«Көне сарай, кең дүние, кімдер келіп кетпеген» демеп пе еді атам қазақ. Өмір – сынақ, тарих – таразы. «Жер басып жүрген әрбір адам өз елімен тағдырлас. Еліңнің тасы өрге домалап, туы желбіреп тұрған кезде сен де өрсің, өжетсің. Жебең жерге түспейді, қылышың қара тасты қақ бөледі. Ал туың жығылып, ел еңсесі еңкейген кезде басшыңда қасиет қалмайды, байың балпаң, батырың жалтаң тартады. Қосқан итің қыңыр жүріп, түлеп ұшқан құсың түлкі алмайды» деген теңеулер жылжып өткен әр кезеңнің әділ сипаттамасы. Өмір шындығы осы!
«Құстың сұңқары, жылқының тұлпары іштен туады» дегенге, адамның алыбы анадан туады дегенді қоссаңыз, 1906 жылы дүние есігін ашқан Нұрмолданың сипаттамасы өріледі. Еңбек жолын байдың жалшысынан бастаған ол Айнабұлаққа келіп, қолына қайла ұстап теміржол құрылысына қатысады. Алып тұлғалы байдың жалшысы бірден озаттардың қатарына қосылып, сыйақы ретінде оған костюм-шалбар тапсырылады. Еңбегінің ақысы сыртында марапаттың алды осы костюм-сымды киген жігіт Жаңаталап ауылына келіп қарапайым сушы, мұраб, бригадир, одан кейін басқарма бастығы болып сайланады.
Сталин атындағы ірі шаруашылықтың ұйытқысы болған Жаңаталап ұжымшарында 1930 жылы 14 үй, 28 колхозшы, 2 соқа, 1 арба, 5 сиыр, 2 түйе, 20 қой болған екен. Кеңес елінің түкпір-түкпірінде коллективтендіру науқаны бір жерде күшпен, бір жерде көпшіліктің еркімен ұйымдастырылғаны белгілі жайт. Бір ұжымшардың егіні шықпай, малы жұтап жатса, бірінің өрісі малға, қамбасы нанға толып, аузы аққа жарып, жарқын болашаққа бет бұруы жүйелі жолға қойылды.
Ел ертеңі білімі жоқ, талабы зор бастықты ерекше ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Айталық, мемлекеттің жағдайы жақсарған сайын ел мүддесі мен билік мақсаты тоқайласа ма? Әлбетте. Халықтың мұң-мұқтажы көбейе ме? Сөз жоқ, көбейеді. Ұжымшардың қазынасына халықтың сұранысы арта ма? Артады. Талап күшейе ме? Міндетті түрде. Бастықтың жұмысы заман талабына сай ма? Бұқара халықтың көңілінен шыға ма? деген жанды сұрақтардың туындауы орынды әрі жарасымды. Үкіметтің талабын орындап, колхозшылардың сенімін ақтау, өзінің қабілетін шыңдап, іскерлігін нығайту өзекті мәселенің біріне айналды.
Біреу ұнататын, біреу ұнатпайтын жиырмасыншы ғасырдың тамырын тартқан Нұрмолда өмірдің қызығын да, шыжығын да көруіндей көрді. Өзі айтқанындай, жиырмасыншы ғасырды біржақты бағалау оңайға түспегені де анық. Дүниежүзілік екі соғысқа қатысып, қанға малынған елдердің жері неше мәрте сөгіліп, қайта пішілді. Аласапыран заманды басынан кешірген ел ішін аштық жайлады. Кінәсіз адамдар «жауға» айналды. «Есек сүрінбейтін сүрлеуде тұлпар жығылған» дегендей, бір тұрмақ үш империя жойылды. Бірінің құрамындағы ел ілгері басса, бірі кері кетті. Соған қарамастан тірлік жалғасты. Нағыз кереметтің осы ғасырдан басталғаны ақиқат. Білім дамыды. Ғылым шарықтады. Ғарыш кеңістігі игерілді. Мәдениет өсті. Еңбек бағаланды. Ел байыды. Еңбек майданы қолбасшысы Нұрмолда Алдабергеновке үшінші мәрте Еңбек Ері атағы берілетін сәтте оны жұмысынан босатты. Не үшін? Ақпарат құралдары жазғандай, жіберген кемшілігі үшін емес, Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қосуға тырысқан Никита Хрущевке қарсы шыққан Жұмабай Ташеновты қолдағаны үшін. Екі алыптың бұл қаракеті Еңбек Ері ғана емес, халық батырына тән туа біткен қасиет екенін Мәскеу емес, қазақ елі бағалады!
Нұрмолда Алдабергенов негізін қалаған Сталин атындағы колхоз миллионер атанған санаулы шаруашылықтың бірі болды. «Батыр бір оқтық, бай бір жұттық» деген сөздің мағынасын жіте білген ол мал шаруашылығы саласын тұрақты дамытуға біржарым жылдық жемшөп қорын құрудың алғашқы бастамашысы болды. Оның ісін жалғастырған Қасым Асанов, Төлеген Ақшанов, Көшкінбай Жанатовтың ерен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. 1990 жылы шаруашылыққа қарасты жер көлемі 109,4 мың гектар, егістік алқабы 4950 гектарды құрап, ірі қара малы 4 мың, қой малының басы 26 мыңға жетті. Бұрынғы Жаңаталап, Жаңалық елді мекендерінде тұрғын үйдің саны 1123-ке, адам саны 4969-ға жетті. Социалистік жүйе талабына сай бой көтерген Шұбар ауылы қала типті мекенге айналды, одаққа танылды. Бұл халықтық майданның бейбіт алаңындағы жасампаз елдің жеңісі. Бұрын тарих жеңгендердің қолымен жазылса, мына жағдайда тарих еңбегі өнген, өмірі төрге шыққан елдің тірлігімен жазылды.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Қазақ даласының академиктері, ұлт мақтанышына айналған қазыналы қариялары Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева мен Әбдіқадыр Дайыров сынды Алаштың алыптарына Алматы шаһарында өтіп тұратын мәртебелі жиын, кеңестерде қазақтың игі жақсыларының иіліп тағзым етуінің өзі – барша қазақтың абыройын асқақтатқаны, замандастарына күш-қуат бергені және шындық.
Тарихта үзіліс болып көрген емес. Оны насихаттауда ала-құлалыққа жол берілгені қолдан жасалған қиянат. Енді мұның қайталануына жол жоқ. Жылқының жүйрігін тарлан, қасқырдың азулысын арлан, адамның күштісін палуан дегенді ескерген адам, Нұрмолданы кім деді?
КОПК-ның XXI съезінде Орталық партия комитетінің хатшысы Н. Игнатов Алдабергеновті «Колхоз өндірісінің маршалы» десе, қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов «Дала академигі» деп бағалаған.
«Жер-жаһан жеті мәрте өзгерсе де,
Ғаламның ғаламатын көз көрсе де.
Нұрмолда нұрлы жолы жеміс берді,
Еліме енді көктен дем берсе де.
...Аңызын Нұрағаның шерте білсін,
Ерліктің ерте ұйытқан ертегісін.
Ар тұнып, алғы күнге ұрпақ өсер,
Тұрғанда кие жерде бөрте мүсін», – деп жырға қосылған КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты, Екі мәрте Социалитік Еңбек Ері, Ғылым академиясының мүше-корреспондентінің кандидаты атанған ірі тұлға.
Шұбар ауылы орталық саябағындағы батырлар аллеясында жиырма бір адамның қоладан құйылған бюсті орнатылған. Кеңес Одағының Батыры – Матай Байысов Отанын неміс басқыншыларынан азат ету барысында ерен ерлігімен танылған. Ақ патша заманында өмірге келген Сара Әлімбекова, Тәшенбала Айдарбекова, Базарбай Асанбаев, Әбдіқадыр Дайыров, Зәріш Дайырова, Қатша Есболатова, Әппақ Мүсәпіров, Саумал Ноғайбаева, Ақық Нұрманбетов, Нұрғали Нұрпейісов, Дәуітәлі Серіков, Қалдыбала Тергеуова, Мырзақұл Терлікбаев сынды ата-ажелеріміз кеңестік заманның кемелденуін өз қолымен жасаған еңбек озаттарының алдыңғы шебінен көрінді. Еліне сіңірген еңбегі бағаланып, омырауларында «Алтын жұлдыз» төсбелгісі жарқырап тұрған Социалистік Еңбек Ерлері.
Елімізде аштық жайлап, зұлмат белең алған жылдары туған Нұрила Жидебаева, Феодосия Гайваронская, Шаймұхамбет Сапиев, Ахметқұл Рысқұлов, Қасым Асанов (Оңтүстік өңірдің тумасы), Дубек Батырбаев сынды ауылдың алтын бесігіне бөленіп өскен еңбек озаттары алдыңғы толқын ағаларының жолымен ұжымшардың экономикасын нығайтып, халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге қосқан жетістіктері еленіп, Социалистік Еңбек ері атанды. Халқының қалаулысына айналған екі жүз он бес колхозшы Кеңес Одағы Үкіметінің ордендерімен марапатталса, соның отыз алтысының кеудесіне Ленин ордені тағылды. Барлығы бір ауылдың түлектері.
Аллея ортасында ұжымшардың төрағасы, дала академигі, КСРО Жоғары Кеңесінің бесінші, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің үшінші, төртінші шақырылымдарының депутаты, Қазақстан КП Орталық комитетінің мүшесі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрмолда Алдабергенов тұр. Жай тұрған жоқ, халық майданы батырлары мен еңбек ерлерінің атынан:
«Ақ туын ар мен намыс құлатпадым,
Әділ болып, жетім-жесір жылатпадым.
Көпшілікке қашанда пайдам тиіп,
Ел есінде мәңгілік тұрақтадым.
Марапатқа мастанып, мақтанбадым,
Кішірейіп ел алдында өткен жаным.
Шуақ шашып, әрдайым демеп тұрар,
Халқымның дидарымен атқан таңым.
Қиындыққа дем берген елім – Тұран,
Аспанымда қалықтап бақыт – қыран.
Арманым – Тәуелсіздік ақ таңы еді,
Ау, ұрпағым, сонау көктен жебеп тұрам!» – деген баталы сөзімен жас ұрпаққа дәріс беріп тұр. Отан деген киелі ұғымның отбасынан басталып, өскен ортасында шыңдалатынын ақиқат тұрғысынан насихаттап тұр.
Бүгін Талдықорған қаласында салтанатты түрде ашылатын Нұрмолда Алдабергенов ескерткішінің тарихи миссиясы неде?
Біріншіден, алыптың ескерткішін орнатуға бастамашылық танытқан Талдықорған қалалық ардагерлер алқасы. Осы бастаманы жауапкершілігіне алған Ақшабай Керімбековтің ойы онға бөлінген-ді. Өткенге құрмет көрсете білмегеннің болашағы бұлыңғыр. Олай болса, жастардың жолын кеспей, белін буатын аға ұрпақтың миссиясы неде? деген сұрақтың жауабын еңбек ардагерлерінің өмірінен іздеген.
Екіншіден, оның бастамасы басшылық тарапынан қолдау тауып, көпшіліктің белсенділігіне ұласқан. Бүгін бәріміз сол игі істің бәйге төрінен табылып тұрмыз!
Бір көшенің бойында кескін-келбеті жарасып, ақыл-парасаты табысып тұрған Мемлекет және қоғам қайраткері, Алатауға теңелген Дінмұхамед Қонаев, Нұрмолда Алдабергенов сынды Қазақ халқының мақтанышына айналған алыптардың өмірлік ұстанымы бүгінгі жас қанат, билік басындағы жаңа буын өкілдеріне өнеге-үлгі болмақ. Алдабергенов ескерткіші бой көтерген алаңды абаттандыру жұмысы да жаңа сипатта жалғасын табатын көрінеді. Олар егемендіктен күдерін үзбей, тар жол, тайғақ кешуден өткен шынайы қаһармандар. Іскерлігі мен жігерінің, білімі мен қайратының, елге сыйымдылығы мен ірілігінің арқасында қанаттанып шыңға көтерілген абзал жандар. Ұлтымыздың ата салтына сызат түсірмей, бірліктің, ұлылықтың үлгісін көрсеткен осынау ұландарымыздың адалдық аясында атқарған ерен еңбектерін ешкімге жалтақтамай Жеңіске бағалағанымыз абзал. Жеңістің үлкені де, құндысы да соғыссыз, жанжалсыз, бейбітшілікпен өткен күндер болса, оның бүгінгі ұрпаққа бұйырғаны, айтары жоқ, бабалар аманатының орындалғаны.
Жаңа Қазақстанның абыройын асқақтатуға бет бұрған жастар мына бір жайды да ескергені жөн. Нұрмолда Алдабергенов алматылық досы, дәрігер Михаил Моргештернмен сырласа отырып: «Мен өліп қаламын-ау деп қорықпаймын. Мен қорықсам, ауылым тозып, колхозым құрып кете ме деп шошимын» дегені отыз жылдан кейін қазақ елінің алдынан шықты. Ауылшарушылығы саласында жүргізілген реформаның қателігін өмір дәлелдеді. Қараусыз қалған ен дала мен тозып кеткен ауылдың тұрғындары жұмыс іздеп қалаға шұбырды. Омырауына орден таққан еңбек озаттары базар жағалап, арбакеш болды. Ала қап көтерген абзал аналар ұрпақ тәрбиесінен қол үзді. Халық шоғырланған қалаларда бұрын мемлекеттің қаперінде болмаған үшауысымды мектептер пайда болды. Ұрпақ тәрбиесі мен білім алу күрделене түсті.
Ауыл тұрғындарын жұмақтың төріне шығарған батырдың өмірі қысқа болғанымен өкінбей кетті. Ізін басып, жолын қуған шәкірттері маңдай терін төгіп, өз нәсібін өтпелі өмірден өздері тауып келеді. Өзі болса, қазақ халқының бақытқа бөленуіне ақ жол ашқан даналығымен ел есінде. Оның ұғымында абырой-атақ Алланың адам баласына бере салған тосынсыйы емес, ол – ар-намыстың тазалығы, адамгершіліктің айнасы. «Абыройыңды жасыңнан сақта» деп батасын берген айтулы тұлғалардың өмір жолын жоғары бағалай білуі, айтары жоқ, еңбекпен келген байлықтың игілігін еңбек адамына бұйыртсын деген ұлт аманатына беріктігі. Еңбектің құндылығын бағлай білген Нұрекең еңбек адамына да ерекше құрмет көрсеткен. Өскен ортасының ажарын ашып, абыройын көтерген алып өмірден кетерінде «Тәубе!» депті өзіне-өзі.
Ең әділ төреші – уақыт. Алуан түрлі өзгерістер мен түрлі түсті реформалардың ақ-қарасын айырып, жасампаздыққа жол бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Капшағай қаласы Қонаев есімімен атанды. Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының қайта құрылуы, айтары жоқ, тірлігі қожырап қалған киелі өңірдің өрлеуіне, ауылшаруашылық саласын заман талабына сай дамуына ақ жол ашты.
Бұл – әділдікті аңсаған мыңдаған қазақстандықтардың қуанышы.
Бұл – адалдықтан аттамаған, арына дақ түсірмеген ардагерлердің қуанышы.
Бұл – орын алған олқылықтарға төтеп берген, еңбек адамдарының қуанышы.
Бұл – мақсаты мен мүддесі тоқайласқан билік пен бұқара халықтың қуанышы.
Аз уақыттың ішінде олигархтардың ықпалымен қабылданған заңдар өзгеріске ұшырап, біреудің емес, бұқараның қаулап өсуіне күш беретін заңдар қабылданды. Заңды мойындау – барша халықтың парызы. Мойындау дегенің лауазым алдында ләппай тақсыр деп зыр жүгіру немесе өтірік мақтап, жағымпаздану емес. Мойындау деген – өкілетті орган қабылдаған заңды орындау. Олай болмаған күнде тыныштық орнамайды. Даму үрдісі тұрақтанбайды. Өркениет қалыптаспайды. Ел басынан өткізген тарих солай деп сыр шертеді.
Бүгінгі күні саясат айдынында парасаттылық орнығып, дағдарыс ауыздықталды. Сана-сезім сілкінісінен еңсеміз көтерілді. Бәсекеге қабілетті орта қалыптасты. Оны ары қарай дамытып, жаңа белеске көтеретін білімді де білікті жас ұрпақ «Ауылым – алтын бесігім» ұғымы елжандылықтың негізі деп түсінуде. Жетістіктің де төресі осы емес пе? Осындай жасампаз дүбір басталған шақта мен Үкіметтен не аламын демей, туған жеріме, киелі еліме не беремін деп елі үшін еңбек етіп, асыл мұратына жеткен Қонаев пен Алдабергенов ескерткіштерінің мән-маңызы айрықша.
Жаңаталап колхозында 1930 жылы өз еркімен ұйысқан 14 үй, 28 колхозшыға бастық болған Нұрмолда Көксу арнасындағы тас қиыршақты Текелі қаласы құрылыс мекемесіне тиімді бағаға сатып табыс көзін ашты. Бұл қаракеті нарық тәсіліне жата ма? Әлбетте. Социализм де нарық тәсілін тиімді пайдаланып ұшпаққа жеткен. Әлі де болса нарық әміршілігімен өтетін мына заманның қамын әділдік тұрғысынан шешуге білекті сыбана кіріскен жастардың ұтары көп. Ұрпағына үлкен үмітпен қарап, нық сенім артқан аға ұрпақ өкілдерінің жанкешті тірлігімен жиналға байлық қоры бізге жеткен. Алуан түрлі сынақтан өткен тарих сонысымен құнды. Оның ақ-қарасын айырып, таразылай білсек, бірлікті де тірлікті ғұмыр кешсек, әлі де талай асудан асып, талай игілікке жетеріміз хақ. Қоғам діңі сонысымен мықты.
«Көшбасшысы батыр болса, сарбаздары батыл болады» дегендей, өркениетті елдің қатарынан лайықты орын алу – қазақстандықтардың басты міндеті. Ондай ұлы міндеттерді орындау – абыройлы да айдынды елге ғана тән қасиет. Ол үшін адалдықпен біте қайнаса өрбитін сенім мен бірлік деген қасиетті ұғымды қалыптастыру қажет. Сенім бекімей, бірлік нығаймай батылдық та, батырлық та қалыптаспайды. Ендеше, Нұрмолда Алдабергеновтей алыптың ескерткішімен жүрек тілімен тілдесе білуіміз керек. Өткені жасампаз еңбек пен асқақ рухтың ақ қайнары осында!
Наурыз Қылышбаев,
Алматы облысының Құрметті азаматы