Парасат пен пайым

Уақыты: 24.09.2023
Оқылды: 843
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Елдік мүддені басты нысана тұтатын тұлғалы азаматтармен кеңесе қалсаңыз мерейіңіз өсіп, өмірге деген құштарлығыңыз еселенеді. Бала кезден алдымыздағы атпал ағалар сапындағы Болат Есенғалиұлы Молдабековпен қашан дидарлассаңыз да ертеңіміз жайлы келелі ойларымен бөлісіп, көңіл көкжиегіміздің кеңейе түсуіне игі ықпалын тигізеді.

Ақтоғай орта мектебінде мұғалім болып еңбек жолын бастаған Болат ағамыздың қызмет бабындағы өсу жолына қызыға қарап, өкшесін басып келе жатқанымыз көпке аян. Апайым Бәдижамал Қызылорда педагогикалық училищесін бітіріп, Ақтоғай орта мектебінде оқытушы болып жүрген жылдары жас мамандар Болат аға мен Жамбытай әпкеміз үйімізде жиі болатын. Аузын ашса жүрегі көрінетін Шәмшия анамыздың қашан болсын тәтті шайы мен ақжарқын пейілі дайын. Дастарқан басында өткен-кеткенді айтып, дос-жар пейілмен ақтарылып отыратын жарасымды жұпты анамыз туған балаларынан кем көрмеді, біз де аға тұтып соңынан ердік.

Немістің ұлы ақыны Генрих Гейнеден «Өткен өмір – адам жанының отаны» деген ұлағатты сөз қалыпты. Шынтуайтына келгенде өмірді отанындай сыйлаған адам ғана ішкі әлемінің көкжиегін кеңіте береді, рухани байлығын байыта түседі. Парасат-пайымын байыту, кісілік тұлғасын биіктету, бабалар даналығын, аға буынның озық ойларын санаға тоқу, рухани қазынасын толтыруға талпыну, оған өз тәжірибесін үстемелеп, кейінгі ұрпаққа сәтімен табыстаудың қамын ойлау, болашақ үшін құнды іс тындыруға үлес қосуға ұмтылу Болат ағамызға тән.

Осыдан 75 жыл бұрын Лепсі елді мекенінде кіндік қаны тамған Бөкең топырағы – ыстық, самалы – саумал, жусаны – дәру ескі Бөрлітөбе аумағының ой мен қырын бағалайды. Оның адамдарын сүйеді. Тарихына тағзым жасап, бүгіні мен ертеңіне алаңдайды. Жуырда кездескенде осыдан 90 жыл бұрын іргесі қаланған Бөрлітөбенің бел-белестерін әңгімеге арқау етіп, ілгері-кейінде қызмет атқарған әріптестерін еске алды. 

– Жас кезімізден тағдырымыз туған жерге байланды, өскен ел туралы деректерге, оның ішінде туған топырағымызға қатысты мағлұматтарға құлағымыз түрік жүрді. Қай пенденің болмасын кіші отаны – жалқы, дара, ұлттық рух сол дара ұғымға байланады, – дейді Болат Есенғалиұлы.

Бөкеңнің туған жер жайындағы таным-пайымы тереңде. Аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі бұрынғы хатшысының өз саласы бойынша мамандардың аты-жөнін жаңылыспай айтқаны таңдандырмай қоймайды. 

– Жетісудың жеті өзенінің үшеуі (Ақсу, Лепсі, Аягөз) Балқаш көліне құйып жатқан өлкенің табиғаты керемет. Бұл өңірде жиде, тораңғы, ну қамыс, ши, изен, жусан, шеңгел, алабота өседі. Ауа райы күрт құбылмалы. Жазы ыстық, қысы суық болып келеді. Солтүстік-шығыс пен оңтүстік-батыстан соғатын Ебі, Сайқан желі бар. Кейбір жылдары болмаса қар қалың түспейді, мал негізінен жыл бойы жайылып шығады,– дейді қазына кеуде ағамыз.

Ауданды өнері өрісті, әдебиет пен мәдениеті өркендеген өлке деп бекер айтпаса керек. Бастауын Құл, Тұрлы, Апырбай, Тәжібала, Қайырбектің Мақсұты, Рахмади, Айтқали Жабықбаевтардан алатын өнерді кейінгі ізбасарлар жалғастырып, республикаға паш етті. Солардың басында республика әнұранының авторы, композитор, СССР халық әртісі Мұқан Төлебаев тұр. Композитордың «Біржан – Сара» операсы осы Бөрлі жерінде дүниеге келген. Мұқанның өнердегі ізбасары уақытында Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, СССР халық әртісі, Еркеғали Рахмадиевті айрықша атауға болады. Әдебиетте жазушылар Мұқатай Иманбаевтың, Асылбек Әлсеровтың өзіндік ізі бар.

Ел үшін басын оққа байлаған, қазақтың басын біріктіруге көп күш жұмсаған Абылай хан туралы опера Бөрлі жерінде, Балқаш көлінің басында жазылды. Бөрлітөбе өңірінен, жоғарыда аттары аталғандардан басқа, Қазақстанға еңбегі сіңген артистер Сара Тыныштығұлова, Кеңес Бақтаев, Бекен Жылысбаев, Ғалым Сүлейменовті атап өткіміз келеді. Аудан оркестрін құруда көп еңбектенген «Отырар сазы» ансамблі дирижерлерінің бірі Жамағат Темірғалиев, жергілікті сазгер Құдыш Адамбеков, ел құрметіне бөленген әнші-ұстаздар ерлі-зайыпты Өмірәлі мен Әлия Құрманғалиевтар аудан мақтанышы болғанын ешкім де жоққа шығармайды.

Ауданның мәдениет саласын Меңкен Тұмарбаева, Болат Мұқышев, Серік Әбдіхамитов, Саят Тастамбаев, Рахмет Есдәулетов сынды басшылар басқарды. Жалпы, Бөрлі аумағы өнерге бай орта. 

Аға әңгімесінен түйген естеліктің бір парасы осы.

Біздің кейіпкеріміз 1948 жылы қыркүйектің 18-інде Лепсі стансысында туған. Еңбек жолын Матай стансысында теміржол саласында бастаған ол әскер қатарынан оралған соң Семей педагогикалық институтына оқуға түседі. Ақтоғай стансысында мектеп мұғалімі, 1977-78 жылдары Бөрлітөбе аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып, үлкен өмірге қадам басқан Болат Есенғалиұлы ұдайы өзін-өзі жетілдіруден танбаған, үйренуден жалықпаған азамат. 1978-83 жылдары Бөрлітөбе аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі сынды қызмет баспалдақтарынан өткен оның 1983-86 жылдары Бөрлітөбе аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланғаны әріптестерінің әлі жадында.

Болат аға Сарқан ауданы, Талдықорған қаласының құрметті азаматы. ҚР ІІМ құрметті ардагері, ҚР заңгерлер одағының мүшесі, Жетісу университетінің құрметті профессоры, жиырмадан аса медальдің иегері.

1987 жылы Алматы жоғарғы партия мектебін, 1988 жылы Мәскеу қаласындағы Ішкі істер министрлігінің академиясын бітіріп, 1988-91 жылдары Талдықорған облыстық ішкі істер басқармасының қоғамдық тәртіпті қорғау бөлімінің бастығы, 1991-95 жылдары облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, 1995-97 жылдары Мемлекеттік тергеу комитетінің Талдықорған облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары, 1997-2003 жылдары облыстық «Отан» (ДОСААФ) комитеті төрағасының орынбасары, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің аға оқытушысы болды.

Болат ағамыз жеке өмірінде де бақыттың бағасын бағалай білді. Орнықты отбасының отағасы атанды. Зайыбы Жамбытай апайымыз Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, ұзақ жыл білім саласында абыройлы қызмет атқарып, еңбегінің зейнетін көруде. Бүгінгі таңда екеуі Алмас, Айдын, Әлішер атты балаларынан өрбіген немерелерінің қызығын көріп, шөбере сүйіп, келін жұмсап отырған салиқалы ата-әже.

Болмысы қарапайым, көргені көп, көңілге түйгені ұшан-теңіз, талпынысымен, біліктілігімен қашанда көшбасынан көрінетін үлгі тұтар ағамыздың ғұмыр жасы ұзақ болсын дейміз біз.

Жомарт ИГІМАН