ӘДІЛДІК ӘЛЕМІНЕ ӘЙГІЛІ

Уақыты: 19.11.2023
Оқылды: 972
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Таяуда танымал адвокат досым Жәрдембек Қыдыралин телефон соғып, «Осыдан үш жыл бұрын әлемдік індет пандемия Алматы облыстық сотының, Алматы қалалық  сотының судьясы болған Кеңшілік Абдельдиновқа да кенеттен жабысып, ажал отына орап, бақилық еткен еді. Сол курстас  досымыз туралы газет бетінде бір естелік қалдырсақ топ старостасы ретіндегі бір парызым өтелер еді» деген өтініш білдірді. Бірден келісіп, Талдықорғанға жол тарттық.

Тақтайдай тегіс жолды қысқарту мақсатында әңгіме ауанын марқұм Кеңшіліктің ұтқыр ойлылығы, батырлығы, елді күлкі құшағына орап жүретін әзілқойлылығы секілді қасиеттеріне бұрдық. Сөздің де, автокөліктің де тізгіні Жәкеңде: «1985 жылы Кеңшілік Абдельдинов және оның қарулас досы (Ауғанстанда әскери борышын бірге өтеген) Бақыт Сақбаев және жерлесі әрі курстасы, әріптесі Арман Құлбеков сынды сайдың тасындай іріктелген жігіттер ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түсіп, бірге тамамдадық. Бір бөлмеде тұрғандықтан сыр жасыру болған жоқ. Бір жапырақ  қара нанды бөліп жеп, әзіл-қалжыңымыз жарасқан дос едік. Талдықорған өңірінде бір аудандық соттың төрағасы болып отырғанымда облыстық соттың судьялары Арман Құлбеков пен марқұм Кеңшілік Абдельдинов келіп мұрағаттан бастап менің және тағы басқа судьялар қараған істерді егжей-тегжейлі тексеруге кірісті. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары еді. Ауғандық ардагерлердің басын қосқан жиындардан қалмай, игілікті істердің ұйытқысы болып жүретін. Институттағы оқытушы профессорларымыз қазақы дәстүрді де, заңды да жақсы білетін Қалауша Бегалиев, Мәжит Имашев деген ұлағатты адамдар болды. Сол кісілер Кеңшілікті әрдайым мақтап отыратын. Заң ғылымының докторы,  профессор, заманында республикамыздың үш-төрт облысында прокуратура органдарына басшылық еткен  Қалауша Бегалиев ұстазымыз Кеңшіліктің ақпейілділігіне, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білетін ізеттілігіне жалпы, оның парасаттылығына риза болып «Кеңшілік деген ат кеңдікті, кемеңгерлікті, бостандықты, тәуелсіздікті, кеңпейілділікті білдіретін есім» деп жиі-жиі қайталап айтып отыратын. Арда ойлы һәм сұңғыла профессорлардың айтқандарын біздің Кеңшілік өмірде дәлелдеді. Жомарттығы сол, өзі киіп жүрген жақсы киімін қатар жүрген досының иығына жаба салатын. Кеңшілік қазақ орта мектебін бітіргенімен университетте  сабақ орыс тілінде оқытылатын заман еді ғой. Ауызекі тілде орысшасы бар болғанымен кейбір тақырыпты орыс тілінде айту қазақ мектебін бітіріп келген ауыл балаларына ауыр соғатын. Сол себепті болар,  Кеңшіліктің  тақырыпқа қатысты  бүкіл  тарауды жаттап келетін әдеті бар-тын. Яғни, есте сақтау қабілеті зор еді. Кеңшілік тура айтатын тік мінезді, өзінің ойын ашық, бетің-жүзің демей айтатын, әрине, онысы кейбір басшыларға ұнамайтын. Бізді де үлкен-кіші деп бөлмей, көңіліне ұнамай қалсаң сынды сөзін бетімізге айтып салып, қарап отыратын. Қазақстанның әділет органының  алғашқы генералы атағын алған Долда  Досполовтың  шәкірті болып, сол кісіден көп тәлім-тәрбие алды. Долда Досполов ҚР Әділет министрі болған, өмірде көргені көп, білімді, тәжірибесі мол, парасатты,  жалпы мәдениеті өте жоғары адам еді. Ол кезеңдегі адамдар зейнеткерлік жасқа жеттім деп, арқасын кеңге салып демалып жату дегенді білмейтін-ді. Пайдам еліме, жұртыма тисін деп кез келген қызметті абыроймен атқаруға жан-тәнімен кірісіп, араласатын. Долда Досполов сол кезеңде өзінің шәкірттері Кеңшілік, Арман, Какен деген жігіттерді тәрбиелеп, олардың заң саласының қыр-сырын жетік меңгерген маман болып қалыптасуына зор үлесін қосқан адам. Сондай заңғар тұлғадан тәлім алған Кеңшілік және оның достары өмірде өз орындарын тауып, заң саласында абырой-атағы, өзіндік орны бар тұлға болып қалыптасты, – деп Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Жәрдембек Қыдыралин арғы-бергі тарихтан сыр тартқан салиқалы сырын ағыта білді.

Талдықорғанда Жетісу облыстық сотының судьясы Арман Шәріпұлы Құлбек тегімен  кездесіп, өткен күннің естелігін айтты.

– Бұл өмірде бәрі кездейсоқ болмайтын шығар. Бір адаммен танысып, білісесіз де, кейін оны есіңізге де алмай кетесіз. Бірақ Кеңшілік Кеңесұлын ұмыту мүмкін емес. Жоғары оқу орнын тамамдап, мамандық алғаннан кейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде қызметтес болдық. Кәсіби біліктілігі толған, нағыз маман болғанына сол министрлікте көзім жетті. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында Кеңшілік Кеңесұлы беделді, білікті, абыройлы қызметкер ретінде танылып қана қоймай, байырғы жақсы әдетінен таймай бізді судьялық жұмысқа дайындап, оң ықпал ете білді. Қызметтегі дәрежесіне сай кәсіби біліктілігін көрсетіп,  2003 жылы Алматы облыстық сотының судьясы қызметіне  тағайындалып келді. Шыны керек, Кеңшілік Кеңесұлының басқа облыстарға да судьялық лауазымға тағайындалатын мүмкіндігі бар еді. Бірақ ол өз облысын таңдады. 1994 жылы сәуір айында Текелі қалалық сотына судья лауазымына тағайындалдым. Ол кезде Кеңшілік Кеңесұлы Әділет министрлігінде қызмет істейтін. Кеңселерінен пайдалану уақыты өтіп кеткенімен, бірақ әлі де жарамды керемет қызметтік үстел, кресло, орындықтар, «ятрань» машинкасы секілді қызмет орнына керекті заттарды жалдамалы жүк көлігіне тиеп, маған  алып келді. Досымның көзінен «сен енді әділеттілік пен  заң шеңберінен шықпай қызмет істе» деген ақылды оқыдым.  Себебі, сол кезеңде жайлы креслоны айтпағанда, істейтін жұмысымызда қолжазбаларымызды басатын машинка табу қиынның-қиыны еді. Бүтін ұжымға ортақ  бір ғана  машина болатын. Бұл мен үшін керемет, баға жетпес сыйлық болды. Досымыздың бейнесі біздің есімізде тек жақсы қырларымен сақталған, сақтала беретініне бек сенемін. Әттең-ай, тағдыр солай болды, – деген жылы естелікпен бөлісті.   

Кеңшілік Кеңесұлының қайсарлығы, ержүректілігі туралы Жетісу облысы Ауған соғысы ардагерлер ұйымының төрағасы Ержан Данабеков те естеліктің парағын парақтады:  «Талдықорғанда жасақталған  жігіттерді Үштөбе стансысына апарып сапқа тұрғызды. Шокуров деген майор «Ауғанстанға кетесіңдер. Кім қорықпайды, сапта қалыңдар. Қалғандарың боссыңдар» деді. Сонда сапта тұрған үш жүзден астам  адамнан бас-аяғы елуге жуық жігіт қалдық. Соның ішінде Кеңшілік те бар еді. Пойызбен Ташкенттен асып, Түркменияның Тақта Базар деген құмды даласында 15 күн  дайындықтан өттік. «Тығыз тапсырма түсті. Сендердің араларыңнан 54 жүргізушіні алып кетеміз» деген бұйрық түсті. Бұл іріктеуде Кеңшілік секілді 52 қазақ, бір орыс, бір татар қалдық. Ауғанстан шегарасындағы  Кушкада  (Түркмения) әскери форма кигізіп Ант қабылдатып, 602-батальон құрамына кіргізді. Сөйтіп, Тургунди – Герат – Шындант – Кандагар қалаларының арасында «КамАЗ» автокөлігін тізгіндеп авиациялық керосин тасыдық. Кеңшілікке жараланған солдаттарды Ауғанстан шегарасынан асып Совет одағы жеріндегі ауруханаларға таситын «УАЗ-469» маркалы автокөлігінін, тізгіні беріліп, зор сенім мен үлкен жауапкершілік жүктелді. Ол сенімге селкеу түсірмей, міндетін мінсіз атқарды», – деген ойымен бөлісті.

Кеңшілік Кеңесұлының  сыныптас досы – Прокуратура органдарының ардагері  Айдар Жанаділов досқа адал,  кек сақтамайтын, ұрыс-керісті ұнатпайтын, оңайлықпен ашуланбайтын, ашулана қалса тез ұмытатын адал досының азаматтығын тебірене еске алды.

– Айта берсе жағымды қасиеттері өте көп. Бүкіл ауылдастарымыздың есінде қалған бір оқиға бар. Кеңшіліктің әкесі Кеңес аға экспедитор болды. Ауылдың керек-жарағын тауып, қамтамасыз ету ісі сол кісіге жүктелген. Содан Кеңес аға автокөлікке тапсырыс беру мақсатында «ГАЗ-53» маркалы автокөлігімен, жанына 14 жастағы ұлы Кеңшілікті алып,  екеуі Фрунзе қаласына барған. Сол жердегі құзыретті мамандар Кеңес ағаға: «тапсырыс берген автокөлік дәл кәзір дайын тұр, бүгін  алып кетпесен ертең басқаға кетіп қалады» дейді. Кеңес аға ауыл зәру болып отырған автокөлікті  қайтсе де алып кету үшін амалсыздан  бір автокөлікті өзі тізгіндеп, екіншісінің рөліне Кеңшілікті отырғызады. Сонымен, небәрі бір мүшел жасында-ақ  бір мыңнан астам жерде орналасқан Фрунзе қаласынан су жаңа автокөлікті ауылға жеткізіп, елді бір қуантқан еді досымыз» деді ол.

Адам фәниден озғанда қызмет те, байлық та әдірем қалады. Сұңғыла судья Кеңшілік Абдельдиновтің іздеушісі, жоқтаушысы бар екенін туған бауыры Жақсыбек және тағы басқа бауырлары, зайыбы Қанзия, ұлдары Елнұр, Елдос көрсетіп, осы естеліктің жазылуына себепші болды. Ал, естелік айтып жазуға Алматы облыстық сотының төрағасы лауазымын атқарған Серік Байбатыров, зейнеткер судья Аймұхан Қадыров, бүгінде Алматы облыстық сотының судьясы Бақытжан Ниязов, Алматы қалалық сотының судьялары Азамат Абдраимов, Кәкен Касабулатов сынды судьялар Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Гүләйім Шынтесірова  және басқа тұлғалар ниет білдірген еді. Ол жазбаларды алдағы күндердің еншісіне қалдырдық.

 

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
заңгер-журналист