БҮГІН - МҰҚАҒАЛИДЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Уақыты: 09.02.2018
Оқылды: 1426
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

ЖЕТІСУ

Отанымның орнығып кең төріне,
Айналасын ақ таулар көмкеруде.
Жаралғандай Жетісу ертегіден,
Еркелейді Жетісу ерке күнге,
Еркелейді,
Еркелейді,
Еркелейді Жетісу ерке күнге.
 

Аясында Алматым тыныстаған,
Алатауым апайтөс ырыс маған.
Болашаққа қазақтың көшін бастап,
Жетісуым барады ту ұстаған.
Жетісуым,
Жетісуым,
Жетісуым барады ту ұстаған.

Ұясынан ұшырған балапаны,
Даңқын елге Жетісу таратады.
Болашағы баламның Жетісуым,
Әлпештеген анамның алақаны.
Әлпештеген,
Әлпештеген,
Әлпештеген анамның алақаны.

Күншығыстан алаулап таң атарда,
Қасиеттеп қараймын жан Отанға.
Сәлем берем бас иіп Жетісуға,
Сәлем берем бас иіп Алатауға.
Сәлем берем,
Сәлем берем,
Сәлем берем бас иіп Алатауға.

Мұқағали МАҚАТАЕВ