Фашист басқыншыларына қарсы ұшақ жіберген Есжан Берліқожанов жайлы не білеміз?

Уақыты: 03.10.2023
Оқылды: 1055
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Халқымыз тағдыры ерекше, тұлғасы биік айтулы тұлғалардан кенде емес. Солардың қатарында Екінші дүниежүзілік соғысқа фашист басқыншыларына қарсы ұшақ жіберген Есжан Берліқожановтың есімі жарқырайды. Себебі, қиын-қыстау күндерде мемлекеттің бір шетіне шығысу адамның келбетін асқақтата түсері анық.

1894 жылы Қапал уезінде дүниеге келген Есжан Берліқожанов патша үкіметі құлап, Кеңес одағы құрылып жатқан тұста белсенділігімен көзге түсіп, Талдықорған өңіріндегі шаруашылықтардың жұмыс бастауына ықпал еткен адам. Асқан жанкештілігі мен қажырлы еңбегінің арқасында Еркін ауылдық кеңесінің хатшысы, төрағасы сынды лауазымды абыроймен атқарып, жұртшылықтың ықыласына бөленеді. 1943 жылы өз қаржысына ұшақ сатып алуға 53 мың 601 сом аударып, КСРО Бас қолбасшысы, генералиссимус Иосиф Сталиннің қолынан Алғыс хат алған. Мұндай құрметке бөлену сол тұста екінің-бірінің қолынан келмегені ақиқат.

Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде жасы 50-ді алқымдаған Есжан Берліқожанов тылда қалған шал-кемпір мен балаларға бас болып, қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтың жұмысын жандандырады. Ел басына күн туған қиын шақта шиеттей бала-шағасының аузынан жырып, соғысқа қаржы аудару оңай емес. Талдықорған қаласының түбіндегі Еркін ауылының намысын көтеріп, ай сайын 5 мың сомнан пошта арқылы майданға аударып отырған Есжан қарт ақыры мақсатына жетіп, шабуылдаушы ұшақ сатып алады. Оны майданға жіберуге ризашылық білдірген жанның атына Мәскеуден:
«Колхоз председателі Берліқожанов жолдасқа!
Сіздің қызыл армияға жасаған қамқорлығыңыз үшін менің сәлемім мен қызыл армияның алғысын қабыл алыңыз!» – деген телеграмма келеді. Онда КСРО бас қолбасшысы Сталиннің қолы қойылыпты.
Осылайша Кеңес одағының басшысынан марапат алған Есжан Берліқожанов сыйлаған ұшақ Украина майданында дәл Киевтің маңында апатқа ұшырап, орман ішіне құлайды. Оның кейіннен 80-ші жылдардың ішінде із кесуші пионерлер тауып алып, қанатына жазылған «Е. Берліқожанов» деген жазуды анықтайды. Сол арқылы ұшақтың дерегі шығып, Талдықорған өңіріндегі ел-жұрт қуанышқа бөленеді.

1960 жылы дүниеден өткен Есжан Берліқожановтың ел мен жердің өркендеуі үшін еткен еңбегі ескерусіз қалмаған. Оның соғыс жылдарында қант қызылшасын өсірудегі қажырлы, қайратты тірлігін бағалаған КСРО басшылығы «Құрмет белгісі» орденімен марапаттайды. Осындай марапаттары аяқсыз қалмас үшін еңбек ардагерінің Сталиннен алған жеделхатын облыстық тарихи-өлкетану мұражайына өткізіпті. Алайда музей мамандарының салғырттығынан тарихи жәдігер жоғалған.

Атасы туралы мәліметті бізге жеткізген немересі Болатхан Есжанов баласының қолында поштаға ақша өткізгендегі чектерінен өзге құжат қалмағанын айтады. Өмірлік жары Күләш апамыз екеуі Маркс, Мырзақан, Қанатқан, Гүлбану, Қасымқан, Төлеген, Кенжеқан есімді 6 ұл, 1 қызды тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосады. Олардан тараған ұрпақ бүгінде еліміздің әр өңірінде тіршілік кешіп, еліміздің дамуына үлес қосып келеді.

– Атамыздың ерлік ісі бізді алға ұмтылдырды. Соның арқасында жақсы адам болуға тырыстық. Өз басым грек-рим күресінің спорт шебері атағын қорғадым. Орта Азия, Еуропа елдерінде бозкілемге шыққан сайын атамның рухымен тілдесіп, өлшеусіз күш алып отырдым. Одан жаман болған жоқпыз. Атамның өз кіндігінен тараған ұрпақ бүгінде үлкен әулетке айналды. Сондықтан өскелең ұрпаққа атамыздың өмір жолын, қажырлы еңбегін үлгі ретінде айтып отырамыз, – дейді Болатхан Есжанов.

Ел мен жердің өркендеуі үшін аянбай еңбектенген Есжан Берліқожановтың есімі Еркін ауылындағы бір көшеге және «Көктал» шағынауданындағы №11 орта мектепке берілген. Онда білім алған оқушылар еңбек ардагерінің есіміне, өмір жолына қанығып өсері анық. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген осы болса керек.

Мәди АЛЖАНБАЙ