Алтын жұлдыз арайы

Уақыты: 21.11.2023
Оқылды: 1963
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Атақты жүгеріші, Еңбек Ері Күләш Айтжанқызының ерен еңбегін білмейтін жан жоқ шығар, сірә?! Адал еңбек етіп, ғибратты ғұмыр кешкен асыл жанның сара жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. 

Елге үлгі болған аяулы жанмен кездескенде елжіреп отырып, әңгімесін әкесін еске алудан бастағаны күні бүгінге дейін есімде. 

– Әкемнің қандай жан болғанын көз алдыма елестете алмаймын. Өйткені ол ес білмеген 3 жасар кезімде майданға аттанып, Ұлы Отан соғысынан оралған жоқ. Тіпті, бізде әкемнің бір жапырақ суреті де сақталмапты. «Ленинград түбінде ерлікпен қаза тапты» деген аудандық әскери комиссариаттан келген, сарғайған бір жапырақ қағазды бетіме басып, еңкілдеп жылап, жүректегі шерімді шығарғандай болдым. Алайда жүректе әкеге деген сағыныш мәңгі сақталып тұр, – деген еді.

Осы жолы үйіне барғанымда батыр ана төргі бөлмеде қатар ілінген бірқатар суреттердің біріншісін нұсқап  «Мынау менің әкемнің портреті», – деді. Мен ардагер ананың жүзіне таңырқай қарадым. 

– Әкем 1943 жылы 15 қыркүйекте майданға аттанарда оны бір топ ауылдас ағайыны шығарып салып, Жаркент қаласында естелікке суретке түскен екен. Сол сурет Әбілхан ағаның (Халық суретшісі Әбілхан Қастеев) бауыры Әбілғазы атамның үйінде сақталыпты. Естісімен құстай ұшып, балаларынан қолқалап сұрап алып, жеке портретін жасаттым, – деп жүзі жайнай түсті. Осы сәтте Күләш апамыздың еңбекпен шыныққан шымыр болмысынан, оның жайнаған көрікті жүзінен әкеге деген терең сағынышты тебіренісін байқадым. 

– Біз тіршіліктің соқтықпалы, соқпақты ұзақ жолынан өткен жандармыз. Бұл өмірде бастан өткерген сан түрлі қиындық та, қуанышқа толы сәттер де аз емес. Соғыстан кейінгі жұпыны, жадау жылдарда көп жетім бірімізді-біріміз жұбатып жүріп бой түзеп есейдік. Әкенің қуатты қолында тербелмесек те аналарымыздың ыстық құшағында жетімек жанымыз жадырады. Сол соғыс жылдарындағы азаматын ұрыс даласына аттандырып, үйдің де, түздің де бар ауыртпалығын нәзік болса да өз мойнына алып қалған аналардың рухының мықтылығына осы күнге дейін тәнтімін. Міне, мен үшін нағыз батыр осы жандар, – деп тебіренді. 

Анасы Зәукеш таң азанда, торғай шырылдағанда тұрып, кетпенін иығына салып, өзі сияқты ауыл әйелдерімен бірге егін басына кететін. Ағасы Әбдіреш, әпкесі Әбітай үшеуі өз күнін өздері көріп, бір-бірін жетелеп жүріп өсті. Әкесі жүргізген «ЧТЗ» тракторын басқа адамның мініп алғанын көріп, бала көңілін қызғаныш кернегені де жадында. Жасы бес-алтыға толғанда апасымен бірге оянып, егін басына ере барғаны да есінде. «Менің кетпенім құтты, сенің кетпенің құтсыз» деп балалықпен жеңгелерімен әзілдесетін-ді. «Осы қаршадай-ақ ұйықтамайды екен, үлкендермен жағаласып» деп кішкентай қара қызға тәнті болатын. 

Анасы Зәукеш өзі көрген қасірет пен тұрмыс қиындықтарын балалары көрмесе екен деп тілеп, өмірден өткен. Алайда соғыс біткенімен  оның елге тартқызған азабы ұзақ жылға жалғасты. Соғыстан оралмаған Айтжанның бұғанасы қатпай артында қалған балалары да біртіндеп ержетіп, еңбекке араласты.

Соғыстан кейінгі жылдарда көрші қоныс Қонақай ауылындағы жетіжылдық мектепті тамамдаған соң  Күләш өзі туып-өскен Шежіндегі шаруашылықтың барлық жұмыстарына белсене араласты. Әсіресе, көктемгі қой қырқу науқаны басталғанда жылдам әрі шапшаң балуан қызбен бәсекелесетін ер-азамат та аз болатын. Күніне сексен-тоқсан қой қырқып, бәстескенде үш минут сайын бір қойдың жүнін сыпырып тастайтын қара қызды сол кезде-ақ ауылдастары «Айтжанның батыр қызы» деп атап кеткен. 

Өмір өз арнасымен жалғасып, 1957 жылы біріккен Киров атындағы ұжымдық шаруашылықта бірге еңбек ететін Болатхан есімді жігітпен тұрмыс құрып, Үлкеншыған ауылына келді. Жаркент өңірінде жүгері дақылын жерсіндіріп жаппай өсіру қолға алынып жатқан уақыт еді. Алғашында осы ауылдағы «Ақбұлақ» атты сиыр фермасында сауыншы болып еңбек етіп, 1964 жылдан бастап жүгері өсіру ісіне араласты. Жұмысты жапыра атқаратын қауқарлы келіншекке 1968 жылы шаруашылық басшылары жеке звеноны басқаруды, 45 гектар жерге «ВИР-156» жүгері сұрыбын егуді жүктеді. Бітік шыққан жүгерісі қыркүйек айының басында жаңа пісіп-жетіліп келе жатқанда үсікке шалынып, жігерін құм етті. Бұл жұмыстан бас тартпақ та болған. Алайда аудан, ауыл басшылары табиғат мінезіне төзімділік танытып, қолға алған жұмысты жарты жолда қалдырмай, жалғастыруға шақырды. Сол жылдың өзінде Күләш Айтжанова үсікке ұрынған 45 гектар алқабының әр гектарынан 57 центнерден дән жинады.

Көрші шаруашылықтағы сол кезде Еңбек Ері атанған атақты жүгеріші Мәриям Ниязовамен байланыс жасап, одан көп ақыл-кеңес алып жүрді. Ырымшылдыққа салып, бір уыс топырақ алып өз алқабына сепкені де бар. Бара-бара жер көлемін кеңітіп, еселі еңбек нәтиже беріп, Күләш Айтжанқызы аудандағы алдыңғы қатарлы жүгерішілермен бәсекеге түсер жағдайға да жетті.

Социалистік Еңбек Ері атанған күннің қызығы әлі есінде. 1971 жылдың әдеттегі жүгері жинау науқаны аяқталған күзгі күндерінің бірі болатын. Егіс алқабына көн төгіп жүрген тракторынан ақау шығып, шеберханаға келген. Мұндағы ауылдас азаматтар көмектесіп, техникасын жөндеп, өзінің қолы да майға былғанып жанталасып жатқанда  бір топ аудан басшылары сау етіп жетіп келеді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шаймұхамбет Сапиевтің  «Күләш, естідің бе, сен Социалистік Еңбек Ері атандың»  деген сөзіне о баста сенбеген. Калинин атындағы шаруашылықтың бастығы, Жоғарғы Кеңестің депутаты Имар Белелов қуанышты жаңалықты растаған. Осылайша, қажырлы қайратымен, тыңғылықты еңбегімен үлкен құрметке бөленген ананың даңқты, салтанатқа толы жаңа өмір жолы басталған болатын. 

– Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Егеменді, іргесі бүтін ел болдық. Әлемнің біздің елге назары ауып, жас Қазақстан мемлекеті Орта Азиядағы көптеген бауырлас елдің жаңаша ынтымақпен дамуының көшбасшысына айналды. Бұл жетістіктің түп негізінде қашан да ананы ардақтаған еліміздің ақ сүтпен бойына сіңірген шексіз бауырмалдықтың айшықты әсері барына шүбәм жоқ. Бүгінгі бізге көрсетіліп жатқан құрмет те соның бір көрінісі деп қабылдаймын. Қартайған шағымда үлкен қолдау жасаған облыс, аудан басшыларына, ел-жұртыма аналық алғысымды айтамын. Дәл бүгін бейнетімнің зейнетін көріп отырған бақытты жанмын, – дейді ардагер ана.

Күләш Айтжанқызы сеңгірлі сексен беске толды. Бұғанасы қатқан балаң кезінен қара жұмыспен қайралған қарт ана  қазір де елдік істе еңсе баспай қоғамдық жұмыстарға белсенділікпен атсалысып, ұрпаққа ұлағатты сөзін айтып, керек кезінде жұртына жөн сілтеп отырады. Ерен жүгеріші жайлы айта берсек сыр да, жыр да көп. Ол бүгінде ел бірлігі мен бақуатты тірлігі жайлы жүйелі ой, парасатты пайым айтып жүрген қайраткерлер қатарындағы жан.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы