АДАЛДЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН

Уақыты: 14.09.2023
Оқылды: 922
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беруге бағытталған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясының берері мол. Аталған акция аясында биыл Төлен Әбдіктің шығармаларын оқу бекітілген.  

Жазушы Төлен Әбдіктің шығармашылығындағы шындық пен адалдық айрықша бедерленген. «Әке» повесінде ұлттық таныммен астасқан қазақы тәрбие, қарым-қатынас, құрмет пен мейірім, ықылас пен пейіл дараланып тұрады. 

Жазушы өз әкесінің өмір жолына үңіле отырып, ақ пен қызылдың қақтығысынан зардап шеккен, қолындағы тұяқты малын қоримын деп оққа ұшқан қазақтың зарын шертеді, мұңын қозғайды. Ұжымдастыру кезеңінде байлар жаңа дәуірдің талап-тәртібіне сенген қарапайым халықтың үмітін аяқасты етуге ұмтылғаны, танысы барлардың билікке қолы жеткен соң баршаны оспадарсыз қылықпен басынуы, адал жандардың қиянатқа ұшырап қыршынынан қиылуы, осының бәрі ұлтымыздың басынан өткен саяси қуғын-сүргін кезеңіндегі ащы шындықтың бір парасы ғана. Шығарманы оқи отырып  аштықтан қырылып қалған бір үйлі жанды іздеген бауырдың үнсіз өксігі, еті ағып кеткен сүйекті жинап, бір ақымға жерлеу үшін топыраққа қадалған күректің шақылы құлаққа естілетіндей. Ұжымшардың іргетасын қалауға аянбай үлес қосқан жандарды НКВД жендеттерінің әкетіп, із-түзсіз жоғалуы, түрмеге кеткен бауырдың артынан іздеуге кеңестік идеологияның қанды қылышынан қаймыққан жұрт, мал басының молдығына мастанған байларды қайыршыға айналдырған кәмпескенің кесірі, бидайдың масағын теріп, баласына дән тасыған ақ жаулықты аналардың жанкешті тірлігі, Екінші дүниежүзілік соғыстың килігуі – осының бәрі повесть кейіпкері Сейсеннің басынан өткергені, көзімен көргені, тұла бойымен түйсінгені. Ағасы Дүйсеннің елдің қамы үшін еңбектеніп, өзі қатарлы кедейлердің басын біріктіріп, шаруашылық құрғаны, ұжымшардың жерін суару үшін тоған салдырғаны, өзен суын байлаған бөгеннің басын күзеткен тағы бір бауыры Қапсаттардың қаза табуы, үлкен ағасы Әпсаттардың әйел, бала-шағасымен айдалада аштықтан қырылуы, атты казактардың оғынан өлген үлкен бауыры Нұржанның қазасы Жармағамбеттің бес ұлынан тірі қалған Сейсенді ширықтырып, өмірге деген құлшынысын арттыра түседі. Өз кіндігінен тараған екі ұлдың үлкені Ермектің артынан келген қара қағаздың зары кемпірі екеуінің ендігі үміті Сайлаудың амандық-есендігін мойындарына бұршақ салып тілейтіндей күйге жеткізген. Алматыға оқуға аттанған жалғыз ұлды қатысқалы тұрған жарысынан жеделхатпен шақыртып алған қарт ата-ананың қарайып көрінген қара баласына көз бен тіл тиюден сақтанып жүруді, үздік оқымай-ақ орташа бағамен университетті бітіруге де болатынын ескертуі қазақы таным-түсініктің белгісі. Осындай өмір сүрген жандардың ұрпағының амандығын сұрауы – отбасы құндылығына адалдықтың айқын үлгісіндей әсер қалдырады.

Хал үстінде жатқан қарт Сейсеннің хәлін сұраушылардың әрқайсысына тән мінез-құлықты мұқият қадағалап, ғұмыр жолынан қызықты деректерді әңгімелеген жазушы құрдастар қалжыңын, қағытпасын назардан тыс қалдырмайды. Малды ауылдан келіп, мектепке кірген әкенің ұлының сабағына қатысып, мұғалиманың аты-жөнін, жұбайының тегін, сыныптастарының ата-анасын анықтағаны, әр балаға бөлекше тоқталып, күлкілі сөздермен қыжыртқаны, ақырында өз ұлын еркелеткен қылығы тыңдаушы мен оқушыны қызықты сәттің шуағына шомылдырып, риясыз күлкіге жетелейді.

Әрбір адамның уақыты өлшеулі. Сағаты таусылғанда жан тапсырып, бала-шағасын аңыратып кете барады. Осылайша шыр етіп дүниеге келген пенде атаулы тал бесік пен жер бесіктің арасында азды-көпті қызық көріп, ұрпақ сүйіп өтеді. Оны қазақ «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп атаған. Повесте ағайын-туыс, бала-шағаның ортасында, ақ төсегінде жатып өлім құшқан Сейсенді аттандырудың қазақы салт-дәстүрі суреттеліп, әркім өзіне жүктелген міндетін атқаруы сипатталған. Қаршадайынан бірге өскен құрдасы Өтеген марқұмның көзін жұмып, бағын байлаған соң 40 шақырым жерден сойыс малын әкелуге аттанады. Салт атпен жолға шыққан қарт малшы қайтарында айналма жолмен емес, жауған жауынға қарамастан өзенді кешіп өтеді. Түнделетіп, төтелетіп жеткен жанның құрдасы үшін қауіпті жолдан тайсалмай өткен әрекеті марқұмға деген адалдықтың, құрметтің айқын үлгісіндей. Бұл әдет ауылды жерде әлі де табылады. Адамдықты адалдықпен, шынайылықпен, жанашырлықпен өлшеген қазақы дүниетаным осындай болса керек.

Хош, сонымен бір адамның өмір жолы арқылы бүкіл бір әулеттің, бір аймақтың тарихын, тартқан азабы мен көрген қызығын әңгімелеген Төлен Әбдіктің «Әке» повесі бақилыққа аттанған Сейсен марқұмды жерлеудің, қайғы түскен әйел, бала-шағасын жұбатудың қазақы жолын көрсетумен аяқталады. Шығарманың шырқау тұсы қайғының қалай кететінін, қалай тарайтынын тәптіштеген ауыз әдебиетінің бір парасын жырлап, ауылда тұрып, шалғайға жырақтап кеткендердің туған жеріне оралуы фәни өмірден бақиға аттанудың қамын ойлағандықтан екендігін түйіндеуімен аяқталады. Бұл жазушының ұлттық жоралғыға, әдет-ғұрып, салт-дәстүрге адалдығы болса керек.

Гауһар ТАУКЕБАЕВА,  
С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының
«Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған» бөлімінің меңгерушісі