«Ақсудың Алтынсарині» атанған ұстаз

Уақыты: 09.05.2023
Оқылды: 2658
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Ақсудың Алтынсарині» атанған Бұғытай Айсеркенов соғыс жылдарында шені жоғары офисер ретінде Польшадағы Познань қаласының коменданты міндетін атқарды. Бұл жөнінде ақсулық ұстаз Хасен Құдайбергенов естелік жазған еді.

«Соғыста бірнеше елді мекенді жаудан азат етіп, дамылдаған бір сәтте  киім ауыстыру үшін кезекте тұрған едік. Үлкен ғимаратқа әскери формадағы үш адам кіріп келді. Үшеуінің де жоғары шенді офисер екені мундирінен байқалды. Біреуі бурят па, әлде, корей ме, ал екеуі орыс еді. Әлгі бурят деп тұрған кісінің бойы биік, денесі тіп-тік, келбетті. Бәрімізді жағалай қарап шығып, маған келгенде тоқтап қалды да, жақындап келіп: «Сен қай жақтансың?», – деп сұрады. Мен Қазақстаннан екенімді айтып едім: «Сен Құдайбергенов Хасенсің бе?», – деді қазақша. Сол кездегі  қуанышымды айтып жеткізе алмаспын.

Ол қазақтың даңқты ұлы  Бұғытай Айсеркенов  болып шықты. Мені өзі тұрған үйіне алып келді. Жуынып, киімдерімді ауыстырдым. Мен келді деп үстелге түрлі тағамдар қойғызды. Жат жерде жетімсіреп жүргенде қандасымды көріп бір жасадым. Қасымдағылар да содан кейін маған ерекше ықыласпен қарай бастады. Сөйтіп, бір қазақ екінші қазаққа сүйеу болды.

 Сол кезде ұрыстан шаршағаным сонша, алдыма келген асты талғамай жей беріппін. Шаршағаным өз алдына, қатты ашыққанымды сонда білдім.

Бірер күн бірге болдық. Соғыс туралы, ел жайлы, танитын майдангерлер туралы әңгімелестік.  Отанды қалай да қорғап қалу, жауды жеңу жайында сырластық. Кейін білдім, ол кісі сол Познань қаласының коменданты болып шықты. Соғыс кезінде қазақтың ондай шен алғаны некен-саяқ. «Мақтанса, қазақ мақтансын» деген осындайда айтылса керек» – дейді ұстаз естелігінде.

Бұғытай Айсеркенов соғыстан кейін мамандығы бойынша ұстаздық жұмыспен айналысады. Ол Ақсу ауданында мектеп директорынан бастап, аудандық оқу бөлімінің басшысы қызметіне көтеріліп, білім жүйесін абыроймен басқарды.  «КСРО оқу ісінің үздігі» атағын алғашқылардың қатарында алыпты.

Жеңіс мерекесі қарсаңында  елдің алғысына бөленген,  мерекені жақындатқан даңқты аға жайлы мақала жазбақшы ниетте деректер жинадым. Офисер жайлы мақала-естеліктер жазып жүрген  ақсулық ұстаз Фаруза Шөңкенова апайды іздеп тауып, ағаны қайдан білетіндігі жайлы сұрадым. «Немістер 1943 жылы Мәскеуді, Смоленскіні алу үшін бар күшін жұмсады. Аяусыз бомбалады, адам қаны өзен болып ақты дегенді әкемнен естігем. Сол шайқаста ауыр жарақат алған әкем Шөңке Мейренбаевты екі жауынгер үйге зембілмен әкелді. Ұзақ жыл соғыс жарақатынан жатып қалған әкеме Бұғытай аға зор қамқорлық жасап жүретін. Аяғың тоңбасын деп пима, үстіне жап-жаңа жылы киім әкеліп, киіндіріп кететін. – «Сен соғыстан аман оралдың, Отан үшін жаныңды аямадың, сені құрметтеу  біздің азаматтық парызымыз» деп көңілін аулайтын. Әкем соғыста аяғынан айырылып, контузия алған.   Анам Бижәмилә Мейренбаева  тылда еңбек етті. Егін суарды, арық қазды, бидай бастырып, арбамен Молалыға апарып, майданға астық жөнелтетін.     Мен 1953 жылы 7-класта оқитынмын. Ауылда орта мектеп болмағандықтан әкем мені  Бұғытай Айсеркенов ағаның үйіне тұрғызып, оқытты. Менің ойымша, сол кісінің тәлімін алсын деген сияқты.  Бұғытай ағаның отбасында 7 баласына қосымша інісі Бұғыбайдың 3 баласы бар еді. Олардың аналары да қайтыс болған. Нұрсалима тәтем  әкемнің туған қарындасы еді. Үй ішінде ерекше береке, тазалық, әр зат өз орнында, жарқырап тұратын. Балаларды кішіпейілдікке, еңбексүйгіштікке тәрбиеледі. Ағаның майдандас достары, әріптестері жиі қонаққа келетін, туыстары және бар. Үй шаруасын қалыпты ұстап, берекесін кіргізіп, сыйластықты сақтап, балаларға тәрбие беруде Нұрсалима тәтемнің үлесі  ерекше еді»,–деп еске алды Фаруза Мейренбайқызы.

 Фаруза апайдың айтуынша,  Бұғытай Айсеркенов өз ортасына сыйлы  адам болған. Ол көшеде  келе жатса көнекөз қария, ақ жаулықты ана, үлкен-кіші, бала-шаға жолын кеспей, өтіп кеткенше күтіп тұрады екен. Атпен келе жатса да, арбаның үстінде көрінсе де кез-келген адам тоқтай қалып, құрмет көрсеткен. Мектептегі  оқушылар, ұстаздар да қақ жарылып, ұстазға жол ашатын көрінеді. Бұғытай Айсеркенов Маман Тұрысбек мектебі жайлы  дерек жинап, аталған білім шаңырағының оқыту әдісін   бағдарламаға енгізген. Атақты Қарағаш мектебі жайлы  күнделік жазып, дерек-дәйектердің бүгінгі күнге жетуіне ұйытқы болған.

Ескі газет қиындысын тауып, ақын  Құдаш Мұқашевтің ұстаз Бұғыбай Айсеркеновке арнап шығарған «Азамат» деген өлеңін оқыдым.  «Азамат» деген өлеңінде ол:

 «Жарты ғасыр жеңіспенен жол өткен,
Ойлайды ол өзі емес, ұлы елін.
Сөйтеді де сөйлетеді кенеттен
Қажымаған, қуаты көп жүрегін.

Ауып кетсін белдеуліктен түн, мейлі,
Таң кеп сүйсін Алатаудың асқарын,
 Ол ұйқысыз, ол шаршауды білмейді,
 Сызып отыр жақсылықтың жоспарын», – деп ұстаздың еңбекқорлығын өлеңге қосады.

Адам құрметті сұрап  алмайды. Ол  білім-білігі, адамгершілігімен  ерекшеленген адамға көрсетілетін ізет.   Бүгінде Ақсу ауданының Ақсу ауылындағы өзі тұрған көшеге Бұғытай Айсеркеновтің аты берілген.

Жеңіс мерекесі қарсаңында аты мен ісі аңыз болған аға жайлы  естелік жазғанды жөн көрдік. Өмірі көпке үлгі аға буынның өмірлік ұстанымы ұмытылмауы тиіс.

Гүлжан Тұрсын
Суретте: Жазушы Ғабиден Мұстафиннің ақсулық мектеп оқушыларымен кездесуге барған сәті. 19.02.1962 жыл.
Сурет Бұғытай Айсеркеновтің қызы Бақыттың жеке архивінен алынды.