Орманшы

Уақыты: 23.01.2024
Оқылды: 965
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Кіндік қаны тамған жері әйгілі Қарқара. Шыңдары көкке шаншылған асқар таулардың бөктеріндегі иін тіресе жұптарын жазбай сап түзеген қарағайлар мен шыршалар биікті бағындыруға ұмтылып бара жатқандай көрінеді. Тұтасқан қатпар-қатпар, жақпар-жақпар құздар мен құлама жартастарға ұласқан қар құрсаған биік шыңдар найзаның ұшындай аспанға қадала қалған. Осы көрініске қаршадайынан көз тігіп «таудың басына шықсам, қарағайларды көрсем, араласам» деп армандайтын.

Арман алдамайды. Бір күні: «Мектеп оқушылары тауға балашық отырғызуға барады» деген тапсырма келді. Кластастарымен алдын ала арнайы дайындалған бөктерге балашық отырғызуға кірісті. Класс жетекшісінің қасындағы орманшы күректі қалай ұстауды, қанша тереңдік пен кеңдікте қазу керектігін, шұңқырға алдымен су құйып содан соң ғана кішкентай балашықты отырғызу қажеттігін көрсетіп жүр. Басындағы сәнді, алды биік, арты аласа дөңгелек шеңберлі төбесі, маңдай жағы жарқыраған кокардалы фуражкесі, кәстүміндегі жасыл жолақтар, жағасындағы белгілер ерекше салтанатты да тартымды. Биязы, мейірімді орманшы балаларға «айналайын», «қарағым» деп сөйлейді. Жұмсақ қоңыр үн баурап барады.

– Балалар, – деді бір кезде дауысын көтере, – тыңдаңдаршы, – деп бір қолын көтере созып, айналадағы шыршаларды меңзеп:
– Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың құтты келесіндей...
Мыңжылқы мыжырая жантайысқан,
Өзгесі жүгініскен төрешідей...
Қарқара жарасымды жазық жайлау,
Үшкүлше құрттың жайған өресіндей.., – деп үнсіз қалды. Үнсіз қалды да  барлық балаға  мейірімді жанарымен барлай қарап шықты да: – Бұл кімнің өлеңі? – деді.

Балалар үнсіз. «Сіздікі» дей жаздады Үсен. Өйткені, жұрт Әкебай ағаны «ақын» дейтін. Өлеңдері газет, журналдарда басылып тұратынын үлкендер разы көңілмен үнемі  айтып жүретін. Анығын білмеген соң «өтірік болып қалса, ұят болар» деп Үсен үндемей қалды.
– Бұл – айналайындар, қазақтың Ілияс Жансүгіров деген әйгілі ақынының өлеңі. Бар-жоғы 44 жас өмір сүрген ол осы өңірді аралап, көзімен көрген. Құстарды, аңдарды, шөп атаулысын, өзен, суларды, тауларды өлеңге қосып жазып кеткен. Оның өлеңдерін жаттап, біліп жүргендерің жақсы. Мысалы, «Жер түгі» деген өлеңінде:

Ағашта өзің білген қарағай, тал,
Жалғыз-ақ неше алуан түрлісі бар:
Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
Ақсасық, қызылқайың, барша, шынар.
Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,
Үйеңкі, шырғай, балғын тораңғылар,
Сарыағаш, қойқарақат, жиде, шетен,
Тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрттар;
Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,
Сықылды ағаштардың талайы бар... – деп келіп барлығы тоқсан түрлі өсімдіктің атын атап, түсін түстейді. Ғажап емес пе?! Біз бәріміз айналайын табиғат ананы аялауымыз, қолдан келген қамқорлығымызды аямауымыз керек. Ал, кеттік жұмысқа! – деп айналасына үйірілген балаларды қайтадан іске жұмылдырды.

Сол күн Үсеннің болашағына жол ашқандай болды. Бұл Әкебай ағасы секілді орманшы болуды аңсады. Ерекше шөп көзіне түссе, ағаш көрсе, соны білуге құмартты. Әкебей орманшы секілді өлеңге де іңкәр болды.

Төртінші сыныптан бастап көркем-өнерпаздар үйірмесіне қатысқан. Клубта берілген бір концертте бүкіл ауыл адамдарының алдында «Мақтаншақ» деген әнді айтып, көзге көрінген еді.  Домбыра оркестрінің де құрамында сан мәрте сахнаға шыққан болатын. Жұрт мұны «әртіс болады» деп жатты. Мұны естіп «әртіс болсам, болашақта елдің көзайымына айналсам» деп те ойлап қоятын. Бірақ, ол Әкебай аға секілді еліне сүйікті орманшы болып, Табиғат-ананың құшағында жүрсем, қарағай ексем, тал өсірсем, айналамды гүлге толтырсам дегенді көбірек армандады. Тағы бірде мектеп айналасына ағаш отырғызу науқаны болды. Сол күні бұл мұғалімнен екі жас қайың, екі балашық сұрап әкеліп, үйдің жанына отырғызды. Әкесі Медеубек қария мұның бұл тірлігіне қуанып:

– Дұрыс, балам. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Еккен ағашың орман болсын, айналаңа қорған болсын, – деп бата берген еді. Әкенің бұл сөзі оның «орманшы болсам» деген  арманына қанат бітіргендей болды.

Әскерден келе сала бірден Алматыдағы Ауылшаруашылығы институтының орманшылық факультетінің дайындық курсына құжат тапсырды.  Қабылданды.  Оқуға қабылдану – орманшы болу емес екендігін әскер қатарында өмірдің ыстық-суығын көріп келген Үсенге түсінікті еді.

Сабаққа бірден бет қойды. Бұрын тек сырттай қызықтап тамсанып жүрген табиғаттың бұл білмейтін құпиялары тым көп екен. Орманшының негізгі міндеті – табиғатты қорғау, дамыту, өркендету, адамзаттың игілігіне жарату. Өйткені,  өсімдік атаулы өз бойына көміртегін жұтып, оттегін шығарады. Адамзат, жан-жануар, аң-құс оттегімен қоректенеді. Яғни «таза болса табиғат, аман болар адамзат» деген сол. Үсен таңдаған мамандығының аса қажет екендігін түсінген сайын оның құпияларын көбірек меңгеруге құлшына түсті. Оқуды бірінші орынға қойып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты.

Анасы: «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» дегенді жиі айтып отыратын. Тағы да: «Алдыңнан  артың таза болсын!» дейтін. Сол ұлағатты ойына берік сақтап, не істесе де адал атқаруға тырысты. Жұртты жұмылдыруға, көпті ұйымдастыруға кіріскенде адалдық пен әділдікті, турашылдық пен шыншылдықты басты қағида ретінде ұстанды. Соның нәтижесінде әуелі факультеттің содан соң институттың студенттік кәсіподағын басқарды. Кәсіподақ – бұқараның мұң-мұқтажына жауап беретін, жәрдемдесетін, басшылықпен келісіп студенттердің жағдайын жақсартуға ұмтылатын ұйым. Үсен осы міндетті адал атқарды. Сондықтан оны басшылық та, студенттер де ерекше жақсы көрді. Кәсіподақты басқара жүріп, республикаға аты дүркіреп тұрған академиялық ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі болды. Мұның оған ешбір зияны тиген жоқ. Оркестр құрамында жүріп еліміздің де, шетелдің де сахналарын көрді. Сөйтіп, таным мен талғам көкжиегі кеңейді.

Оқу бітіргеннен соң бірден өзі сүйген мамандық бойынша Шелек аудандық орман шаруашылығына жұмысқа келді. Мекеме басшысы жас маманға сынай қарап сұраққа алды. «Білгенім  тоғыз, білмегенім   тоқсан тоғыз» деген қағидамен жүретін басшы Өркен Мәнекеевтің ақыл-кеңесін алды, көп қамқорлығын көрді.

Алдымен жұмысшы болып қабылданған Үсен бір жылдан кейін орман шебері қызметіне көтерілді. Бұл қызметті алты жылдан аса атқарды. «Шелек орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің иелігінде жалпы 104 515 гектар жер бар. Оның 23 376 гектары орман, 81 140 гектары орманды емес алқап. Осынша байлықты халықтың игілігіне жаратуда қандай қызмет болса да жатырқамай қолға алуды өзіне өмірлік мұрат тұтқан Үсен нені бастаса  соны тиімді аяқтауға, қандай қызмет болса да адал атқаруға ұмтылатын. Орман шаруашылығында «механик» деген қызметтің де жауапкершілігі зор. Оны да бір жылдай атқарып, одан кейін орманшы лауазымына жоғарылады. Білікті маман ұйымдастыру, басқару ісінде өзінің қабілет-қарымын көрсеткен-ді. Бір жылдан соң Қызылжиде орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары лауазымына тағайындалды. Бұл жұмысты табаны күректей тоғыз жыл атқарды.

Қай жерде жүрмесін жаңалық енгізуді, жаңаша еңбек етуді әдетіне айналдырған Үсен келген жерінде  алдымен ағаш отырғызу ісін қолға алатын. 2018 жылы Бөрлітөбе орман шаруашылығы коммуналдық-мемлекеттік мекемесіне директор болып ауысқанда әуелі қолға алған ісі – қоршаған ортаны көгалдандыру, абаттандыру болды. Жаңа келген басшының мұнысын ел бірден қолдады. Үш жылдың ішінде көптеген ағаш отырғызылып, аңқасы кепкен аңғарларға су жүрді. Жаңадан тоған тартылды. Ең бастысы – ел үшін  ерінбей еңбек етудің озық үлгісін көрсетті.

Облыстық басшылық Жоңғар орман шаруашылығы коммуналдық-мемлекеттік мекемесіне директор етіп ауыстырған соң Үсен Сабырбек Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап әрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналаны абаттандыру, ағаш отырғызу жөніндегі нақты тапсырмасын жүзеге асыру үшін Қапал ауылынан жаңа саябақ ашты. Өлшеусіз еңбегі елеусіз қалмаған Үсен Медеубекұлы Президент әкімшілігінен бастап әртүрлі деңгейдегі ресми орындардан Алғыс та, марапат та алып келеді. Бірақ, оны жария қылған емес. Өйткені, ол – марапат үшін емес, елдің ертеңі үшін қызмет етіп жүрген азамат.

Мәди АЛЖАНБАЙ