ЕЛ АНАСЫ

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 2650
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазіргі өмір тым күрделі. Адамдардың қарым-қатынасында да қарын ашыратын тұстар толып жатыр. Біздің бала күнімізде әр жастағы адамдардың өзіндік орны, салмағы, құрметі бар еді. Үлкенді сыйлаудың, кішіні аялаудың, ата мен бала, аға мен іні, ене мен келін, тағы да басқа әулет мүшелерінің қалыптасқан шекарасы болатын. Өкінішке қарай, бүгінде соның бірін таба алмайсың. Той-томалақта далақтап билеген ақсақал, арзан күлкіге ерік берген әжелердің желіккен қылығын желіден де, өмірден де көріп, түңілесің. «Ұят пен ар-намыс болуы керек қой» деп жағаңды ұстайсың. Қысқасы, адамдар арасындағы парық қалмай барады. Осындай істерден көңілің жүдеп жүргенде иманжүзді, қазақтың әдебі мен ибасын сақтап жүрген,  жүрекке жылылық ұялайтын жандармен  тілдескенде жаның жадырап қалады. 80 жасқа келетін Тоқтабала Нұрсапанова апамызбен әңгімелескенімізде  көңіл көкжиегіміз кеңіп, біздер де сондай ғажайып көңіл-күйге ендік. 

Апамыз әкесін көрмепті. Талай азаматтың өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысы Нұрмұхамбет Нұрсапановты да аман қалдырмапты. Әкесі соғысқа кеткенде анасының құрсағында қалған шақалақ содан бергі 80 жылды әкесін аңсаумен өткізіп келеді. Апамыз туып-өскен Жыланды ауылында әкеге сағынышын арқалап өткендер аз емес. Сол буынның бір артықшылығы – олардың дені үлкендердің тәрбиесін көріп, өнегесімен өсті. Тоқтабала апамыз да әжесінің тағылымын алды. Ауылдағылар Әлфия әжені құрметтеп,  Молда апа деп атап кеткен екен. 7 жасынан діни оқуды меңгеріп, бала күнінен жүрегі имандылыққа бейімделген абзал әже 1975 жылы 87 жасында өмірден өткенше Тоқтабала апамыздың қормалы да, қорғаны да болды. 
 Нұрмұхамбет атамыздың соғыстан оралмағаны Тоқтабала апамыздың шешесі Нұрлықанға жеңіл тимегені анық. Тұрмыстан тапшылық, жақындарынан қағажу көрмегенімен, өмір бойы жарынан хабар ала алмай аңсауын ішіне жасырып, көз жасын көрсетпей сүртудің өзі де оңай емес. Асыл сүйек аналар қиындықтың бәрін білдірмей өткізді. Нұрлықан апамыз 1982 жылы 71 жасында қайтыс болыпты.
Ол кездің балалары даланың бай табиғатына малтығып, таза ауасымен тыныстап өсетін. Сондықтан да жандары да, көңілдері де дарқан. Бүгінгідей асып-төгіліп жатқан дүние болмағанымен, жаз жайлау төсіндегі еркін өмір, қыс қыстаудағы берекелі тірлік тыныстарын ашатын. Бір уыс тарысы мен бір шыны талқанын шайға азық етіп, көл-көсір әңгіме айтып, сыпайылықпен сыйласып отыратын абысын-ажынның кеңпейілділігі де сол тұстағы балалардың барға қанағат, жоққа салауат ете білуінің  темірқазығы болды. Тоқтабала апа да сондай мерейлі ортада өскендіктен мейірімі тасып, берекесі асып тұратын өмір кешті. 
 Апамыздың есінен, 6 жасында апасы тігіп берген сөмкені арқалап, мектеп  табалдырығын аттаған, оны ойдағыдай бітірген күндер кетпейді. Одан соң Мұрат Шайжановпен отау құрып, өмірдің келесі белесіне қадам басты. Бірақ үйде қарап отырған жоқ. Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тамамдады. Одан кейін ауылдағы орта мектепте мұғалім болды. Ұлағатты ұстаздың аялы алақанының жылуы, мейірімді мінезінен қуат алғандардың бәрі бүгінде елге қызмет етіп жүрген ерен тұлғаға айналды. Мұрат атамыз сауда қызметінің тізгінін ұстапты. Бүгінде Жыланды ауылынан атағы алысқа кеткен кәсіпкер азаматтардың көптеп шығуының себебінің бірі ретінде олардың атаның азаматтық тұлғасына деген еліктеуін де атап өтсек артық болмас. Отағасы  1975 жылы 66 жасында мәңгілік мекеніне аттанып кетті. 
 Мен де ата мен әженің қолында өскендіктен, апалардың қасиетін жақсы білемін. Осы күнге дейін шешемнің атын атаймын. Үлкендердің бәрі бақилық болып кетсе де анам мені балам деп айтудан жасқанады. «Сені балам дейін десем, артымнан үлкендер қарап тұрғандай болады» дейді. Мен сенбеуші едім. Тоқтабала апамызбен әңгіме барысында дәл сондай жағдайға тап болдым. Апамыз өмірге 7 бала әкеліпті. Оның екеуін Нұрлықан әжеміз бауырына салып, ержеткізіпті. Оларды балам деп атай алмай  апа біраз қиналды. «Аруақтың алдында кінәлі болатын болдық қой», – деп бір күрсініп алды да, олардың аты-жөні мен жұмыстары жайлы айтып берді. 
 Мұрат атамыз бен Тоқтабала апамыз Күлсімхан, Марат, Бақытжан, Жанар, Бауыржан, Самат, Болат есімді 7 баланы өмірге әкеліп, қатарынан қалдырмай жеткізіпті. Бүгінде олардың бірі кәсіпкер, енді бірі ұстаз, құқық қорғау саласының майталманы, мемлекеттік қызметкер ретінде еліне, жұртына қызмет етіп жүрген атпал азамат, аяулы ана атанып, ұрпақ өрбітіп отыр. Күйеубалалары мен келіндері де құдайына қараған  жандар. Біздің шешелеріміз магистратура, докторантура бітірмесе де, олардың жан дүниесінің тазалығына еш нәрсе жетпейді. Осы күні баласын ата-енесіне жолатпайтын келіндерді көріп қаламыз. Ал бүгінде 80 жасқа келген Тоқтабала апамыз шешесі баққан балаларын «өз балам» деп меншіктенуден именеді. Бұл сыйластық, көңіл жарастығының көрінісі. Аналарымыздың осындай құндылығы мың өлген қазақты қайта тірілтіп отырды. Егер осы берекеміз қашпасын десек, қазақтың келіндері осындай апалардың жолын қуса, жаман болмасы анық. Оны қойшы, апамыздан 7 баладан тараған  немере-шөберелері нің санын да әрең сұрап алдық.  
Біз кері кеткендердің бәрін кешегі кеңестік дәуірге итермелеп, құтылуға асығамыз. Аталарымыз коммунистік идеологияның жетегінде жүріп те бізге имандылықты үлгі етіп кетіпті. Жасыратыны жоқ, сол кісілердің өңінен бір керемет нұр төгіліп тұратын. Жылы жүзіне тартынбай қарап, айтқан ақыл-өсиетін жадымызға сақтауға тырысатынбыз. Ата-бабаларымыз ежелден дінді жүрегімен, ділімен қабылдаған. Тоқтабала апамыздың әжесі Молда апамыз да басында айтқандай, 7 жасынан діни сауат ашып, 87 жасында өмірден өткенше өзінің иманын бойына сақтаған жан. Сол қасиет бала күнінен Тоқтабала апамызға да жұғысты болды. Ол кісі осы күнге дейін 6 рет (5 рет үлкен, бір рет кіші) қажылыққа барып, өзінің Алла алдындағы ең үлкен парызын атқарып келіпті. Қаржы және  басқа да керектерін балалары мен немерелері қамдағанымен, осындай сауапты сапарларға баруына апамыздың жүрегінің жылылығы, иманының беріктігі себеп болғаны сөзсіз.
Қазақты қазақ етіп сонау Еділден бастап Алтайға дейінгі  алып даланы ешкімге бермей  бізге жеткізген құдіретті күш, ол – ұлттық сана, ұлттық құндылық,  ұлттық тәрбие, бір сөзбен  тұжырымдасақ,  ұлттық менталитет.  Қазақты  қазақ ететін – тілі, ділі, діні. Халқымыздың тарихында барған жеріне балдай батып, судай сіңген, қосылған қосағына адал,  балаларының анасы, қартайған шағында күйеуінің  қамқоршысына, тіпті,  отбасы, әулетінен ары асып, халықтың анасына айналған Домалақ ана, Дәнегүл, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан, тағы да басқа шешелеріміз  бар. Мен Тоқтабала апаны сол аналарымыздың қатарына қосар едім. Тағы бір айта кетерлігі, апамыз немерелерінің қолдауымен жуырда тағы да кіші  қажылыққа аттанбақ. Сәт сапар болсын деп тілейміз.

Қ. ОМАРАҚЫН
Талдықорған қаласы