ОТҚА ОРАНҒАН ЖАСТЫҚ

Уақыты: 04.02.2024
Оқылды: 1089
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толды. Содан бері талай уақыт өтсе де жүректегі жара еш жазылар емес. Жат ел, жат жердегі қарулы қақтығыста біздің отандастарымыз ерен ерлік пен өшпес өрліктің үлгісін көрсете білді.  Отан алдында адал қызмет атқарып, сұрапыл соғыста қаһармандық танытқан батырларымыздың бірі – Асхат ҚАСЕНОВ.

Асхат Ауғанұлы 1963 жылы 11 наурыз күні Кербұлақ ауданы, Қоғалы ауылында дүниеге келген. Ол 1981 жылы Кербұлақ ауданы Сарыөзек кентінен әскер қатарына шақырылып, Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтейді. Небары 18 жасында майдан даласына аттанған кейіпкеріміз 1983 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, елге оралды. Жалпы Кербұлақ ауданынан ауған жеріне борышын өтеуге барған 120 сарбаздың 9-ы майдан даласында қаза тапқан.

Ауған жерінде ерекше ерлігімен көзге түсіп, от пен оқтан қаймықпаған жан мемлекет тарапынан 6 орден, 13 медальмен марапатталады. 2009 жылы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденімен, Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен 2 мәрте Қызыл жұлдыз орденімен,  Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісімен наградталды. Сонымен қатар, 2013 жылы Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.

Ауған соғысының ардагері елге келгеннен кейін қоғамдық жұмысқа белсене араласып кетті. 2008 жылдан бастап Ауған соғысы ардагерлері ұйымын басқарып келеді.

– Ауған жерінде қаза тапқан батырларымызды еске алу, елге оралған  ардагерлерді қоғам жұмысына белесене аралстыру мақсатында Кербұлақ ауданында Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы ашылды. Бүгінде ардагерлердің қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырып келеміз. Атап айтсақ, 20 жылдық қарсаңында Ауған соғысында қаза тапқан жігіттерге аудан орталығында ескерткіш орнатуға ұсыныс жасап, өңір әкіміне кірдік. Аудан басшылығы келісім беріп, ауғанда болған жігіттер өз қаражаттарын жинап, қайтыс болған 9 жігітке ескерткіш орнаттық. Бүгінде әр мектепте қаза тапқан жауынгерлерге арнайы бұрыш ашылған. Ардагерлердің өздері оқыған білім ошағында ескерткіш тақта қойылған. Сонымен қатар, жылда ақпан айында волейбол спортынан жарысы өтіп тұрады. Ауданның барлық мектептерінде ақпан айында патриоттық тәрбие сабақтарын өткізіп тұрамыз, – деген ол ардагерлерге мемлекеттен үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.

 Мәселен, аудан бойынша 9 ардагер ауданның «Құрметті азаматы» атағын алған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жыл сайын ардагерлер шипажайларға жолдама алып, денсаулығын нығайтып тұрады. Ең қуаныштысы, кезекте тұрған 2 ардагер мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспаналы болды.

Иә, сол кездері Отан алдында адал қызмет атқарған ардагерлерге құрмет көрсету – жас ұрпаққа міндет. Отан үшін оқтан қаймықпаған жандардың жанқиярлық ісі бәрімізге өшпес өнеге.

Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: anatili.kazgazeta.kz