Жігерлі жүгеріші

Уақыты: 24.09.2023
Оқылды: 963
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Егіншілікті кәсіп етіп, дала өндірісінен Отаны мен отбасын берекеге бөлеп жүрген байырғы диқандар ортамызда аз емес. Жаркент қаласында тұратын Әзікен Кәріпжанов солардың бірегей біліктісі. 

 

Бұлай деуге оның жоғары білімді агроном, саланың білікті басшысы бола білген кеңес кезеңіндегі айшықты еңбек жолын айтпағанда, бүгінгі ауылшаруашылығы өндірісіндегі түйткілді проблемаларды қозғап жүрген қайсарлығы негіз болмақ. Ол ауданда, облыста, республикада өткен талай ауылшаруашылығының алқалы жиындарында егін суаратын су жолдарын жөндеу, егіншілерге өте қажет тыңайтқыш, жанармай, тұқым бағасын арзандату мен жеңілдетілген несие, субсидия беруді жүйелеу мәселелерін көтеріп, оның жергілікті жерде жүзеге асуын талап етіп жүрген жігерлі жан.

Ол кезінде аудандағы шаруашылықтарда агроном, бас агроном, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, тұқым сұрыбын сынау мекемесінде директор қызметтерін абыроймен атқарды. Бұрынғы шаруашылықтар түгел тарап, жекеменшіктің желкені желпілдеген 2000 жылы ол жеке шаруа қожалығын құрып, жүгері өндірісімен шұғылданды. Әзікеңнің жетекшілігіндегі «Құралай» ЖШҚ жыл сайын 83 гектар жерге жүгері, 37 гектарға жоңышқа егіп, одан мол өнім жинап жүр. Қосымша қожалықта қой өсіруді де қолға алған. Меншігінде жер жыртып, тұқым себетін тракторлары мен жүгері өнімін жинайтын комбайндары, басқа да жер өңдейтін, шөп шабатын техникалары бар. Жасы 80-ді алқымдап қалса да қажу дегенге мойынсұнбайтын қария жүгері жинау науқанына тыңғылықты әзірленіп отыр.

 – Биыл таудан су кеш келді. Соған байланысты көктемде егіншілердің көбі жүгерісін кеш екті. Өңірде жүгері жинау әдеттегіден кеш басталуының сыры осында, – дейді Әзікең.

Тағы бір проблема комбайн жүргізетін тәжірибелі механизатор тапшы. Олардың көбі далада шаң қаппайтын, жалақысы жоғары қытай техникаларын жүргізуге құмар. Жаз бойы егінін 3-4 мәрте суарып, алқабына тыңайтқыштарын жеткілікті мөлшерде сіңірген аталған қожалық жақында жүгері жинауға қызу кіріспек.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы