Алаштың ардағы

Уақыты: 16.11.2017
Оқылды: 2232
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Нұрмолда Алдабергенов ел құрметіне адал еңбекпен бөленген жан. Өмір жолы қиындықпен басталғандықтан еңбекке ерте араласқан. Жастайынан зерек өскен ұл бақыттың бастауы істің ретін табу екенін түсінеді. Ол алғашқы еңбек жолын Түркістан – Сібір теміржолы құрылысында қарапайым жұмысшыдан бастайды. Ауылшаруашылығындағы баспалдағы сол кездегі Талдықорған облысы «Жаңаталап» ұжымшарында жұмысшы, одан ары қарай бригадирлікпен ұштасады. Алдабергеновтің басқаруымен Жетісу өңірінде тұңғыш су электрстансысы салынды. Мұқыры ауылында алғаш рет жаңа типті баспана, орталық Мәдениет үйі, тұрмыс қажетін өтеу орталығы, сауда мекемесі, балабақша, орта мектеп, аурухана пайдалануға берілді. Ол егіншілікті жандандыру, мал тұқымын асылдандыру ісіне ғылым жаңалықтары мен озат тәжірибені енгізді. Ұжымшарда «озат тәжірибе мектебі» тұрақты жұмыс істеді. Өнімді еңбек азаматтың дәрежесін өрге жетеледі. Нұрмолда Алдабергенов 1945 – 1950 жылдары Талдықорған облысы «Жаңаталап» ұжымшарының төрағасы, 1950 – 1961 жылдары Сталин атындағы (кейін Н. Алдабергенов атындағы) іріленген ұжымшардың төрағасы, 1965 – 1967 жылдары Карл Маркс атындағы ұжымшардың төрағасы қызметін атқарды. Үшінші және төртінші сайлауда ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бесінші сайлауда КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты атанды. Басшы ауыл халқын жұмысқа жұмылдыра білді. Сонымен қатар еңбеккерлердің  мәдениетінің жоғарылауына, бос уақытын тиімді пайдалануына ерекше көңіл бөлді. Ол екі мәрте Ленин ордені, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту ордені, алты рет Халық шаруашылығының жетістіктері көрмесінің Үлкен Алтын медалімен марапатталған. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алған.

--------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------

Өнегелі із қалдырған

Соғыстан кейінгі жылдары  мал, егін шаруашылығына ерекше көңіл бөлінді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар құрылды. Ауылшаруашылығы қарқынды дамыды.  Малдан жылқы,  түйе, қой  өсіру қолға алынды. Егін шаруашылығы дамыды. Ауыспалы егіс жүйесі  қолданысқа енді. Құрылыс қарқын алды. Ол кезде адамдардың достық, жолдастық сезімі, бауырластық  пен ынтымақтастығы үстем болды.

Өмірге құштар, өнерге әуес, еңбекке ұмтылған жаны таза жас жігіттер мен қыздар тың игеруге атсалысты. Тың көтерілгелі республикамыз  мемлекетке тоғыз дүркін  миллиард пұт астық тапсырды. Отыз жылда  артық-кемі жоқ 600 миллион тонна астық өндіріп, оның 348 миллион тоннасы  ел қамбасына құйылды. Тың көтерілгенге дейін жылдық астық сату көлемі орташа 9 есеге артты. Осынау ұланғайыр  іс мал шаруашылығына да игі  әсерін тигізбей  қойған жоқ. Ірі қараның  қандай түрі болмасын, осы кезеңде екі есе, ет және сүт дайындау 5 есе,  құс етін сату 50 есеге өсті. «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі  оның көл-көсір» дегендей, қой шаруашылығының  ірі тауарлы өндірісі құрылды. Алып зауыттар мен  фабрикалар бой көтерді.  Республикада 1940 жылы 194 кеңшар болса, 1984 жылы оның саны екі мыңнан асып түсті. Тың игерудің отыз жылдығы  қарсаңында еліміз бір миллиардтан астам таза пайда тапты.
Жер-ана!  Орынды айтылған теңеу. Оған аялы алақан керек. Баптай білсең – жер жомарт. Сондықтан, жердің азып-тозуына жол бермеудің барлық шаралары жүзеге асырылды. Ел қадірлесе – еңбегі сіңген ерлерді құрметтесін. Ондай ерлер көп бізде. Бүгін солардың төртеуіне айрықша тоқтала кеткенді жөн көрдім. Олар: Нұрмолда Алдабергенов, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Смағұл Шабдарбаев. Шынымды айтайын, бұл төрт кісіні халқымыздың төрт бәйтерегіндей  көремін.  Ол кісілердің елінің шетіне табан тіресем сәлем бермей кетпейтінмін. Қай-қайсысымен әңгімелесу – жан семіртіп, рухыңды биіктете түсетін. Бір-біріне ұқсамайтын тұлғалар, бірақ бірін-бірі толықтырып тұратын. Қазақ деген халықтың ақсақалдары қандай болады дегенде, осы төртеуін айтар едім. Қарапайым, бірақ, кісілігі жоғары, мінездері сабаз еді олардың. «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен  сұра» деген нақылға мойынсұнсақ, олар өмірден түйген тәжірбиесі мол адамдар. Нұрмолда жастайынан өмірдің бар тауқыметін көрген адам. Ес біліп, етек жапқаннан жалшылықпен күні өткен. Кісі есігінде жүріп, оқи алмаған. Бірақ жаратылысы бөлек. 1927 – 30 жылдары Түркістан – Сібір теміржолының құрылысына қатысады. «Жаңаталап» деген ұжымшарға жұмысқа кіреді. Әуелі бригадир,   бір жылдан соң ұжымшар төрағасы болып сайланады. Ол кісі Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан. Соғыстан оралған  бетте бұрынғы өзі басқарған шаруашылықты қайта қолына алады. Еңістен салса, төске озған тұлпар еді ғой. Бұрынғы  Сталин атындағы ұжымшарды, кейін «XXII партсъезд» деп аталған шаруашылықты  дүркіретіп, төрткүл әлемге түгел танытты. Артта қалған Қарл Маркс атындағы ұжымшардың  тізгінін  ұстаған тұста да  өзінің іскер басшы екенін дәлелдеп берген еді. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері жайында  Сәбит Мұқановтың «Алдабергенов туралы аңыз» өлеңімен жазылған әңгімесін оқыған адам көп сырға қанығады. Ал ұжымшар құрылысының ғажайып тіршілігі жайында Нұрмолданың өзі «Сталин атындағы колхоз» (1958 ж.) деген кітап жазған.
Нұрекеңнің ауылына барған  сайын «Ағасы бардың жағасы бар» деген сөздің қадір-қасиетіне  жетіп қайтушы едім. Қызмет бабымен емес, ағалы-інідей сырласып, көңілдегіні ортаға салар едік. Өкінішке орай, тәтті  тірлік, тату өмірді ажал айырып, арманда қалдыратын әдеті. Нұрекең туған жерінің  алтын қақпасы – Мұқыры ауылының кірер жолындағы  биік алаңға жерленді. Қазір де осы жолмен арлы-берлі өтуіме тура келеді.  Барарда да, қайтарда да осынау аяулы жанға тағзым  етіп, онымен  өткізген тамаша күндерді еске түсіремін.

Дінмұхамед Қонаев.

---------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------

Талмайтын тұлпар

Тіршілік – жеңіс пен жеңіліс майданы. Социалистік құрылыс та кезінде сондай майдан еді. Барлық жарысқа жүйріктер қатысатыны сияқты еңбек бәсекесінде де қабілеттілер бақ сынайды. Қазақтың «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне  қарай шабады» деуі осыдан.
Талмай ұзаққа шабатын, бәйгенің алдын бермейтін жүйріктерді қазақ «ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған» – деп дәріптейді.

Социалистік жарыста ауылшаруашылығынан үнемі жүлде алып келе жатқан тарлан тұлпарлардың бірі – Еңбек Ері атағын екі рет алған Нұрмолда Алдабергенов. Жасы кіші болғанымен атақ абыройына бас иіп, мен ол кісіні  «Нұреке» деймін. Бұл очеркте де көбіне солай атап отырамын. Көп жылдардан бері  жүздесіп жүргеніммен Нұрекеңмен жақын танысуым 1958 жылы басталды.
Сол жазда  Мәскеуден  Алматыға  СССР Жазушылар  одағының хатшысы, белгілі орыс ақыны  Алексей Сурков  келе қалды. Алматыда аз күн қонақтаған  соң қазақ ауылын көргісі келетінін айтты.  Мен Нұрекең  өзі  құрған,   Сталин есімімен аталатын ұжымшарға апаруды жөн көрдім. Аталмыш ұжымшар 1957 жылы  Мұхтар Әуезовті қонаққа шақырып, 60 жылдығына  байланысты ұлан-асыр той жасап берген. Мұқаңа сонда бір жүйрікті ер-тоқымымен сыйға тартқан еді. Тойға барып қайтқан Мұқаң ұжымшарды аузының суы құрып  мақтап:
– Е, бәсе, Социалистік ауыл осылай болуы керек қой! – деп қатты риза болған. Мен өзім ол ұжымшарда болмаған едім. Алексей Сурковты қай ауылға апаратынымыз жайлы сөз болғанда Мұқаң бірден-ақ: – Әрине,  Нұрмолдаға! – деді.
Сол ұсыныс қабылданып, Сурковқа Мұқаң, Ғабиден, Тайыр, Ғали, тағы бірнеше жазушы еріп, жүріп кеттік.
Алматыдан шығып Талдықорған, Семей, Өскеменді басып, шығысқа тартатын кең, тегіс, жайлы асфальт даңғыл жолмен жеңіл машиналар зымырап келеді. Жолдың екі жағында кейде жазық, кейде бұйрат болып отыратын кең даланың өнбойы  арнайы төсеп тастаған кілемдей. Кейде ол тіпті қоюланып, адамның көз жанарын жалындай шарпиды. Соларға таңдана, тамсана  қараған Сурков:
– Бұл қазақ даласының көлемі қанша?– деп сұрайды Мұқаңнан. Көп цифрларды жатқа білетін Мұқаң:
– Жаңылмасам, екі жарым миллион шаршы шақырымдай болу керек. Әлде, үш миллион ба еді, Сәбит? – дейді маған ол.
Сол мөлшерде болу керек, дей салдым мен.
– Сонда, – дейді Сурков  жан-жағына алаңдай қарап, – сол даланың бәріне  осындай құлпырған қызыл ала кілем жаба ма?
– Әрине, – дейміз біз бірауыздан.
– Бұл дүние жүзіндегі ең үлкен, ең көрікті  кілем болды ғой. Тамаша екен!...
– Әрине !
Гүлдеріне жусаны араласа өскен кең  дала ауасының иісі мұрныңды жарып, жанды рахаттандырып жібереді. Біз жұпар теңізде жүзіп келе жатқандай боламыз. Танауын аспанға шүйіре демін соза алып келе жатқан Алексей Сурков бізден:
– Осындай ауаны жұтқан адам қартая ма? – деп сұрайды таңданып. Біз жауап берудің орнына  тамаша ауаны  ішімізге  тарта түсеміз. Нұрмолданың ауылы Алматыдан 270 шақырым жерде. Шығыстық даңғыл жолдың бір тармағы ол ауылға Тентек өзенінен өте бере  бұрылды. Ол да асфальт.
Сурков Нұрекеңнің есімін біледі екен. Оған себеп – Мәскеу түбіндегі Луковский ауданының атақты ұжымшары «Сталин» мен Нұрмолда басқаратын «Сталин» ұжымшары 1953 жылы социалистік жарысқа түседі. Алғашқы жылдың қорытындысын жасағанда мәскеулік  «Сталин» ұжымшары барлық көрсеткіштен де озып шығады. Бұл жайлы газеттерде хабарлар, мақалалар жарық көріп жататын.  Солардың біразын Сурков оқыған екен.
Луковскийдегі ұжымшардың төрағасы белгілі Еңбек Ері – Генералов. Ол да атақ-абырой  жағынан бүкіл  Кеңес одағында «Екінің бірі, егіздің сыңары» деп жүрген адам. Сонымен жарысқанда  Нұрмолданың озып шығуы бүкіл Кеңес одағы халқын қайран қалдырған. Сондықтан Нұрмолданы көруге Сурков та құштарланып жүрген екен. Нұрекең  қазақтың қонақжай салтын қатты ұстайтын адам. Ұжымшарға одақтан, шетелдерден қонақ келеді деген хабар алса Тентек өзенінің көпірінен, бері кеткенде  отыз шықырымдағы  Мұқыры ауылының іргесінен тосып алатын. Жырағырақ жерден ол машинамен, ал жақын жерден аттармен қарсы алады. Сурковты ол Мұқыры түбінен бірнеше машинамен қарсы алған еді. Қала адамының салт атты таңсық көретін әдетін Нұрмолда біледі екен. Сондықтан, егер мінгісі келіп қалса деп ерттелген оншақты жақсы атты жетектей келіпті.
– Мінеміз, – дедік біз. Мен де мінем, – деді Алексей, – азамат соғысының үш-төрт жылында үнемі атты әскердің құрамында болғанмын. Салт жүруді жақсы көремін, – деді. Әкелген аттардың ішінде ұжымшардың Мұхтарға сыйлаған аты да бар екен. Торы түсті, биік, қабырғалы жылқы. Үстінде әскери ер-тоқым. Бәйгеге қосылған жылқы желөкпе келеді. Оның үстіне, қарсы алушылардың біреуі ауылдан Тентекке  дейін мініп кеп, тақымын жазып алған болу керек, аттың үсті аздап ақ көбіктеніп, демін ала, танауын делдите ойнақшыңқырап тұр. Мұхтар елірме  жылқыға мінуді жақсы көрмейтін. Сондықтан аттануға айналғанда, Нұрмолда :
– Мұқа, өз атыңызға мінесіз бе? – деп алдына кесе-көлденең тосып еді. – Ана Сәбитке бер, ол жылқышы болған, атқа мықты,  – деді Мұқаң. Торы ат үстіне мінгеннен-ақ ала қашайын деп еді,  тізгінін ырғаңқырап жіберіп, ауыздықты  езуіне салып алдым. Содан кейін еркінси алмады. Қатарласа шоқытқан аттармен ауылға келіп кірдік. Ауыл! Ел ішін көп аралайтын менің өзім мына ауылдың көшелері, үйлері, бауларының көркемдігіне таласа  алатын ауылдарды сирек кездестіріппін. Қазақстанда  мұндай көрікті ауыл жоқ. Мыңнан астам отбасы тұратын ауылдың үйлері  ағаштан және кірпіштен қаланған екен.  Үйлердің  бәрі  көше жағынан жап-жасыл биік шынарлармен, қайың, емендермен көмкерілген. Әр үйдің қорасындағы бау-бақшаларда әртүрлі  жемістер тұнып тұр. Ауылға жақындағанда  атын тебініп, менімен қатарласа берген Нұрекең: Сәке, ауылда  жаңадан салынған, іші-сырты көрікті, қала салтымен жасауланған екі қабатты  мейманхана бар. Төсек-орны даяр, соған түсесіздер ме? Қала шетіндегі баудың ішіне тігілген, жасаулы ақ киіз үй бар, әлде соған түсесіздер ме? – деді. Сурков киіз үйді қалады. Ол сыртынан болмаса, киіз үйді жақыннан көрмепті. Қалың алма бағының ішінде  тігілген, баулары әдеміленіп тоқылған, ішіне үлкен кілем жайылған, төріне жібек барқыт көрпе төселген, ішпегі батсайы шайыдан, тысы ақ зонттан тігілген мамық жастықтар тасталған үйге  кіргенде  Сурков сілейіп қатты да  қалды.
– «Юрта» деген осы ма? – деп сұрады ол.
– Осы.
Байлардан қалған юрта ма бұл, әлде ұжымшар жасаған ба бәрін?
– Ұжымшар.
– Осындай неше юрта бар?
– Үш жүзге тарта, – деді біреу.
– Неге таңдандыңыз?– деп сұрады біреу Сурковтан.
– Менің естуімде юрта қара, жыртық, лас....
– Сондайлар болғаны рас, – деді Мұхтар. – Бірақ  кедейлерде ғана болмаса, ондайлар бұрынғы ауылда көп болмайтын. Ал орташалар мен байларда  мұндай үйлер көп болатын еді.
– Қазір де әртүрлі, дедім мен, – Мұндай үйлер ауқатты ұжымшарларда көп. Әлсіздерінде сенің ұғымыңдағы  юрталар әлі де бар.
– Неге? – деді Сурков.
– Ол көп сөз, кейін кеңесеміз.
– Мақұл.
Нұрмолда ұжымшарды атпен аралатты. «П» әрпіндей екі қабат көрікті мектеп, іші-сырты аппақ емхана, екі қабат кеңсе, астық сарайларын, ішінде түрлі түсті машиналар бар гараждар, тағы басқа  құрылыс нысандарын көргенде  Алексей Сурков қуанғаннан:
– Тамаша, тамаша! – деп тамсана берді. Біраз аралағаннан кейін: – бұл социалистік  тамаша қала  қанша уақытта осындай дәрежеге жеткен? – деп сұрады.
Соғыстан кейінгі он шақты жылдың ішінде ғана, – деп жауап берді Нұрекең. Ал енді мен сендерге айтайын ба, – деді Алексей, – Генераловтың ұжымшарын мен жақсы білемін. Талай барғанмын. Бес жүз жыл тарихы бар село құрылысының сән-салтанаты мына ұжымшардан төмен. Мен Кеңес одағының көп селосында, олардың ішінде таңдаулыларында болған адаммын. 
Бұл салтанатты село бүкіл одаққа үлгі боларлық. Ауылын түгел аралатқаннан кейін  Нұрекең қонақтарды ұжымшар мұражайына апарды. Көрікті қылып тұрғызылған екі қабатты бұл үйдің экспонаттары осы ұжымшардың тыныс-тіршілігінен, қалыптасуынан сыр шертеді. Құрылысы қалай басталып, қанша уақытта осындай дәрежеге жеткенін жәдігерлер арқылы сөйлеткен. Ауылдан керемет әсер алдық. Қайтарымызда қадірлі қонағымыз Алексей Сурковқа Нұрмолда кестелеген қазақы шапан, бөрік және ат мінгізіп аттандырды.   

Сәбит Мұқанов.

----------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------

 

Аңыз бен ақиқат

Тұрар Рысқұловтың сыйлығы

Айнабұлақ стансысында екі жақтан салынып келе жатқан теміржол 1930 жылдың 28 сәуір күні түйісіп, салтанатты жиын өткізілген. Осы жиынға сол кездегі Ресей Федерациясының Совнарком төрағасы болып қызмет атқарған Тұрар Рысқұлов қатысып, қазақ елінің ертеңі, жарқын болашағы туралы жалынды сөздерін қалың жұртқа арнаған екен. Осындай ғұлама адамның қолынан Нұрмолда да ерен еңбегі үшін арнайы сыйлық алған. Көкірегінде көзі бар балаң жігіттің сол құрылыста екінші бір көрген тұлғасы қазақтың тұңғыш теміржол инженері Мұхаметжан Тынышбаев болды. Орта бойлы, сөзі де, ісі де байсалды қазақтың қараторы жігітінің сол тарихи құрылыста қызмет атқарған орыс инженерлерімен білімділігінің арқасында терезесі тең екенін сырттай байқап жүрді.

Рекордтық көрсеткіш

1936 жылы отыз жасында еңбекқорлығымен көзге түскен Нұрмолда «Шұбар» колхозының бастығы болып сайланған. Ол кезде колхоз шаруаларының қалт-құлт етіп әрең күн кешкенін тарихтан жақсы білеміз. Нұрмолда алғашқы күннен-ақ барлық табыстың кілті қарапайым шаруаның қолында екенін жақсы түсініп, халықты еңбекке ынталандырып, соңынан ерте білді. Дені қолмен жасалатын тіршіліктің ішінде шаруа десе ішкен асын жерге қоятын Нұрекең жүрді. Бірнеше жылдың ішінде-ақ еккен егіннен, өсірген малдан әжептеуір табыс тауып, колхозшылардың тұрмыс деңгейі түзеле бастаған. 1940 жылдың өзінде егілген қант қызылшасының әр гектарынан орта есеппен 450 центнерден өнім жиналған. Бұл сол кездегі рекордтық көрсеткіш еді. Колхозшылардың көңілінде ертеңгі күнге деген сенім пайда болып, жаңаша өмір сүріп, еңбек етуге құлшыныстары ұлғайды.


Миллионер колхозға шетелдіктер келді

Бұл колхозда еңбек еткен 18 адамға ерен еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері деген жоғары атағы беріліп, «Батырлар ауылы» деген жақсы есімге ие болды. Олардың қатарында Ақық Нұрманбетов, Әппақ Мүсәпіров, Саумал Ноғайбаева, Қайша Есболова, Асанбай Назарбаев, тағы басқалары бар еді. Оған қоса 350 адам Одақтың наградасымен, 98 колхозшы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен марапатталған. Бұл Нұратаның басшылығымен колхоздың табысын еселеуге үлес қосқан аяулы жандар.
Ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен рес-публика ғана емес, Одақ көлеміне белгілі болған колхоз бастығы Нұрмолда Алдабергенов 1951 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат, 1958 жылы СССР Жоғарғы Советіне депутат, 1960 жылы Қазақстан ауылшаруашылығы ғылым академиясының құрметті мүше-корреспонденті болып сайланған. Колхоз өндірісіндегі ерен еңбегі үшін 1958 жылы Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын Жұлдызымен марапатталған. Осы жылдар ішінде Мысыр, Үндістан, Румыния және тағы басқа елдерді аралап қайтады. Одаққа ғана емес, енді дүниежүзіне атағы жайыла бастаған, мәдениеті өрлеген миллионер колхоздың тыныс-тіршілігімен танысуға туысқан елдерден, шетелдерден қонақтар ағылып келіп жатты.

Жұмысшы еңбекақысы 10 есеге өсті


Нұрекең бастық болып келген күні Мұқырының жұлдызы жанды десе де болады. Көнекөз қариялардың сөздеріне құлақ түрсек, таң қаласың. Нұрмолда жолдың сол жағына орналасқан көне үйлерді бұзып, ауылдың оң жағына бас жоспар сыздырып, бір жылдың ішінде жаңа 167 тұрғын үй тұрғызып, мектеп, Мәдениет сарайының құрылысын бастап, көшелерге асфальт төсетіп, машина-трактор шеберханаларын салып үлгерген. Онымен қоймай, халықты еңбекке ынталандырғаны соншалық, қант қызылшасының әр гектарынан 400 центнерден, бидай-арпаның әр гектарынан 25-30 центнерден өнім жинап, мал басының өсімін қамтамасыз еткен. Осындай еңбек көрсеткіштері колхозшының әрбір еңбеккүн табысынның он есеге өсуіне ықпал етті. Бір сөзбен айтсақ, Нұрекең қайтадан көнерген ауыл орнына жаңа қала салды десе де болады. Еселі еңбектің арқасында тұрғын халықтың әл-ауқаты жақсарып, театр ашылып, Қалқа Жапсарбаев, Жақып Әбілтаев сынды өнер қайраткерлері ел ынтымағын нығайтуға өз үлестерін қосты.


Нұрила Бектемірова.