АРМАНЫМДЫ АСҚАҚТАҚАН ҚАЛА

Уақыты: 06.07.2023
Оқылды: 2274
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Қуаныш қосарланып жүреді» дегенді жиі естимін. Осы бір сөз жаныма жақын, өмірімнің бір бөлшегі секілді сезінемін. Олай дейтінім, мен дүниеге келген кез біздің отбасымыз үшін қосарланған қуаныш болды. Әсіресе ата-анам ерекше шаттанып, бақытқа бөленген шақ десем, артық айтқандық емес.


1998 жылы 10 маусымда дүниеге келдім. Әкем мен анамның аузын ашып сүйгені, көзін ашып көрген тұла бойы тұңғышы, алғашқы әке-ана атанған кезі. Дәл сол күні мен шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәтте біздің еліміз үшін өте айтулы мерекенің де шашуы шашылып жатыпты. Ол – Елордамыз Астана қаласының туған күні еді. Кейіннен 6 шілде Астана күні болып заңды түрде бекітілді. Дәл сол кезден бастап біздің отбасында қос қуаныш қатар аталып өтеді. Міне, жас жігіттің жалындаған шағы, нағыз ер-азамат болып өскен менің  25 жасымен Астананың 25 жылдығы да қатар келіп отыр. Тәй-тәй басқан кішкентай балалық шағымнан Астанамен бірге жасап, есейіп, түлеп, ержетіп жалындаған жасқа жеттім. Бас қаламыздың әрбір қаланған тасы менің өмірімнің баспалдағындай әсер қалдырады. Әр жылдың өз ерекшелігі бар, қуанышқа қуаныш еселеніп, жас қаламыз жаңарып, жаңғырған сайын мен де еңсе тіктеймін. 
Осы жылдар арасында Астана қаласы менің замандастарымның көз алдында дамып, әлем тамсанатын қалыпқа енді. Күллі жұрттың аңсары ауып, Астананы бір көруге асығатын дәрежеге жетті. Солардың қатарында мен де Елордаға табан тіреуге асықтым. Алға мақсат қойып, асқақ арман мен болашағымызды Астанамен байланыстырғанды жөн санадым. Әрбір бой көтерген зәулім сарайлар, оқу орындары, мәдени ошақтары бізді қол бұлғап шақырғандай әсер қалдырды. 

Астананың әрбір қуанышына бірге қуанып, шаттығын бірге бөлістім. Ержетіп, есейгесін бала күнгі арманыма қанат бітіп, Астанаға жол тарттым. Үлкен білім ордасының есігін имене ашқаныммен менің кеудемде ерекше қуаныш болды, қолымнан ұстап төрге сүйрегендей тылсым сезім алға жетелей берді. Бұл – Астананың маған деген құрметі, өзімен теңдей құрдасына сенімі, арманыма қуат сыйлаған сыйы деп түсіндім. Сол сәттен бастап мен бүгінгі күнге дейін Астананың тұрғыны атанып келемін. Асқақ қала талай қызықты сәттерімнің куәсі болды. Бал кезде қол созған зәулім сарайлар мен әсем де құлпырған көшелер бүгінде менің сырласыма айналды. 

Ширек ғасырда адам танымастай өзгерген Астананың болашағы зор, әлі де көркейіп, қанатын кеңге жайып, самғайтынына сенімім  мол. Бүгінгі 25 жылдық мерейтойымен мен де сүйікті қаламды құттықтағым келеді. Жаса, жайна, бас қалам, Астана! 

Абылай Болатханұлы