Қолдаушыңыз бір Алла

Уақыты: 29.11.2017
Оқылды: 1616
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Табанымда – жер бесік, шаңырағым – көк аспан,
Байтағыма бұрылып, бой түзеді адасқан.
Нұрсұлтанның қолымен көзін ашқан бұлақтар,
Шөлдегенге шапқылап шаттығымен жарасқан.
 
Күн шырақты жап-жарық, ынтымақты ел ордасы,
Жүз ғасырда бір туар жұрты сүйген Елбасы.
Салтанаты Саммиттің, Азиада алауы,
Бүкіл ғалам тамсанған бостандықтың олжасы.
Бабаларым баһадүр, жеріме еткен иелік,
Көкірегім шаттықтан күмбірлейді күй еніп.
Желге қарсы төс керіп, Мұзбалақтай зауладық,
Ұлы рухтың шалқыған шабытына сүйеніп.
 
Жетім қозы бермеуге жалаңдаған қасқырға,
Найзаласып нарықпен бөгет салдық тасқынға.
Қазақстан керемет, Қазақстан ғажайып,
Мың шаңырақ құйқылжып, бір шаңырақ астында.
Бұрынғылар көріп пе дәл осындай Күн, Айды,
Аруақтар да бір аунап, патшаға ырза сыңайлы.
Бір дұғасы ауылдың қабыл болса Аллаға,
Ең алдымен Елбасы амандығын сұрайды.
 
Азаттық та жоқ еді, Астана да жоқ еді,
Жиырма жылда қарыштап жүз жылға артты беделі.
Иншалла деп иіліп, иманыңды тасытып,
Ту етеді атыңды бүкіл түркі әлемі.
 
Екі дүниеге ізгілік керек дейді Құранда,
Сайлау деген самғау ғой сезгір сайыпқыранға.
Бауыр елдің дәл Сіздей сенетұғын кімі бар,
Таңдаушыңыз – халқыңыз, қолдаушыңыз – бір Алла.
 
Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА,
Қазақстанның Халық ақыны.