Ырысы тасыған әулет

Уақыты: 24.09.2023
Оқылды: 1132
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Халқымыз ғасырлар бойы төрт түліктің сүті мен етін азық етіп, терісінен киім-кешек тігіп, жүнінен үй киіз басып, көрпе сырып, сүйегінен неше түрлі әсемдік бұйым жасады. Дегенмен, жаз жайлау, қыс қыстауда мал өргізген шаруаның бетпе-бет келетін қиындығы да аз емес. Тек соған төзе білген жандар ғана шопан деген құрметке, атаққа ие болады. Біз сөз еткелі отырған Алтынхан Қайранова биыл 81 жаста, зейнеткер, «Алтын алқа» төсбелгісі, «Еңбек ардагері», медалі  ІІ  дәрежелі «Ана даңқы» орденінің иегері. Ол мұндай атақтарға көңіл жықпастықпен жеткен жоқ. Адал еңбегі мен маңдай терінің арқасында ие болды.

Алтынхан Қайранова 1944 жылы Алакөл ауданының Жайпақ ауылында дүниеге келген. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан шопандық қызметті атқарып, қажырлы еңбегінің арқасында бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагер ана.

– Біздің бала кезіміз соғыстан кейінгі қиын кезеңге тұспа-тұс келді. Күйреген шаруашылық пен бүлінген тағдырларды түзеу үшін үлкендер таяғына сүйеніп жүріп тынымсыз еңбектенді. Сол жылдары ержеткен біздерде балалық шақ деген болған жоқ. Үлкендермен бірге ауыл тірлігін түзеу үшін қолымызға күрек, айыр, шалғы ұстап еңбекке араластық. Мен өскен ауыл отарлап қой, табындап сиыр, үйірлі жылқы өсірген кеңшар болғандықтан күні бойғы тіршілігіміз үлкендерге көмектесе жүріп, төрт түлікті өсірудің қызығы мен шыжығының ортасында өтті. Сол жолда табандылықты, ұқыптылықты, бір беткейлікті үйрендік. Қиындық көргенімізбен еңбекке деген құштарлығымыз мол еді. Сол қасиет күні бүгінге дейін жетелеп жетті. Денсаулығымыз мықты болды. Балаларымызды да еңбекпен өсіріп, елге қызмет еттірдік, - дейді кейуана.

6 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген Алтынхан апа балаларынан 20 немере, 31 шөбере сүйіп отырған жайы бар. Олар әр салада қызмет етіп, елінің өркениетіне, туған жерінің түлеуіне үлес қосуда. – Әулеттің берекесі де, мерейі де ата жолын қуып, алдыңғы буынның   тапсырған аманатын адалдықпен атқаруда деп түсінемін. Бала күнімізде әкем мен шешемнің тәрбиесінде еңбекке құштар болып ержеттік. Мектепте де жақсы білім алып, біліктілік жолында құлшындық. Бірақ үйлі-баранды болып, ес тоқтата бастаған соң әкеміздің жолын қуып, солардың мұратын кейінгі буынға жеткізу үшін шаруашылық жұмыстарына бел шеше кірістім. Қазір сол таңдауымның қате болмағанын сезіп жүрмін. Өйткені, атакәсібімізді ардақтап, шаруашылығымды дөңгеленттім. Қаншама ауылдасыма көмегім тиіп, кәсіп ашып, нәпақа табуына жөн көрсеткенімді айтпай-ақ қояйын. Енді осы жұмысты балаларымыз ары қарай жалғастыратыны анық, – дейді апамыздың үлкен ұлы Сәкен Әбілқасымұлы.

Алтынхан апаның келіндері де текті жерден шыққан, үлкенге ізетті, кішіге қайырымды. Бүгінде алтын құрсақты анамыз үлкен ұлы Сәкен мен келіні Күлжібектің қолында. Әсілінде, қазақтың салтында қара шаңырақ кенже ұлға қалуы керек. Бірақ Алтынхан апаның басқа балалары әртүрлі мамандық игеріп, ауылдан алыстап кетсе, атакәсібін жалғастырған Сәкені қара шаңырақтың иесі атанып отыр. Қашанда қара шаңырақтың қадірін сол үйді ұстап отырған келінге де байланысты болатыны белгілі.

Апамыз 80 жастан асса да әлі жер таянып отырған жоқ. Мал жайғап, үй шаруасына араласпаса да құрақ құрап, көрпе тігеді, ұршық иіріп, киіз басады. Өнерін немерелері мен шөберелеріне үйретіп отырады. «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» дегендей, әжелерінің тәрбиесін көрген жастар да шетінен он саусағынан өнер тамған шебер, өнер, білім жағынан да қатарластарынан мойны озық.

«Жазды күні бұл үй ду-думанға бөленіп жатады» дейді Алтынхан апаның көршілері. Бүгінде алдыңғы буынның ізгі қасиеті немере-шөберелеріне беріліп, олар да жазғы, қысқы демалыста егістік пен мал жайғауға көмектесіп, адал еңбекпен ас табудың қадір-қасиетін бала жасынан меңгеруде. Айта кетерлігі, биыл Қайрановтар отбасы «Мерейлі отбасы – 2023» Ұлттық байқауының Жетісу облысы бойынша жеңімпазы, республикалық байқаудың лауреаты атанды. Бұл да еңбекпен келген жетістік.

Қажет АНДАС
Жайпақ ауылы
Алакөл ауданы