ЖАС ҰСТАЗДЫ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 23.09.2023
Оқылды: 880
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мектептегі біліммен рухани көшке тың серпін беріп, өзгеше бағыт ұстанатын мұғалімдер қауымы. Бүгінде мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында бірқатар іс атқарылып жатыр. Ал жас мұғалімдерге деген қолдау қандай? Талдықорғандағы №29 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерден Нұрахметпен оқулықтар жөнінде әңгімелестік. 

– Бүгінгі оқушы бірінші кезекте нені білуі керек, жас ұстаз нені ескеру қажет? 

– Мектеп табалдырығын аттаған оқушы бірінші құндылық – тәрбиені жетік меңгергені дұрыс. Ғұлама ғалым, әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби айтып кеткендей «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Ал жас ұстаздар өздерін әрдайым жетілдіріп, заман талабына сай заманауи технологияларды қолдана білуі тиіс.

–  Өзің оқыған оқулық пен  бүгінгі кітаптардың айырмашылығы бар ма?

– Біз оқыған оқулық жүйелі жазылған болатын. Барлық тапсырма ретімен  ұсынылып, бірізге келген еді. Ал қазір мұғалім өзі алдын ала дайындап, тапсырмаларды ретке келтіріп, өзі жүйелейді. Қазіргі оқулықтың бір кемшін тұсы осында деп ойлаймын.

– Жас ұстазға қандай қолдаулар қарастырылған? 

– Мектепке жұмысқа орналасқан мұғалімге алғашқы қолдау ретінде тәлімгер тағайындалады. Ол тәлімгер бір жыл көлемінде жас маманмен жұмыс істеп, баулиды. Одан бөлек, қасындағы әріптестері қолдау көрсетеді. Шын мәнінде мектептегі тәжірибесі мол ұстаздардың қолдауы жас ұстазға ауадай қажет. Негізгі көмек әріптестерінен болуы жас маманның шыңдалып шығуына септігін тигізеді. Ал егер кері байланыс орнамай, қамқорлыққа алып, тәлімгерлікпен, білгенін үйретпесе, мектепке келген жас ұстаздың меселі қайтып, болашақта жақсы мұғалім болып шығуына кедергі болатыны анық. 

Шынайы мұғалім ұстаз деген образдың қандай екенін жақсы түсінеді. Мысалы, жас мамандарды көбінесе жұмыстан шығарып жатады. Оған мектеп  тарапынан  тағылатын басты   айып – сабағын дұрыс өткізе алмау. Тәжірибе жылдар бойы жетіле беретінін ескерсек, жан-жақты қолдау әркімге керек. Сонда ғана білікті маман тәрбиелеп шығара аламыз.

– Мұғалім мәртебесін өсіру мақсатында көптеген іс атқарылуда. Бұл ұстаздар қауымына әсер етіп жатыр ма? Мәртебе көтеру жолында ескерілмей жатқан қандай іс бар? 

– Мұғалім мәртебесін көтеру жолында ескерілмей жатқан бірінші мәселе – зейнет жасы. Әскерилер секілді мұғалімдер де 25-30 жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығуы керек. Біріншіден, мұғалім жүйкесі тынышталып, еңбегінің зейнетін көреді. Екіншіден, жас мамандардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік жиілей түседі. Одан кейін материалдық-техникалық база. Мектеп керекті құрал-жабдықтармен толық жабдықталған болса, мұғалімнің де жұмысына шабыт береді. Тағы бір айта кететін мәселе – аттестация. Жыл сайын өзгере беретін аттестацияны бір жүйеге келтіргенін қалаймыз. 

– Әдебиет мұғалімі есебінде оқулыққа енуге лайықты, бірақ кітапқа кірмеген қандай ақын-жазушылар бар деп есептейсіз? Оларды қай шығармасы үшін кіргізуге болады? 

– Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көші» мен «Дарабозын» және Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» романдарын енгізу керек деп ойлаймын. Жоғары сынып оқушылары үшін бұл шығармалар ұлттық көзқарас пен тарихи сананы қалыптастыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ, әлем әдебиетінен қазақ тарихына байланысты жазылған Жюль-Верннің «Патша шабарманы» романын да міндетті түрде енгізу қажет. Себебі, Кенесары хан бейнесі сомдалатын бұл романның оқушыға берері мол. Сонымен қатар, оқушыларға ұлттық бояуы қанық, ел мен жер туралы  және азаматтық позицияда жазылған өлеңдерді жаттату керек деп ойлаймын. Бір айда бір өлең жаттатқызатын болсақ, оқушы мектеп бітіргенге дейін 99-100 өлең жатқа біліп шығады екен. Ал біз сол 99-100 өлеңді таңдап алып, әр сынып оқушысына жас ерекшелігіне сай жаттатқан дұрыс. Бұл менің жеке пікірім. 

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Серік ҚАНТАЙ