғыр, білікті, қатарының алды бола білген. 
     Жезтаңдай әншінің туған жері, өскен мекені де өнерге деген сүйіспеншілігінің оянуына түрткі болған. Көздің жауын аларлық кереметтен құралған, гүл кілемі көмкерген тау етегінде ән айтып, бұлбұлдай сайрап жүрген әншінің оған деген құрметі өзгеше. Соған орай келесі әні туған жерге арналып, жүрегінен шыққан дауысы тыңдармандарды тәнті етті. 
     Төрт жасынан ән шырқаудан айрықша ләззат алған жан бүгінде қазақтың той-думанының төрінен табылады. Ол дара дауысты жанға деген құрмет. Тіпті Ұлжансыз тойын өткізбейтін жандардың барын естігенде ерек ел еркесі екендігін ұқтық. 
     Концерт барысындағы күйдің күмбірі әрбір көрерменнің жан жүрегіне жетті десек жалған емес. «Алтынай» би ансамблінің мың бұралған биі сахна сәнін арттырып, әннің шырайын аша түсті. Күміскөмей әнші осы күнге дейін талай байқаулардың басынан көрінген. Оның жарқын дәлелі – өнер иесіне соғылған шапалақ. Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды дарынды тұлғалардың ән айтуына қызыға қараған әншіні бүгінде халық дәл солардың өзі секілді қабылдайды. Әр ән айтылған сайын гүл шоғын ұсынған қонақтар әншінің шабытын арттыра түсті.  Бала күніндегі арманы эстрадалық ансамбль әншісі болу екен. Міне, сол арманның асқарына асыл өнері арқылы шығып отыр. Алматыда музыкалық факультетте оқып жүргенінде арман алауының алғашқысы жанды, ол институт ішіндегі «Айгүл» ансамбліне қабылданған. Кейіннен Жамбыл аудандық мәдениет бөлімінің «Құлансаз» фольклорлық ансамблінде қызмет атқарып, кейіннен  Сүйінбай атындағы облыстық филармонияға ауысты. 
     Салтанатты шараға ауылдың арнайы сәлемін ала келген  Әсем Айнақұлова анасына деген құттықтауын ән арқылы жеткізді. Ана атты шығармасына барлық жүрекжарды лебізін сыйғызған Әсем қыз жетісулықтардың жүрегіне жете білді. Концерттің өтуі дарынды әншінің туған күнімен сәйкестендіріліп қойылған екен. Соған орай шығармашылық кештің шаттығы да шалқи түсті.  Концерт соңында өнер иесіне арнайы құттықтауын жеткізген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев туған жерге тағзым ету арқылы жастарға өшпес өнеге тарайтындығын айтып өтті. Облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы құттықтауын жеткізіп, иығына камзол жапты. Керемет кешке куә болған жетісулықтар жайдары жүзбен, қуанышты күймен тарқасты. 

Құралбек СӘБИТОВ.