Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАҚАНАСТА ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВТЫҢ РУХЫНА ҚҰРАН ОҚЫЛЫП, АС ТАРАТЫЛДЫ

Уақыты: 13.01.2023
Оқылды: 1161
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Аса көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына – 111 жыл. Бірегей тұлғаның туған күніне орай жыл сайын еске алу шаралары өткізіліп келеді.

Биыл да жалғасын тапқан дәстүр аудан орталығында көрініс тапты. Игі шара Д.Қонаев атындағы саябақтағы қайраткер ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Жиналған қауым содан соң аудандық Мәдениет үйіне жиналды. Сол арадағы көрмені тамашалап, Димекең  жайында жазылған кітаптарды, сонымен қатар  тіршілігінде өзі ұстаған  заттары мен дүниелерін тамашалады. Өз дәуірінің кемеңгері болған, дана халықтың дара перзенті Дінмұхамед Қонаевтың туған күніне арналған «Тұғыры биік ұлы тұлға» тақырыбындағы еске алу кеші басталарда деректі фильм көрсетілді.    

Қазақтың біртуар перзентін еске алуға арналған кештің шымылдығын түрген Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов өткен жылы Д.Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына орай аудан көлемінде атқарылған игі шараларға тоқталды. Оған атсалысқан аудан тұрғындарына ризашылығын білдіріп, ел-жұрттың амандығын тіледі.

Келесі кезекте сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Дәулет Жарасбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, қонаевтанушы Нұрпейіс Талдыбек және ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбеков Димекеңнің ел-жұртына сіңірген өлшеусіз еңбегін тілге тиек етіп,  естелік оқиғаларды әңгіме арқауына айналдырды.

«Д.Қонаев» қорының мүшесі Балапан Әділханова да аталмыш қордың ұлы тұлғаны ұлықтау мақсатында  ұйымдастырған шараларына кеңінен тоқталып өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова мерейтойға орай былтыр облыс көлемінде атқарылған шараларды атап өте келе, аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен өткізілген «Д.Қонаев – ұлы тұлға» атты эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Б.Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясы оқушылары да сахна төріне көтеріліп, ұлы тұлғаға арналған өлең шумақтарын оқыды. Кеш соңында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы мен «Алатау әуендері» концерттік ұйымының арнайы дайындаған концерттік бағдарламасына кезек берілді. Ұлттық аспаптарда ән шырқап, мың бұрала би билеген өнерпаздар көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кеш соңы «Ақ отау» мейрамханасында ұйымдастырылған ас дастарқанымен жалғасып, марқұмның рухына Құран бағышталды.  

Кие қонып, бақ дарыған Балқаш тарихында халқымыздың ұлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі алтын әріптермен жазылған. Көзі тірісінде еңбекқорлық пен адалдықтың символын көрсеткен Димекеңнің туған жеріне, туған еліне деген сүйіспеншілігі, Балқаш өңіріне, оның ішінде «Ақдала алқабының» игерілуіне  сіңірген еңбегі  орасан зор. Сол себепті ауданымызда жыл сайын Дінмұхамед Ахметұлының туған күнін жоғары деңгейде атап өтіп, жас ұрпаққа ұлы тұлғаның дара жолын насихаттау – бұлжымас үрдіс. Тіршілігінде-ақ әулие атанған Димекеңнің ел дамуына қосқан елеулі үлесін ұмытпау,  есімін ұлағаттау – дүйім ел-жұртының парызы.

Күмісбек ЕРБАЕВ

Бақанас ауылы,

Балқаш ауданы