Соғыс ардагерін құттықтады

Уақыты: 26.01.2024
Оқылды: 1420
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Соғыс ардагері  Ысқақ  Құсайыновты  100 жасымен құттықтап  барған облыс   әкімінің орынбасары  Марлен Көлбаев  ғасыр жасаған абыз ақсақалға  облыс әкімі Бейбіт Исабаевтің  Құттықтау хатын табыс етті.

Ардагерге   шапан жауып,  ұзақ ғұмыр,  денсаулық тіледі. Бүгінгі жарқын болашақ үшін сіңірген еңбегіне алғыс айтты.Ысқақ атаны  облыстық ардагерлер  ұйымының  төрағасы Ермек Келемсейіт те құттықтап,  қауіп-қатерге толы  соғыс жорықтарынан аман өтіп,  бүгінгідей бақытты сәтке жеткен атаны шын бақыт иесі деп тілек білдірді.   Ысқақ Әбілпейісұлы 1942  жылы 18 жасында  өз еркімен әскерге аттанады. Амур әскери теңіз флотының «Зенит» дивизиясында әскери борышын өтеген майдангер әскери мамандықты жылдам меңгеріп, зейінділігімен көзге түседі.  

1943 жылы «Отличник военно-морского флота» төсбелгісін алған Ысқақ Құсайынов өз қатарының алды болады. Сол жылы «Амур флоты» газетінде Ысқақ жауынгер  жайлы «Сын Казахстана» деген  мақала  жарияланады. Онда қазақ ұлының қайсар мінезі, отансүйгіштігі,  жаужүректігі,  білімге құштарлығы айтылады.  Қазақ жігітінің  қатарластарына үлгі екендігі   жазылады. Ысқақ  Әбілпейісұлы  соғыс жорықтарында  ептілігі, қайтпас қайсарлығымен алғы шептен көрінеді.

Кейіннен соғыс жорықтарының бірінде жарақат алады. Госпитальде ұзақ емделіп шыққан соң елге қайтарылады.   Туған жерге  оралысымен ұстаздық мамандықты меңгеріп, өрендерді білімге сусындатады.  

Соғыста ерлігімен көзге түскен  жас жігіт ұстаздық еңбекті де абыроймен атқарады.  Ысқақ  ұстаз Алакөл, Сарқан, Бөрлітөбе аудандарының білім салаларында абыроймен жұмыс істейді. Бірнеше мектептің директоры бола жүріп, жаңа оқу орындарының  салынуына ұйытқы болады.Ол  «ҚазССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағының иегері атанады. 

Жары Бақыш Әзбекқызы да оқу-ағарту ісінің  маңдайалды қызметкері  ретінде «ҚазКСР  халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағын иеленген  ұлағатты ұстаз. Ысқақ  Құсайынов ІІ дәрежелі  Отан соғысы ордені және Еңбек Қызыл Ту  орденімен марапатталған.  Сондай-ақ, «Еңбек ардагері» медалі,  «Тынық мұхит флоты ардагері» медалі,  «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне қадаған Ысқақ  Құсайынов Алакөл ауданының Құрметті азаматы. 

Ысқақ ата жайлы мәлімет, фотосуреттердің Хабаровск мұражайында сақтаулы тұрғандығын мақтанышпен айтсақ болады.  Бүгін 100 жасқа толған атамыз тың. Өзін құттықтап келген  азаматтарға алғысын білдірді. Көпшілікке менің көрген бейнетімді емес, зейнетімді берсін деп бата берді.

Гүлжан ТҰРСЫН
Суретті түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ