МАЙТӨБЕІҢ САҢЛАҒЫ, ЖАННАТ ӨЛКЕ АРДАҒЫ

Уақыты: 01.10.2023
Оқылды: 935
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Баяғының сал-серісі» деген сөзді ести қалсам, көз алдыма Орысбай ағамның әз бейнесі оралады. Иә, ол кездің ардақтыларының да тұлабойы табиғаты осы ағамның жарқын болмысынан оншалықты асып кете қоймаған болар деп ойлаймын.

Орекең жайында сөз болғанда ағамның «Жетісу» газеті редакциясының кең кабинетінде ән салып отырған кезі көз алдыма келеді. Ондайда кабинеттегілер ғана емес, атшаптырым дәлізде жүрген, өзге кабинеттерде отырған журналистер де демдерін іштерінен алып тына қалар еді. Түрлі шаруаларымен редакцияға бас сұққан келушілердің таңданысы өз алдына бөлек әңгіме. Балға үймелеген арадай болып әп-сәтте жинала қалған әріптестер жақсы ән тыңдап қана қоймай сол әннің авторы мен шығарманың тарихы, сол дәуірдің дәстүр-салты жайында мазмұнды әңгіме де тыңдап қайтатын.

Жалпы кез-келген мекемеде жұмыс уақыты кезінде ән айтып, күй тартып, көпшілікті шаруасынан алаңдатуға болмайтыны белгілі. Мұндай жазылмаған ереже газет-журнал редакцияларында да қалыптасқан. Әйтсе де ондай талап Орысбай сияқты өнерпаз ағаларымызға қойылмайды. Тіпті ол кісіге арнайы қолқа салып ән айтқызатын, арғы-бергі әңгімеге жетелеп сөзін тыңдағысы келіп отыратын інілері көп болатын. Содан кейін де кабинетінің бір бұрышында бұл жерде нағыз қазақтың отыратындығын білдіріп үкілі домбырасы тұратын. Сол кабинеттен осынау қасиетті ұлттық аспабымыздың жан дүниеңді тебірентіп жіберетін сазды үні дәйім шығып тұрар еді.

Ағамыздың қазақшылығы домбырамен, әнмен ғана шектелмейді. Қай жерде, қай кезде болсын ұлттық салт-дәстүр жайында әңгіме қозғала қалса, ондай әңгіме Орысбай ағамызсыз түйінделмейді. Торқалы той мен топырақты өлімде жайылған дастарқан да көп ретте ақ батасымен басталып, ізгі тілегімен бастау алып жатады.

Жамбыл ақын ауылында 1939 жылы дүниеге келген жас дарын мектептен соң Ұзынағаш ауылындағы училищені түгесіп, еңбек жолын механизатор болып бастаған екен. Жазғандары сол кезден аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жариялана бастайды.

ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіргеннен кейінгі журналистік жолы «Балдырған» журналынан бастау алып, одан кейін «Лениншіл жас» газетінде 11 жыл бойы қалам тербепті. Шығармашылық жұмысы «Жалын» мен «Жеті жарғы» баспаларында жалғасып, 1997 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетіне мәдениет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі қызметіне орналасады. Жемісті қызметі үшін әр жылдары «Баспасөз үздігі» төсбелгісімен, Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталып, Журналистер одағы мен Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Алматы облысының Құрметті азаматы атанған.

Палуан

Жастық шақтың әсері естен кетер ме? Қайта уақыт өткен сайын санаңда жаңғырып, бояуы қанығып, жайнап, жасаңғырай түсетіндей. Содан кейін бе екен, Орысбай ағамның алғаш көргендегі бейнесі осы күнге дейін көз алдымда тұрады.

Иә, алғаш рет ағамыздың өзін емес, спорттық лыпамен тұла бойымен түскен суретін көрген едім. Кітаптан тамашалаған грек атлеттерінің шиыршық атқан денесінен бір аусашы! Бұлшық еттері білем-білем, қыран қабақты апайтөс азамат бір сәтке көзіме күш атасы Қажымұқанның өзіндей болып елестеген. Содан кейін де Олжабай досымыздың: «Орысбай ағам мықты ақын, журналист қана емес, асқан палуан да ғой», – деген мақтанышына «Расында солай екен» деп бас шұлғыған болатынбыз.

Олжабай демекші, өткен ғасырдың сексенінші жылдары Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетіне қызметке тұрғанда Орекеңнің бауыры Олжабай Әбділдаевпен бірге жұмыс істедік. Аңқылдаған ақкөңіл азаматпен жанымыз бірден жарасып, жастық шақтың небір қызықты шақтарын бірге өткіздік. Нағашыбек Қапалбеков басқаратын басылымда Жолдасхан Құрамысов пен Сейітхан Молдахметов, Талғат Сүйінбаев, Есенқұл Жақыпбеков, Рәтбек Терлікбаев, Манарбек Ізбасаров, өзіміз сөз етіп отырған Олжабай Әбділдаев тәрізді сайдың тасындай талантты азаматтармен қоян-қолтық еңбек еттік. Осындай дарынды азаматтар қызмет істеген басылымның ол кездегі беделі де биік болатын.

Олжекеңмен әзіліміз де, жанымыз да жарасып, отбасымызбен жақын араласып кеттік. Ол кездегі әңгімеміздің дені газет, өлең, өнер жайында өріс алатындығы белгілі. Ондайда Олжабай досымыздың әңгімесі «Менің Орысбай ағам...» деп басталады. Жаңағы суретті де досымыздың отбасылық альбомынан көргенбіз. Сондай кездері «Қалың көпшілікке белгілі мынадай азаматпен туыс болып, әңгімесі мен ақыл-кеңесін тыңдап жүрген досымызда да арман жоқ қой» деген ой санамызда қылаң беріп қалады. Болашақта ол кісімен танысып, әңгімелесуіміз, тіпті бір ұжымда бірге қызмет істеуіміз де мүмкін-ау деген ой басымызға кіріп те шықпайды. Ол қол жетпес қиял, орындалмас арман іспетті...

Досымыздың ауылына, Жамбыл музейіне барып жүріп Әбділда қария мен Белтай ағаны да көзіміз көрді. Тоқсаннан асып барып өмірден өткен бұл кісі ұзын бойлы, тарамыс денелі қарт ретінде есімізде қалыпты.

Әбділда қария 94 жасында өмірден өткенде біздің Олжабай досымыздың әкесі Белтай аға алпысқа жақындап қалған екен. Құрдастардың қалжыңы біткен бе, Әбділда қария қайтыс болғанда Белтай ағаның құрдастары: «Атам-ау, ең болмаса балаңды пенсияға шығарып кетпедің...» деп жылап келіп жатыпты деседі...

«Талантты адам барлық істе талантты» деген тұжырым бар емес пе? Сол айтқандай, Орағам күреспен шындап айналысса, бүкіл елге белгілі палуан болар ма еді, кім білген? Шындап айналыспағаны сол, классикалық күрестен КСРО спорт шеберлігіне кандидат атанып, боз кілемнің талай рет шаңын шығарыпты.

Мұндай атақтың ол кезде екінің біріне ғана емес, мыңның біріне де беріле бермейтінін айтып жатудың қажеттігі бар ма? Күреспен мектеп қабырғасында жүрген кезінен айналысқан палуан жігіт студенттік кездерінде талай-талай дүбірлі жарыстардың жеңімпазы атанған. Ол аз десеңіз, зілтемірші, шаңғышы, белтемірге тартылудан алдына жан салмайтын сайыпқыран, т.т. деп кете береді. «Жаяу жүру дәстүрінің белсенді бастаушысы» деген бейресми атағы және бар.

Әріптесіміз Талғат Сүйінбаев Орекеңді алғаш көрген кезін бүгінде тебірене еске алады. Ондай бақытты сәт ағамыздың замандастарының бірімен бүкіл дәліздің бойымен екі қолымен жүріп өтуге бәстескен сәтіне тұспа-тұс келіпті. Тақаңның мақаласында бұл сәт былайша суреттеледі: «...атлетіміз уақытты созбай, алақанын жайып, екі қолын жерге тіреген күйі, екі аяғын  жоғары қаратып баяу, бүге көтерді. Жаңағы екі-үш метр жүріс әңгіменің жәй ғана кіріспесі екен, ...жігіттің қорғасыннан құйылғандай бұлшық еттері жиырылып, жалт етті де қолдарымен жорғалап кетті! Дауыстап, дуылдасқан топ шапалақ ұрып дем беріп, думандатып бірге ілесіп келеді! Көз ұшындағы дәліздің түбі «ә» дегенше көрініп қалды».

Орысбай ағамыз спортты түпкілікті серік етпесе де өмір бойы саламатты өмір салтын ұстанып өтті. Таңертеңгі, кешкі мезгілдерде жаяу жүріп, жүгіріп денесін сергіту, қысы-жазы шынығу қалыпты дағдысына айналды. Сол қатарда Жамбыл атамыздың туған күніне орай Алматыдан Жамбыл ауылына дейін ұйымдастырылатын жаяу жорықтың бастамашысы болған атпал азамат тірлігінде бұл аралықты қаншама рет жүріп өтті десеңізші!

Иә, бүгінде ол күндер де тарихқа, жан толқытар естелікке айналды. Орысбай ағамыз о дүниелік болғалы бері жылға жақындаса, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл Олжабай досымыздың дүниеден өткеніне де біраз жылдың жүзі болып қалыпты. Аяулы жары, кезінде өзіміз ырым етіп құдағи деп әзілдейтін Шырын құрбымыз қазіргі күні Олжекеңнің шаңырағының түтінін түзу шығарып отыр. «Ұстараның жүзіндей шыр айналған дүние-ай...» дегеніміз де осы шығар...

Қаламгер

Ағамыздың ақындығы жайында сөз қозғала қалса, ең алдымен, «Майтөбе» әні, бүгінде ел арасына кең тараған сол әннің сазымен кереметтей үйлескен өлең жолдары ойыма оралады. Бір мезгілде көңіл түкпірімде Ұлжан Айнақұлова қарындасымның сазды да назды дауысы бұлақ суындай сылдыраса, келесі сәтте сол әнді орындаған кездегі шабыттанып, рухтанып кететін асқақ бейнесі көз алдыма келе қалғандай болады.

«Сұраншы, Саурық, Қараш ат ойнатқан,

Тарихтың лебі еседі атойлатқан.

Малынып бұйра бұлтқа қия-құзы,

Тасында таңбаланған тұяқ ізі.

Ескерткіш қойған Майтөбе!» деген ән жолдары асқақтағанда өзіңді сол Майтөбе мен Құлансаздың, Қарасаз бен Ботасаздың аспанына қалықтап кеткендей сезінетінің бар. Жан дүниеңді толықтай билеп алған осынау ән сазы үзілмесе, сиқырлы сәт тоқталмай созыла берсе деп тілейсің. Өнер құдіреті дегеніміз де осы шығар?..

Келесі сәтте жан дүниеңді тербетіп әннің қайырмасы қалықтайды.

«Әлемге аты жайылған,

Аққуды әнмен қайырған.

Жебеп жүрген киесі,

Ақпа жырдың иесі,

Көк жайлаудың төресі,

Сүйінбай, Жамбыл жері осы» деген рухты жолдар шырқалғанда сол көк жайлаудың төрінде дүбірлетіп өзің жүргендей, бабалардың киесі ақша бұлттардың үстінде қалықтап тұрғандай, солармен бір сәт тілдесіп тұрғандай күй кешесің.

Жалпы бүгінгі әндердің көпшілігінде өлең мен ән сазы үйлесе бермейді. Сәті түсіп бұл екеуі жарасымын таба қалса, үшінші тарап – әншісі келіспей жатады. «Майтөбенің» көп көңілінен шығуы осы үш қажеттің де талап үдесінен табылғандығын көрсетеді. Содан кейін де ән сазы мен жыр жолдары бір-бірімен кереметтей жымдасып, содан кейінгі жерде орындаушы әнші әлемімен біртұтас кірігіп, өнер атты ғажайыпты туындатады. Аталған ән орындалып жатқанда рухтанып, саз әлеміне беріліп кететініміз де содан болар.

Жыр жолдарының ән сазымен үйлесуі ақынның саз әлеміне еркін бойлап, оның әрбір жүрек лүпілін, нәзік қалтарыстарын айқын сезінуін қажет етеді. Өнердің өз адамына айналған Орысбай ағамыздың мұндай талап үдесінен табылуы осындай өлмес туындыны өмірге әкелді. Содан кейін де Жақыпжан Нұрғожаев ағамның: «...Майтөбе» әнін мақтаудың керегі жоқ. Зейнолла Қабдолов айтқандай, сол әнмен – «Майтөбемен» мақтануымыз керек. Өйткені, ол қазақ әнінің биік шыңы. Соны ойлағанда әннің сөзін жазған Орысбайдың талантына,  сазбен көркемдеген Жолдасханның айрықша дарынына, оны орындаған бұлбұл көмей әнші Ұлжанға еріксіз бас иесің...» деген тұжырымына түптеп келгенде өзің де бас иесің.

Ән тыңдап отырып кейбір әсерлі шумақтарды құлағың шалып қалғанда көңіл түкпірінен: «Осы бір теңеу осы күнге дейін қалай ойыма келмеген?» деген қызғанышқа да ұқсас, таңданыс пен сүйінішке де келетін бір сезімдердің еріксіз бой көтеріп қалатыны бар. «Майтөбені» тыңдап отырғанда,

«Ұрпағы ұрандаған «Қарасайлап»,

Баурайы Алатаудың тамаша аймақ.

Мөріндей табиғаттың Майтөбені

Жұмақтың төрі десе қайтер еді?!

Дастарқан жайған Майтөбе» деген жолдар шырқалғанда сондай мың сан сезімдер бастан өтеді. «Мөріндей табиғаттың Майтөбені жұмақтың төрі десе қайтер еді?!» деп тебірене қайталайсың. «Шынында жұмақтың төрі десе қайтер еді?!.» деп айран-асыр қаласың... Орысбай ағамыздың ақындығының құдіреті де дәл осы туындыда жымдасып жатқандай көрінеді.

Осы жолдарды жазып отырғанда ойыма орыстың атақты «Подмосковные вечера» атты әні оралды. 1957 жылдың 28 шілдесі мен 11 тамызы аралығында Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің VI Дүниежүзілік фестивалінің гимніне айналған бұл ән Бірінші сыйлық пен Үлкен Алтын медальға ие болып, соңыра ең көп орындалатын ән ретінде Гиннестің Рекордтар кітабына енді. Айтайын дегенім – бағы жанып кетсе «Майтөбе» әні де нақ сондай сый-құрметке лайық өлмес туынды.

Бұл жерде ағамыздың басқа өлеңдерінен де үзінді келтіріп, ақындығын дәлелдеп жатудың өзі артық деп білемін. Бір «Майтөбенің» өзі-ақ барлық дәлелдерден асып түсетін айрықша айшық, өзгеше өрнек, қайталанбас сұлу сурет емес пе?

«...Әскерде жүргенде екі-үш қыздан хат алып тұрдым. Қыздардан жазылған сәлем хаттар мені қамшылап, сөз маржанын тізуге жаттықтырды. Қиялдауға, армандауға, бір хатымнан бір хатымды асырып жазуға үйретті. Сөйте-сөйте мен жазуға ғашық болдым. Ғашық қыздарымның сағынышты сәлемі сезімімді оятты, дөңбекшітті, қолыма қалам алдырды. Үш жыл бойы үздіксіз хат жазысып, қыздармен сырттай сырласуымның, үндесуімнің арқасында журналистердің құдіретті ауылына ат басын тіредім. Мені қаламгер қылған махаббаттың көлінде қалқыған аққу – қыздар! Қаламымды ескек қылып сол мөлдір көлде өзімше тербетіліп келемін».

Қаламгер өз өмірбаяны жайындағы жүрекжарды сөзінде шығармашылық ауылына қалай келгендігі жайында осылайша толғанған екен. Расы да сол. Қаламын ескек қылып шығармашылық айдынында армансыз тербелген ағамыз соған орай соңына өлмес мұра қалдырды.

Батагөй

Баяғы аталарымыздан «Бота алғанша бата ал», «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ер көгерер» дегендей жақсы сөздер қалыпты. Мұның өзі жылы сөз жан семіртіп, жақсылардан алған ақ бата бүкіл өміріңе азық, көлденең қауіп-қатерден қорған болады, алдыңнан ақ жол ашады дегенді білдірсе керек. Содан кейін де өнер қуып арқалы ақын, әнші, күйші, сазгер боламын, болашақта елді аузына қаратқан би, шешенге айналамын деген жас талап Қызыр дарып, бақ қонған әйгілі тұлғалардың батасын алу үшін баяғыда алты айшылық ұзақ сапарға шығады екен. Ондай тұлғаларды аттай қалап арнайы қонаққа шақырып отырып та бата сұрайтын болған. Соңыра ел ардағына айналған ақындарымыз сондай киелі адамдардың батасын алу үшін жанына әлденеше күн еріп жүріпті деген де әңгіме бар. 

Бұл жердегі айтпағымыз – қазіргі кезде ел арасында сол игі дәстүрдің жұрнағы ғана қалған. Ойын-той мен ас нәзірінде берілген бата көп ретте құттықтау тостына ұқсап кетіп жатады. Батасын «сол үшін алып қояйық» деп аяқтайтын аталарымыз да ара-тұра кездесіп қалады.

Орысбай ағамыз болса, тіршілігінде сол игі дәстүрді жаңғыртуға шын мәнінде жанын салды. Ақ батаның небір керемет үлгілерін жинастырып қана қоймай үлгі ретінде өз жанынан да шығарып, көпшілік арасына таратты, кітаптарына енгізді. Сөз басында айтқанымыздай, ақсақалдық жасында торқалы той, топырақты өлімге жайылған дастарқанды ақ батасымен бастап, ізгі ниетін төгілтіп ас қайырып жүрді. Орекеңнің: «Бисмилләхи иррахман иррахим! Таудай талап берсін, талмас қанат берсін! Сәулелі сана берсін, бақ-жұлдыз жана берсін! Тарылмас пейіл берсін, күншуақ мейір берсін! Жан достар жау болмасын, басылмас дау болмасын! Көл-көсір көңіл берсін, қайғысыз өмір берсін!» дегендей баталары қай ортаға болсын лайықты, «Періштенің құлағына шалынсын!» дейтіндей ақ тілектер емес пе?

Ағамыздың Талдықорғанға соңғы рет келіп, немерелерімізге ақ батасын беріп кеткені, сол жолы әдеттегіден де ашылып, көсіліп әңгімесін айтқаны күні кеше ғана еді ғой. Сол кезде ағамызбен соңғы рет жолығып отырмыз-ау деген ой санамызда тіпті де қылаң бермепті. Содан кейін де жайдары қалпын суретке тартып, ақ батасын диктофонға әдемілеп жазып алу жайы ойға келмеген-ау... Амандық болса, бір-бірімізбен әлі де сан рет кездесеміз, жолымыз әлі де соншама рет түйіседі деп жүре беретініміз де кешірілмес кемшіліктеріміздің бірі тәрізді ғой... Өмір сонысымен де күрделі, сонысымен де сан қырлы емес пе екен?..

Азамат

«Қайсысы алғашқы, қайсысы тұңғыш екенін білмеймін, әйтеуір көргім кеп тұратын қыздар көп болды. Қойшының баласы әсершіл де шығар, жайлауда жұрт тайлы-таяғымен той-томалаққа барғанда ат жабуы жерге төгілген көрші қой пермесінің қызынан көз алмағаным есімде». Орекеңнің «Өз өмірім» хикаятынан сүйем сыр» атты жан толқынысы осылай басталыпты.

Иә, қойшының баласының әсершіл келетіні рас. Ондай өмірді өз басымнан да өткізгендіктен болар, ағамыздың сол сәттегі жай-күйін жете түсінетін сияқтымын.

Арманшыл жас есейе келе сол көп қыздың арасынан Баян тәтемізді таңдапты. Таңдағанда да қой пермесінің қызын емес, өзіндей ақын, әдебиетші, кейін Қазақстан Ұлттық кітап палатасында жетекші библиограф болып істеген Баян Анарбекованы таңдаған.

Орекеңнің өзі жазғанындай, бір отбасында ерлі-зайыпты екі адамның бір-бірімен жарысып қалам тербеуі қиын-ақ. Осыған дейін үш-төрт жыр жинағын шығарған тәтеміз содан кейін де бала тәрбиесіне бас қойып, Олжас пен Сымбат, Ақбөпе мен Ақбота есімді балалардың бесігін тербетумен айналысты. Бұған қоса неше жерден сегіз қырлы болса да үй шаруасына оншалықты бейімі жоқ Орекеңнің шығармашылығына жағдай жасауға күш салды.

Тәтеміздің бұл орайдағы құлшынысы жеміссіз де болмаған сияқты. Өткен кезеңде ақын, журналист, жазушы Орысбай Әбділдаұлының "Сымбат", "Қолтаңба", "Өмірсерік", "Палуан", "Туған жер демі", "Уыз шақ", "Сөз бен саз", "Сал-серілер сабағы", т.б. кітаптары жарық көріп, оқырманға жол тартты. Толықтай тізбелейтін болсақ, жарты беттен асып, бір бетті түгелдей алып кететін атағы тағы бар.

Орысбай ағам қартаң тартқан кезінде де шымыр, сырбаз қалпын жоғалтпады. Соған орай Есенқұл ағамның өзіне тән әдемі юмормен кезінде «Гендік қорым Орысбай, елдік қорым Орысбай! Алпысыңда жүрсің сен жиырмадағы жігіттің қатарынан қалыспай! Қырыққа келген жасымда, көрінеміз қасыңда мыж-мыж болған кәдімгі пеш жасайтын орыстай» деп толғанғаны да ойға оралмай қоймайды. Бұл орайда ақынның күлкі шақырар келісті жолдарынан бұрын «Гендік қорым Орысбай, елдік қорым Орысбай» деген нақты тұжырымы көңілге қонақтайды. Шындығы да сол емес пе?

Қазақта «әдемі қартаю» деген жақсы бір сөз тіркесі бар. Сол айтқандай Орысбай ағамыз да әдемі қартайып, аңқылдаған ақкөңіл қалпынан айнымай өмірден өтті. Шолақ дүниені, мансапты қуаламады. Біреудің сыртынан ғайбат сөз айтып, жамандап отырған сәтін де көрмеппін. Өзі таза жан әркімнің бойынан сондай пәк тазалықты көргісі келіп тұратындай еді. Өзінің туып-өскен өлкесін –  Ақындар мен батырлар ауылын жанындай жақсы көре отырып, ән-жырға қоса отырып өзге жұртты да алаламады. Жақсыға жаттық көрсеткен жері жоқ.

Әдемілікке, өлеңге, өнерге құштар асыл ағамыз сол бір таза, тұнық қалпымен өмірден өтті. Жұртшылықтың жадында да дәл сондай жарқын бейнесі жатталып қалды.

Ағамыздың жетпіс жылдығына орай жазылған арнау өлеңімде «Қазақи бір айшық бар, түптеп келсек, Орысбай деген аттың өзінде де», «Үйренер көп нәрсе бар жас ұрпаққа орысша бір сөз айтпас Орысбайдан» деген жолдар бар екен. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт өзінің өткен кезеңде жазылған Құттықтау хатының бірінде бұл пікірді былай деп толықтыра, түрлендіре түсіпті: «Жазушы Жұмабай Шаштайұлы баяғыда бір жазғандай, Орысбай деген мәселенің өзі – өзгеше жаратылыс, арнайы зерттеуге тұратын айрықша феномен. Ондағы орысбайлық тазалық, орысбайлық аңқаулық, орысбайлық адалдық, орысбайская неуклюжесть, орысбайлық оғаштық, орысбайлық имандылық пен икемсіздіктің кейде үйлесуі мен көбінесе үйлеспеуі, тағысын тағылар – бүгінде Қызыл кітапқа еніп кеткен флора мен фаунаның сирек дүниелері секілді. Әттең, Орысбайдың осындайлығын орыстар білмейді ғой, әйтпесе, «орыс» деген атты осыншама өзгешелендіргені үшін-ақ әлдеқашан ескерткіш орнатып қояр еді немесе Жамбыл атасының жасына жетіп, қайтыс болғаннан кейін спиртке салып қатырып, сақтау туралы Жарлық шығарып жіберер еді...».

Жазушының бұл тұжырымы Орысбай Әбділдаұлының қайталанбас тұлғасы, мінез-құлқы мен жалпы табиғаты жайынан мол хабар береді. Алатау баурайынан түлеп ұшқан ақиыққа бұдан асырып баға беру де қиын.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі