Саз әлемінің саңлағы

Уақыты: 19.11.2023
Оқылды: 1052
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өнерліге әр уақытта өріс кең. Десек те, Жаратқан ие бойына дарытқан таланттың ұшқынын сөндіріп алмай, оны еңбекпен, ізденіспен ілгерілету, алауын жағып, жылуын жүректерге жеткізу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Атадан дарыған өнерге деген адалдық Мэлс Рамазанұлы Керейбаевты атақ-даңқтың биігіне шығармаса да қаламынан жан толқытар небір сазды әуендер туғызды.

Қапал ауданы Ешкіөлмес тауының күнгейіндегі Қоңыр ауылында Төребайдың кіндігінен тараған Рамазанның гармоны тартылмай, әні айтылмай той-думан өтпейтін. Қанға сіңген қабілет болу керек, оның ұлы Мэлс те саз әлемін жанына серік етті. Алдымен Алматыдағы П. Чайковский атындағы музыка училищесін, кейін Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы мәдениет-ағарту педагогикалық институтын бітірген Мэлс Рамазанұлы білімі мен бойдағы бар дарынын жас ұрпақты оқытып-тәрбиелеуге арнады. Талдықорған қалалық музыка мектебі мен Д. Рақышев атындағы мектеп-интернатында еңбек жолын бастаған ол зейнетке шыққанша ұстаздықтан қол үзген жоқ. Сонымен қатар, жүрген жерінде ауқымды мәдени іс-шаралардың ұйытқысына айналды. Қапал ауданында балаларға арналған музыка мектебін ашып, талантты ұл-қыздардың өрісін кеңейтті. Сол уақытта аудандық Мәдениет үйінің жанынан «Жетісу толқындары» ән-би ансамблін ұйымдастыруға ұйытқы болды.

Әкесі Рамазан, анасы Кәукар күмбір күй, әуезді әнмен бесік тербеткен өнерлі жандар болғандықтан шығар, Мэлстің бауырлары да өнерлі болды, музыкалық жоғары білім алды. Олардың «Баянжүрек» отбасылық фольклорлық ансамблінің концерттеріне көрермен дәйім тәнті болатын.

 Мэлс Рамазанұлының тынымсыз еңбегінің нәтижесіне ел сүйсінді. Оны Социалистік Еңбек ері Зылиха Тамшыбаева өз тізгінін ұстаған «Еңбекші» совхозына шақырып, музыка мектебінің басшылығына тағайындады. Сонымен қатар, Мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі болды, өнерлі жастардың басын қосып, «Ауыл оттары» жастар ансамблін құрды. Кейін облыстық М.Төлебаев атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің құрылуына да атсалысты. 

1996 жылы Текелі қаласына көшіп келіп, №4 орта мектебіне музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа кірісті. Балалар шығармашылығы орталығында ұстаздық етті, «Абзал ана отауы» халықтық әжелер ансамблінің музыкалық жетекшісі болды.

Әдетте қасымызда жүрген биік тұлғаның лайықты бағасын уақытында бере алмай жатамыз. Мэлс Керейбаев сексеннің сеңгіріне шықса да баладай аңғал, байсалды, мінезі жібектей, сол бір салмақты қалпынан ешқашан айныған емес. Оның ешбір байлыққа, мансапқа айырбастамайтын көркем әлемі бар. 350-ден астам ән мен бірнеше күй, хор, романстардың авторы Мэлс Керейбаев саналы ғұмырын ұстаздық етуге, бойындағы бар жауһарды болашақ ұрпақтың санасына сіңіруге арнады. Талай өнерлі шәкірттерді қанаттандырып, музыкаға деген құштарлығын арттырды. Оның шәкірттерінің арасында әлемді аузына қаратып, Италияның «Ла-Скала» театрында ән салған өнер жұлдыздары да бар.

Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздік қызметкері, Мәдениет саласының үздігі, Текелі қаласының Құрметті азаматы М. Керейбаевтың еңбегі қай қырынан да бағалы. Әсіресе жас жеткіншектерге арнап жазған «Отан – біздің әніміз», «Сәбиім ән-күйім» ән жинақтары ұстаздар қауымына да, балаларға да үлкен сый болғаны анық.

Сыршыл сазгер жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығына ерекше ден қойып, өлеңдерін жүрегінен өткізіп, нәтижесінде бірнеше музыкалық туындыны дүниеге әкелді. І. Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай жарық көрген «Толқиды Ақсу» әдеби-танымдық жинағы көп жылғы қажырлы еңбектің, толғаныстың жемісі. Сонымен қатар, Фатима Ғабитова жайлы «Алаш айдынындағы аққу» атты әдеби-танымдық жинағының қолжазбасын І. Жансүгіровтің қызы Ильфа апайға табыстап, ризалығын алды.

Жақында ғана Мэлс Керейбавтың он әні «Балапан саз» балалар мен жастар шығармашылығы одағы» қоғамдық қоры құрастырған Қазақстандағы заманауи балалар әндерінің антологиясына еніп, өзі еліміздегі заманауи балалар әндерін дамытып, өскелең ұрпақтың музыкалық мәдениетін қалыптастыру және жан-жақтылыққа тәрбиелеу жолындағы белсенді қызметі үшін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Алғыс хатымен марапатталды. Антологияда М. Керейбаевтың белгілі ақындар Н. Әлімқұлов, А. Асылбеков, Ә. Дүйсенбиев, Қ. Баянбаев және өзінің өлеңдеріне жазған «Сәлем саған, мектебім!», «Қоңырау», «Әліппе», «Жаңа жыл», «Ақ гүлімді сыйлаймын», «Ағайынбыз бәріміз», «Ұлы дала ұланымыз», «Тоқылдақ» сияқты әндері жарық көрді.

Бүгінде Мэлс Рамазанұлының шаңырағын ырысқа бөлеп, түтінін түтетіп отырған Алтынай Дәулетбекқызы да ардагер ұстаз. Балалар шығармашылығы орталығында әлі күнге дейін балаларды домбыра тартуға баулып жүр. Әке жолын қуған ұрпағы да өнерден алыс кетпей, барлығы ұстаздық жолды таңдады. Әуен, Дәурен, Мұхтар, Құралай, Қуаныш, Қайрат бала-шағаларымен жинала қалса, рухани әңгіме өрбиді, кішігірім концерт өтеді. Осының бәріне тәубе айтып, төрде отырған Мэлс ата мен Алтынай әже бүгінде 17 немере, 3 шөберенің және екі жиен немере мен жиеншарының тілеуін тілеп, ұрпақ аман, заман тыныш болсын дейді.

Ал Мэлс Рамазанұлының тыңдаушысының құлақ құрышын қандырар есті әндері мен әуендері  бүгін мен болашақты жалғайтын рухани қазына.

Торғын Тұрлыбаева
Текелі қаласы