ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Уақыты: 07.11.2023
Оқылды: 1913
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ақсу жерінен қазақтың талай марқасқасы тәлім көрген «Мамания» мектебінің ашылуы талай саңлақтың тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Сол тұлғалардың жолын қуған кейінгі буын өкілдері де аз емес. Қазақта «Адамнан адам тәлім алады» деген нақыл бар. Демек, бүгінде 85 жасқа елге өнеге болар өткірлігімен жеткен Күләш Оразәліқызы сол даналардың бүгінгі өкілі. Ұқыпты ісі, табанды қызметі, талапшыл қасиеті, тік мінезі мен турашылдығы, оғаш қылығыңды байқап қалса  бетің-жүзің демей жөнге салатын бірбеткейлігі, жастарға айтар мол ақыл-кеңесімен дараланып тұрады. «Апамыздың ізгі қасиеттері, игі жақсылықтарын оқырманға жеткізіп, олардың ел іргесін бекемдеп, болашақта нәтижелі еңбек етуіне ықпалы тисін» деген ниетпен қолға қалам алдық.

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» демекші, адам баласына кіндік қаны тамып, кіндік бауы кесілген жердің ыстық болатыны анық. Күләш апамыз 1938 жылы қазіргі Ақсу ауданының «Көктөбе-Қарасу» ауылында дүниеге келді. Әкесі Оразәлі Түменбаев 1946 жылы қайтыс болып,  балалық, жастық шағы анасының тәрбиесінде өтті. Шешесі Гүлжамал Түменбаеваны ақсулықтар өте жақсы біледі десек қателеспейміз. Өйткені, соғыс жылдарындағы қиын күндерде елге ес болып, талай адамның қамқоршысы атанған, өткен ғасырдың бірінші жартысындағы Ақсу ауданының құрылуы мен дамуындағы талай оқиғаның куәсі болған жан. 1938 жылы Қазақстанда жергілікті кеңестердің алғашқы сайлауы  өткенде Гүлжамал Бисабақызы Ақсу аудандық кеңесінің депутаты болып сайланады. Осыдан кейін Діңгек, Қызылту, Қарашілік ауылдарының ауылдық кеңесінің төрайымы болып еңбек етіп, 1955 жылы зейнетке шықты. Оразәлі мен Гүлжамалдан тараған бауырлар тай-құлындай тебісіп, аналарының аялы алақанының жылуымен мәпеленіп бойжетті. Бірақ отбасында әкенің орны ойсырап тұратындықтан әпкелі-сіңлілер тағдырдың сан түрлі сынағында сынып кетпей, сындарлы болып өсуге тырысты. Осы өмір тәрбиесі оларды кейінгі кезде ел үшін еңбек етуге, ұрпақ қамы үшін барын салуға жетеледі. Бәрі де есейе келе ел құрметіне, ұрпақтар сүйіспеншілігіне бөленді. 

Жасынан ел өмірінің өркендеуіне атсалысып, біртіндеп  тәжірибе жинақтап, көре жүріп көсемдікке, үйрене жүріп тәлімгерлікке жеткен Күләш Оразәліқызы елге қызмет етудің әр саласында шыңдалады. «Көп тілеуі көл» дегендей, атқарған ісінің нәтижесі, көпке көрсеткен көмегі, үлкен-кішіге өнегелілігі, талантты ұйымдастырушылық қабілетімен дараланды. Ең алғаш Ақсу ауылындағы «Мамания» мектебінің табалдырығын аттаған сәттен бастап қатарластарына қарап бой түзеп, ұстаздарының ақыл-тәрбиесін ұқыптылықпен қабылдады. Айналасындағы тіршілік тынысы, көрген-білген дала табиғатына құштарлық, аға буынның ақыл-тәрбиесі мен өсиеті жігер берген шығар, орта мектепті бітірген жылы Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының жаратылыстану-география факультетіне оқуға қабылданады. Бірақ еңбек жолын оқыған мамандығы бойынша жалғастырмады. 1959 жылы оқу орнының сырттай оқу бөліміне ауысып, Ақсу ауылының комсомол комитетіне есеп бөлімінің меңгерушісі болып жұмысқа тұрады. 

– Есеп бөлімі дегеніміз – есеп-қисап жұмысы емес. Жалпы комсомол комитетіндегі жастар бригадасын ұйымдастыру, шопандарға шөп тасу, механизатор, сауыншыларды жігерлендіру, тағы да басқа түрлі саланың қым-қуыт тіршілігі. Таң азаннан кеш батқанша тынымсыз айналысатын жұмыс. Талабы ауыр, сұрағы көп болғанымен жас маман үшін тәжірибе топтайтын жер, – дейді апамыз. Осылай басталған тынымсыз тірлік өмір жолына азық болар талаптың тұлпарын қамшылады. 

Жас та болса жалынды ісі, көрсем, білсем, үйренсем деген ұмтылысы, үлкенмен де, кішімен де тіл табысып кететін елгезектігі оның қызмет баспалдағынан сатылап өсуіне ықпал етті. Сонымен 1961 жылы Ақсу аудандық комсомол комитетінің екінші секретары болып қызмет етті. Әрине, қызметі өсумен қатар жауапкершілігі мен салмағы да арта түсті. Бірақ еңбек майданында шыңдалған талапшыл жас бұл сыннан да абыройлы түрде өтті. Осы қызметтегі үш жыл үш-ақ күндей өте шықты. 

«Бір бел ассаң алдыңнан бел көрініп, жүрген сайын келеді жүре бергің» дегендей, еңбекқор жан 1965 – 1969 жылдары жоғары партия мектебінен саясаттанушы мамандығын бітіріп шықты. Ол кезде мұндай дәрежеге екінің бірінің қолы жете бермейді. Ал 1969-1970 жылдары Ақсу ауданында, 1970-1973 жылдары Талдықорған облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып қызметін жалғастырды. 1973-1987 жылға дейін Сарқан аудандық партия комитетінде хатшылық қызмет атқарды. Әрине, бұл сандарды төпелеп жазып, түгендей салу оңай. Иә, өмірдің кейде адамды екіұдай ойға салатын кезі болады. Мұндайда батыл қадам жасаудың келешегіңе кең жол ашатын тұстары да көп. Күләш апамыздың өмірдегі бар жетістігінің кілті сонда жатыр. 

Күләш Оразәліқызының жауапты да маңызды істері облыстық деңгейде жүзеге асырылып жатты. 1987 жылы Талдықорған облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасына басшы болып тағайындалғаннан кейін ел әлеуетін көтеруге білек сыбана кірісті. Себебі, ол кезде халықты әлеуметтік қамту саласы жұтаңдау болатын. 

– Облыстық басқармаға ауысып келгенімде мекемеге тиесілі ғимараты да, әлеуметтік қызметкерлерге бөлінген штат та жоқ еді. Қарттар мен жалғызбасты адамдарға әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынбаған, айта берсек, қиындық шаш етектен. Талай есікті қағып, баспалдағын тоздырып жүріп бірнеше ауданнан әлеуметтік қызметкерлерге штат аштық. Сол тұста мемлекет тарапынан аударылатын зейнетақы қорының жұмысы халықты әлеуметтік қорғау басқармасының құзырына берілді. Зейнетақы жұмысын реттеп, елдің ризашылығына бөлендік, – дейді ол.

Күләш Оразәліқызының іскерлігі мен біліктілігінің, еңбекқорлығының нәтижесінде аталған саладағы аудандық мекемелердің жағдайы жақсарды. Сондай-ақ, арнайы автокөліктермен қамтамасыз етілді. Жетісудағы қарттар мен мүгедектерге де назар аударылып, 1991 жылы Текелі қаласында 320 орынды Қарттар үйі салынды. Тұрмысы төмен жалғызбасты аналарға арналған «Қамқорлық» бағдарламасы дүниеге келді. Осындай көптеген игілікті шараларды орындап жатқан облыстық әлеуметтік қорғау басқармасының қажырлы қызметі республика деңгейінде басқа облыстарға үлгі бола білді. Осының бәрі оның білікті басшы, білгір маман, тәжірибелі қызметкер болғанының айғағы іспетті. Осындай жауапты қызметті абыроймен атқара жүріп 1995 жылы Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалып, зейнеткерлікке шықты.

Зейнеткерлікке шыққан соң да «еңбегіміз сіңді, енді жайланып бір демалайық» деген жоқ. Жастарға ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттап, олардың рухани байлығын кемелдендіруге белсене кірісу үшін облыстық ардагерлер ұйымының қатарынан табылды. Аймақты өркендетудің, әлеуметтің әлеуетін арттырудың, жастар тәрбиесін ізгілендірудің түрлі бастамаларының басы-қасында болды. Талай-талай ұтқыр ұсыныстары жоғары жақтан қолдау тауып, жүзеге асты. Бастысы, тәуелсіз елдің тұғырын нықтау жолындағы ұрпақ сабақтастығын жалғастырудағы үлесі мол болғанын жұрт жақсы біледі. Алайда, апамыздың бүгінгі жастар тәрбиесіне қатысты көңілі толмайтын тұстары да бар.

– Баланың ең бірінші Гомері – ата-анасы. Жас кезімізде кітапқа құштар болдық. Сарқан ауданынан Талдықорғанға көшкен кезде 5 мың данадан астам кітабым бар еді. Оның бірталайын Талдықорғанға көшкенде дос-жолдас, көрші-қолаңға берсем, бірер жыл бұрын біразын балалар үйіне сыйладым. Соның бәрін дерлік оқып шықтым десем, артық айтқаным емес. Менің пайымдауымша, бала тәрбиелі болып өссін десек, бірінші, баланы кітап, газет-журнал оқуға ынталандыруымыз керек. Екінші, дастарқан басында елді жамандайтын, көршіні мінейтін, жұртты қаралайтын әңгіме айтылмағаны жөн. Оның орнына елдің берекесін асырып, пейілін тасытатын жақсы дүниелер насихатталғаны жөн, – дейді апамыз. 

Иә, өсер елдің өсиетін айтып, ұрпақты береке мен бірлікке ұйытатын осындай аналары бар бүгінгі ұрпақ бақытты. Сондықтан олар қандай да биік мәртебе мен атаққа лайықты деп санаймыз. Күләш Оразәліқызы да атақ пен құрметтің талайын алды. Оның бәрі еңбектің, талпыныстың, жан аямай жүгірудің нәтижесінде келген марапат. Оның бәрін тізіп шығудың жөні жоқ шығар. Солардың ішіндегі «Еңбек ардагері» медалі, «Қазақстан Конституциясына 25 жыл», «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медальдары, Алматы облысы мен Ақсу ауданының Құрметті азаматы атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұл еңбектің өтеуі, халықтың берген ең жоғары бағасы.

Халқымызда «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақыл сөз бар. Осы тұрғыдан көргенде Күләш апамыздың жастық шағы қазақтың маңдайына біткен, халқымыздың өнері мен өркениетінің биігінен орын тепкен қазақтың талантты ұл-қыздарының алдына өтті. Күләш Түменбаева жастайынан ел ісіне араласып, Талдықорған облысын құруда білек түре еңбек еткен, ерлермен бірге атқа қонып, Жетісу өңірінің идеологиясының мығым болуына, әлеуметтік дамуына бар білімі мен күш-жігерін жұмсаған Бәтима Есболатқызының  тәлімін көріп, тәжірибесін шыңдап, алдыңғы толқын ардагерлердің ізін жалғаған жан. 
Өткен ғасырдың 90 жылдарында Талдықорғанның тұралап қалған шағында елдің сабыр сақтап, бірлігінен ажырамауына, қиындықты қайыспай көтеріп шығуына жігер берген адам. Қиын жылдарда ғана емес, елдің бүгінгідей еңсесі тік, еңбегі еселі шақта да көптің тілеуін тілеп отырған апамыз: «Өздеріңдей ел азаматтары атқа мініп, ел ісіне араласқанда мен де үйде тақымымды қысып отырамын. Осы жолдан таймай, елге қызмет етіңдер. Алла осы берген абыройынан айырмасын! Маған деген ақ пейілдеріңе разымын. Азаматтар аман болсын, ел аман болсын!»,  – деп аналық ақ батасын берді. 

Саналы ғұмырын өңір игілігін еселеуге арнаған, әлеуметтік жағдайымызды түзеуге, тәуелсіз елдің шаңырағын биіктетер игілікті жаңалықтарымен дараланған, экономикамызды дамытуға мол үлес қосқан Күләш апамызға айтар алғысымыз шексіз. Ол кісінің адамдық болмысы жастарға үлгі. Біз ғұмыры тек жақсылыққа толған саялы бәйтеректей шуақты жанды кейінгі буынға дәріптеуге тиіспіз. Сонда елдің қамын ойлайтын азаматтардың қатары көбейеді.

Қажет АНДАС