"Жарық дүниеге мүмкіндігі шектеулі болып келдік": Белгілі спорт шебері өмірі жайлы айтты

Уақыты: 19.11.2023
Оқылды: 1068
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қоғамда мүгедек жан көп. Кейде күйбең тірліктің жетегінде жүріп, айналамыздағы тәлейлі тағдырымен дүние есігін ашып, өмірдің тосын келген сынағына тап болған жандарға көңіл бөлмей қаламыз. Олардың барлығын мүмкіндігі шектеулі деп шеттетуге болмайды. Арамызда жаны жараланса да жігері жасымаған, он екі мүшесі сау адамның өзі көтере алмайтын сынақтарды еңсерген жандар жетерлік. Солардың бірі – шектеулі мүмкіндікті шектеусіз ортаға айналдырған, өмірдің ағысына қарсы жүзіп қана қоймай, дүрмекті додаларда ел абыройын асқақтатқан ағайынды Станислав пен Максим ТЕН.

ЕГІЗ ЖҮРЕК

Жүзі басқа болса да жүрегі қазақ деп соққан Станислав пен Максим 2002 жылы желтоқсан айының 11-жұлдызында Талдықорған қаласында дүниеге келеді. Осы күні Альберт Тен мен Викторияның   шаңырағы шаттықа бөленеді. Өйткені жас отбасы шекесі торсықтай екі ұл өмірге келгеніне дән риза еді. Өкінішке қарай, Альберттің қос батыры өмір есігін мүмкіндігі шектеулі болып ашады. Адамның ең үлкен нығметі – деннің саулығы десек, сол саулықтың сынаққа айналғаны сор емес пе?! Әрине, бұл ең бірінші кезекте «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп перзенті үшін барын беретін әке-шешесі үшін ауыр соққы. Десе де егіздің ата-анасы күндіз-түні бүлдіршіндерін ойлап, түрлі ойлардың тұтқыны болып жүрсе де балаларын емдету үшін барын салады. Бірақ, қос ұлы бойтұмар болып жабысқан дерттен айықпайды. Шыр етіп өмірге келгеннен бауырлар сан сынақпен күресіп келеді. Тумысынан тағдыр азабымен бетпе-бет келген ерекше балалар ата-анасының қолдауымен ержетеді.

– Тағдырдың жазуы болар, бауырым екеуміз жарық дүниеге мүмкіндігі шектеулі болып келдік. Бірақ біз оған өкінбейміз. Себебі, жарық дүниені көрдік. Ананың аялы алақанын, асқар тау әкеміздің ақылын тыңдап өстік. Ата-анамыздың қолдауымен ержеттік. Өмірге деген құштарлығымыз басым болғандықтан ес білгелі ауыр дертпен күресіп келеміз. Біз оны спорт дейтін бекзат өнердің арқасында жеңдік. Қоғамның белсенді мүшесі болу – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан тағдырдың қандай сынағына болсын қайыспай қарсы тұрып, төтеп беруге дайынбыз, – дейді Станислав.

Тарпаң тағдыр табанына салса да егіздер өмірдің қатал тезіне  мойымады. Боркемік болып жаралса, баяғыда тағдырдың басқа салғанына көніп, бордай тозар еді. Өмірдің кермек дәмін ерте татқан жалынды жастар жігерлерінің арқасында аяқтарынан тік тұрып, сау адамдардың қатарына қосылды.

СЫНАҚҚА СЫНБАҒАН ШЫҢҒА ШЫҒАДЫ

Спортты жанына серік еткен бауырлар түрлі жарыстарға қатысып, ел намысын қорғап, биік белестерді бағындырды. Кез-келген қиындықты қасқая қарсы алып, күлімдеп шығарып салатын жандар алғаш 2017 жылы достарының шақыруымен Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайына бас сұғады. Жаттығу залындағы Раушан Қойшыбаева, Гүлбану Әбдіхалықова, Ернат Қосмұханов сынды спортшылардың дайындығын көріп, спортқа деген қызығушылықтары артады. Егіздердің тынбай жаттығып, алға қарай талпынып жүргенін көрген бапкер Дәурен Асанұлы оларға үлкен спортқа қадам басып пауэрлифтингтен жарысқа шығуды ұсынады. Сөйтіп кейіпкерлеріміз жүйелі дайындықты бастап кетеді. Станиславқа Дәурен Асанұлы, Максимге Денис Орлов бапкер болады. Шынығып шымыр болған жандар түрлі жарыстарға қатысып, жеңістің желкенін көтереді. Станислав 2018 жылы алғашқы жарысында-ақ зіл темірді білегінде ойнатып, спорт шеберіне үміткер атанады.  2018, 2020 жылы пауэрлифтингтен тірек-қимыл қозғалыс аппараты зақымдалған мүгедек спортшы жастар арасында өткен ел біріншілігінде 49 келі салмақта күміспен күптеледі. 2019 жылы пауэрлифтингтен ерлер арасында өткен Алматы облысының V жазғы параолимпиада ойындарында тұғырдың екінші сатысынан көрінеді. 2020 жылы ерлер арасында өткен ел чемпионатында қола жүлдегер атанады. Осы жылы спорт шебері атағын алады. 2021 жылы жастар арасында ел біріншілігінде 54 келі салмақта күміс жүлдені қанжығасына байлайды. 2022 жылы 54 келі салмақта ел чемпионатында топ жарады. Биыл Таразда өткен ел біріншілігінде 54 келі салмақта 105 келі зілтемірді бағындырып, күміс жүлдегер атанды. Ал Максим әлем біріншілігінде күміс, Корея және Грузияда өткен әлем кубогінде алтыннан алқа тағады. Осылайша халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанады. Бүгінде спортшылар алда болатын ел біріншілігіне дайындалуда. Ендігі мақсаты – Қазақстан чемпионатында топ жарып, облыс абыройын асқақтату.

АРМАНЫ АСҚАҚ, МҰРАТЫ БИІК

Кейіпкерлеріміздің бойында өмірге деген құштарлық бар. Өмірге деген ерекше күш пен ішкі рух алға жетелеп келеді. Осындай тағдырдың сынағына тап болса да өзгеге өкпе артпайды. Керісінше, асқақ арманы мен биік мұратына жету үшін талпынып келеді. Бүгінде Станислав Тен Жетісу университетінде дене шынықтыру және спорт факультетінің 3-курс студенті. Оның алдағы арманы – оқуды үздік тамамдап, бапкер болу.

– Ең алдымен әлемдік ареналарда жүлде алып, елімнің, ата-анамның үмітін ақтағым келеді. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атану да басты мақсатым. Оқуды тамамдаған соң қазақтың Туын көкте желбірететін шәкірттер дайындасам деген арман. Ол үшін, әрине, талмай еңбек етуім керек, – дейді Станислав.

Максим де үлкен спортта ұлт абыройын асқақтату үшін барын салатынын жеткізді. Сонымен қатар, алдағы арманы – мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тарту.

Тағдыр сынағын алған жандарға құдай қуатты да қоса беретін секілді. Қилы тағдырдың қиындығын көрген кейіпкерлеріміздің  қанаты қайырылған жоқ. Керісінше, қайралды. Басына түскен ауыртпашылыққа сағын сындырмай, сабырлық танытты. Өмір жолында кездескен өзгерісті қабылдап, оның ағынымен қоса жүзу екінің бірінің қолынан келмейтіні хақ. Аңсаған арман, көздеген мақсатына қол жеткізбей тынбайтын жандардың өмірі – дені сау болса да сәл қиындық көрсе борша езілетін жандарға үлгі. Олардың әлі талай биікті бағындырып, жарқын өмірдің есігін ашатынына сенім мол.

Айдар ҚАЛИЕВ