Үш арыстың жұбайы болған Фатиманың туғанына 120 жыл

Уақыты: 12.09.2023
Оқылды: 826
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жетісу жерінде есімі құрметпен аталуға лайықты жандардың бірі – Фатима Зейнуллақызы Ғабитова. 1903 жылдың күзінде, 14 қыркүйекте Қапал уезінде ауқаттылар отбасында дүниеге келіп, 1968 жылдың 6 қаңтарында өмірден өткен ол қазақтың біртуар ұлдары Біләл Сүлеевтің, Ілияс Жансүгіровтың жары, М. Әуезовтың сырласы және мұңдасы болғаны белгілі.

Фатиманың әкесі Зейнулла Ғабитовтің Қапал уезіне танымал саудагер, тасы өрге домалаған іскер азамат ретінде дініне берік, жақсыларға серік, төңірегіне көрік берген иманжүзді, ескіше сауатты, жаңалық атаулыға құмар зиялының қатарында болғанын көркем шығармалардан, үрім-бұтағының естелігінен білеміз. Өкінішке қарай, тым ертерек, Фатиманың туғанына 6-7 ай толар-толмастан қайтыс болған Зейнулла бабайдың артында 24 жасар сүйікті жары Ғайнижамал Жылқыбаева Рәзия, Мәрзия және Фатима атты үш қызды бауырына басып, жесір қалады.

Ғайнижамал ананың қыздары көркіне мінезі сай және білімді болып бойжетеді. Әсіресе, кенже қызы Фатима өжет, алғыр және қайсарлығымен ерекшеленіп, қатар құрбыларының арасында маңдайы жарқырап көзге түседі. 8 жасында қыздарға арналған орыс мектебінде оқыған Фатима жексенбі күндері татар мектебінен білімін толықтыруға уақыт таба біледі.

1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанған тұста Қапал өңіріне немістер, чехтар, т.б. ұлттар қоныс аударып келе бастайды. Қыздарының қамын ойлаған Ғайнижамал Мәрзия мен Фатиманы Франкфурт университетін тамамдаған, жоғары білімді маман Ида Карловна Кайзерге табыстайды. Бастауыш білімді өз анасы Ғайнижамалдан алған екі қыз Ида Карловнаның көмегімен неміс және француз тілдерін меңгеріп шығады. Анасы Ғайнижамал Ида Карловнаның ақылымен кенже қызының толық білім алуына басымдық береді. Нәтижесінде Фатима «Якобия» медресесінен соң татар жастарына жан-жақты білім берген «Хусаиния» медресесін үздік бітіріп, Қапалға қайтып оралады.

Тал шыбықтай майысқан жас мұғалім Фатима Ғабитова 1918-1920 жылдар аралығында Қапалдағы татар мектебінде және бұрынғы Тәнеке болыстың Үшінші ауылындағы мектепте бала оқытумен айналысады. Білімді әрі сымбатты татар қызына ғашық болған бай балалары аз емес еді. Көкірегі ояу, көзі ашық бойжеткеннің Біләл Сүлеевке көңілі толып, 16 жаста тұрмысқа шығады. Бұл 1919 жыл болатын. Матай ішінде Қаптағай, оның Дуан руынан шыққан Біләл Сүлеев сол кезде Ақсу аймағында ұйымдасып, жұмыс жасай бастаған кедейлер комитетінің төрағасы, білімі жөнінен алдыңғы қатардағы, оның сыртында аса ауқатты әулеттің ұрпағы болатын.

Шын мәнінде бақытты отбасының отағасы қызмет бабымен аз уақытқа Жаркентке, соңынан Алматыға ауысқанда Фатима ханым мұғалімдік қызметінен қол үзбейді. Олар 1920 жылы тұңғыштары Фариданы, 1924 жылы Жәнібек есімді ұл көреді. Білетіндердің айтуынша, балаларының атын әкесі өзі қойыпты. Біләл Сүлеев 1928-1929 оқу жылы басталғанда Ақтөбе облыстық білім беру басқармасының бастығы болып қызметке келгенде Фатима қаладағы №6 қазақ орта мектебінің мұғалімі болып еңбекке араласады. Өкініштісі, тұла бойы тұңғышы Фарида 1930 жылы кайтыс болып кетеді. Сол жылы қазан айында Біләл мен Фатима ауыр қайғыдан соң Азат атты ұл көріп, серпіледі. Содан көп ұзамай көрнекті ғалым, халық ағарту ісінің ұйымдастырушысы Біләл Сүлеев қамауға алынып, «халық жауы» деген қара таңба басылады.

1932 жылы Алматыға көшіп келген жарым көңіл келіншек Фатиманы тағдыр Ілекеңе – Ілияс Жансүгіровке жолықтырады. 8 жастағы Жәнібек пен 2-ге толар-толмас Азатты Ілияс асқан мейіріммен құшағына алады. Сөйтіп Ілияс пен Фатиманың бірге өткізген 1932-1937 жылдар аралығы қуаныш пен шаттыққа, махаббат пен шығармашылық жетістікке толы болады. Осы жылдарда Фатима Голощекин атындағы Қазақ коммунистік университетінде мұғалім, Қазақ КСР Халық ағарту комитетінің өнер, ғылым және әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін қатар алып жүрді.

Өзара бірлесіп, әдеби зерттеумен шұғылданған Ілекең мен Фатима құнды материалдарды өңдеуге, Шығыс фольклорын іздестіру мен жинауға ықыласты қатысып, қол жеткізген соны табыс пен жаңалықтар туралы мақалалар жариялап, аудармалар жасады. Ақын Ілияс Батыстың ірі ақындарын қазақша сөйлетсе, ұстаз Фатима қазақ тіліндегі еңбектерді орыс және татар тілдеріне тәржімалап, орыс тіліндегі шығармаларды қазақша және татарша сөйлетті. Осылайша жарық көрген Фатима Зейнуллақызының зерттеу мақалаларының ішінде Сәкен Сейфуллин жайында «Қазақ  халқының ұлы ақыны», «Ескі әдеби халықтық мұраларды жинау мен өңдеу», «Жаңа әліпбиге өту туралы» деген аса маңызды тақырыптар болды.

Ілияс пен Фатима құрған отбасы бес-алты жылдық ғұмырында үш бала көрді. Үлкені Үміт 1933 жылы, ортаншысы Ильфа 1935 жылы, ұлы Болат 1937 жылы өмірге келеді. Ұлы туғанда түрмеге түсіп, қасіретті күн кешкен ақын Ілияс Фатиманың өжеттігі арқасында баласының бетінен сүйіп, маңдайынан иіскейді. Бұл әке мен баланың алғашқы және соңғы кездесуі еді. Сөйтіп, бес баланы жетегіне алып, соңына ерткен жас ана Ілияс Жансүгіровтің тілеуін тілеп қала берді. Одан соң Алматыдан кетуге мәжбүр болған ақынның жары амалдың жоқтығынан Семейге қоныс аударады. Алматыға тек 1942 жылы қайтып оралған Фатима әлдекімнің көмегімен оқытушылық қызметке орналасады.

Алдымен Біләл Сүлеевтің, кейіннен Iлияс Жансүгіровпен отасқан Фатиманың үйіне тіміскілеп-тінту жиі жүргізілді. «Халық жауының» отбасы мүшелері күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалды. Ақырында, амалсыздан 1942 жылы Мұхтар Әуезовтің ақылымен Алматыдан көшіп, Жамбыл облысының Мерке ауылына, Мұхаңның осындағы туыстарына келіп тынышталады.

Меркеге келген Фатима әуелі мұғалім, кейіннен Калинин атандағы қазақ орта мектебінің директоры қызметін атқарды. Көпшілік қошеметіне бөленген үлкен жүректі ұстаз жасқану мен жабырқауды былай ысырып тастап, ішкі күйін еш жанға білдірмей еңбек етті. Ол Мерке ауданы мұғалімдер одағының төрайымына сайланып, осы ауылда тұңғыш орта мектеп ашуға себепкер болды. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруді қоғамдық жұмыстармен ұштастырған ұстаз-ана нәрестелі болып, 1943 жылы қаңтар айында өмірге Мұрат Әуезов келді. Бір қуаныш, бір қайғы деген рас. Сол жылы ақпан айында Смоленск түбіндегі қанды шайқаста 19 жастағы Жәнібек Сүлеевтің қазасын жеткізген қаралы қағаз келді. Бұл кезде Фатима 40 жаста, Азат 13, Үміт 10, Ильфа 8 және Болат 6 жаста болатын. Жәнібектің қазасы жанына қатты батқан ана Біләл мен Ілиястың адалдығына, тазалығына күмән келтірмей, күндердің күнінде ақ жамылып, қайта оралатынына сенді.

Өлшеусіз еңбегі бағаланған Фатимаға 1946 жылы Үкімет тарапынан «Бірінші дәрежелі аналық құқық» және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі үшін» медальдары тапсырылды. 1949 жылы Алматыға қайтып оралып, Есіккөл көшесіндегі №83 үйге тұрақтаған Фатима кәсіби мамандығына сай қызметін жалғастырды. Бұрынғыдай тінту мен тіміскілеу тоқтағанына қарап асыл ана бір жылымық болатынын пайымдайды. 1950 жылы зейнеткерлікке шыққан Фатима Зейнуллақызы сонау қиын-қыстау күндерде амалын тауып сақтап қалған Ілиястың жазбалары мен архивтегі мұрағатты қазбалап, әдеби мұралардың басын қосу мақсатындағы жұмысын жалғастырады.

50-ші жылдардың бел ортасынан асқанда қаламгерлер ақталып, үміті жанған Фатима алғашқылардың бірі болып Ілияс Жансүгіров шығармаларының жарық көруіне белсене қатысты. Ақын тұлғасын қаз-қалпына қайта келтіргендей еңбек сіңіріп, жаны жадырап, жүзінен нұр төгіліп шыға келді.

1965 жылы Ақсу ауданының Қызылтаң ауылында Ілияс ақынның 70 жылдық мерейтойының өтуіне Фатиманың сіңірген еңбегі зор болды.

Сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып кеткен Ілекеңнің атын ардақтап, мұраларын мүмкіндігінше жинақтап, осы заманға сый етіп ұсынған қайраткер, ілиястанушы, асыл ана, сүйікті жар, Қапал ауылының тумасы Фатима Ғабитова 1968 жылы 6 қаңтарда кенже қызы Ильфа Ілиясқызының қолында ауыр науқастан қайтыс болды. Көзінің тірісінде ұрпақтарына: «Мені Қапалға апарып жерлеңдер» деген көрінеді. Бірақ, әлдебір себептерге байланысты аманатты орындаудың реті келмепті.

Басынан қилы-қилы заман өтіп, өмірдің тар жол, тайғақ кешуінен шаршап-шалдықпай, сүрініп-қабынбай аттаған, қазақтың Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтай ұлыларының ұрпақтарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай қатарға қосқан білімді, қайсар, жігерлі, ержүрек татар қызы Фатиманың еңбегін асқан ерлік, теңдесі жоқ мықтылық деп мойындап, оған  лайықты сый-құрмет көрсетілсе Әділетті Қазақстанға тән шешім болар еді. Бұл ұлылармен тағдырлас асыл ана – Фатима Зейнуллақызының туғанына 120 жыл толуына сұранып тұрғандай.

Болат БИСҰЛТАНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Қапал ауылы 
Ақсу ауданы

Суретте (солдан оңға қарай): Азат СҮЛЕЕВ,  Фатима ҒАБИТОВА мен Саят ЖАНСҮГІРОВ.
(Сурет 1953 жылы түсірілген)