ЛИРИКА ҺӘМ ЛАҒЫЛ ЖЫР

Уақыты: 04.02.2024
Оқылды: 2059
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Таскешті заманның запыранын көп жұтқан елдің көмейінде бір заһар татыған өксік тұратындай ма қалай?! Әлемнің алып тұлғаларының өмірін парақтап-тарақтасаңыз да шығармашылық әлеміне, ғұмырбаяндық-хамсасына сәп салсаңыз да сол ұшпа бұлттай жөңкіген уақыт желісіндегі қою қасіретке малтыққан, жауындай сорғалаған сордан жидиіп, бірде ыдырап кеткен төзім үнін, сезім шыңғырысын естисіз. Мәңгілік бостандықты тілеп, халқының ауыр күндеріне налыған Пабло Неруда, француз қоғамындағы ғасырлық тауқыметке, соғыс, саяси жүйеге тыжырынған Виктор Гюго, нәсілдік кемсітушілік пен адами тартыс арасындағы пенделердің парасат ернеуін кетік еткен жай-күйі, сезім-тағатына күйінген Жюль Верн секілді саңлақтардың салмақты туындылары сол өксіктің ритмін, динамикасын, екпін, үнін айна қатесіз ноталау секілді.

Қазақ қоғамының да сырқаты мен дертін, адамдарының ұстанымын айнытпай ноталаған саңлақтар жетерлік. Оның бастапқыдағы өкілдері Абай Құнанбайұлы, «Зар заман ақындары» атанған Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шотанбай Қанайұлы десек, бұл тізім Әбубәкір Кердері, Албан Асан, Сұлтанмахмұт Торайғыров, одан бергідегі Мағжан, Қасым, Мұқағалилармен сабақтасып кете береді. Мәселен, ұлы Абай «жақсымен ен жаманды айырмай ұстарасыз аузына түскен» халқын сынап, ноғай мен сарттан кенже қалған қабілет-қарымына қамшы басар қарекет қылса, кәуір мен тәуірді ажырата алмай ұшпа бұлт жауынынан басын ғана қорғалаған қоғамда құндылық қадірін түсінуге шақырған зар заман ақындары еді. С. Торайғыров білім, ілімсіз қоғамды ашық сынап, қараңғылықтың кегіне күн болғысы келді. Бұл жерде әлем әлебиеті алыптарының жан тебіренісіндей қазақ тұлғаларының да асқақ үнін, байғыз өңешіндегі өксіктің сырын ұққандай сезімталдықпен өз заманын жырлағанын аңдауға болады. Осы орайда есімін бұрын-соңды көп естіген, жырларын жаңа парақтаған Ахат Баққожаевтың шығармашылығындағы нәркес, нәзік иірімді ерекше екшегім келеді.

Қашан болсын қиын жол таңдағаным,

Қазір де мен қожасы маң даланың.

Мен – жастықпын, жасампаз бесжылдықтың,

Солқылдатып соғатын балғаларын, – деген жыр жолдарындағы елінің қиын жол таңдағанынын, бодан болса да маң даланың иесі екенін сезімге салып қана аңғарарлық нәзіктікпен астарлайды. Бұл «Замандас үні» атты жыр. Жастықтың қолтаңбасындай көрінген аталмыш жырдың бастабында Лининді кемеңгер етіп суреттегені де рас. Дегенмен, ақындық ішкі қарсылық, күрескерлікті ашық айта алмайтын қоғамда осылайша көркем тәсілге барған. Ал ендігі жырында:

Жаным – жырым, жалын жүз наркескенім,

Зұлымдықпен сен тегі шендеспедің, – деп ақындықтың алабұртқан шағындағы сезім күйін өрнектей отырып адалдықпен астасқан рухы мен жанын оқырманға жайып салады. Қазақ әдебиетінде қолтаңбасы қалыптасқан бір ақын ағамыз рухани әңгіме үстінде: «Мен балаларымды маман болу үшін емес, адам болу үшін тәрбиелеймін. Тұлға болыңдар демеймін. Тұнық болыңдар деп үндеймін» деп пікір білдіргені, оған біздің тараптан қарсылық болғанын осы жерде айта кеткіміз келеді. Әдемі, әсерлі айтылған сөздің ішкі иірімінде екіұшты пайым жатқан жоқ па? Маман болған азаматтың бәрі адамдықтан тысқары кеткен, адалдық шегарасынан аттағандар ма? Саналы ғұмыр иесі адам да, маман да болуы шарт. Кәсіпсіз, өнерсіз, білімсіз адамның жаны қараңғы тартатыны, тұнық болмайтыны хақ. Мұны алып Абай да астарлап айтқан, ашық шенеген. Ал тұлға мен тұнықтықтың арасында алшақтық бар ма? Иә, тарихта, шежіреде есімі танылған тұғырлы жанның өзіне тән пендешілігі, жазмышында жар жағалап кеткен, жаңқаға сүрінген сәттері болған. Ұлттың бір құндылығын теріске шығара отырып мың қастерлі дүниені сақтауға тырысқан күрескерлігін көре алмай жатқан болармыз?! Ахат Баққожаұлы айтқан зұлымдықпен шендеспес ардың, жанның қалауын ұрпақ санасына сіңіру, өзегіне себу үшін тұлға мен тұнықтықты, маман мен адамдықты бөле-жармауымыз, алшақтатпауымыз керек-ақ.

  ...Ақ бас тауларым, салқам да шалқар кең далам,

Өр дауылдарыңды, найзағайларыңды бер маған, – деп табиғаттың барша қуатын қанына сіңіргісі, бойына дарытқысы келген ақын жаратылысындағы суреткерлік, өз заманының қасіреті мен мұңына ортақ болған кеңкеуделілік, жомарттық жайлы, тағы не айтуға болады?! Біз жоғарыда атап өткен Пабло, Виктор, Жюль болсын, бәрі де адамзаттың алқымынан алған қатігездікпен, қиянатпен, адамзат туындатқан тақсіретпен күресті. Сол деңгейде өз ұлтының басына нәубет болып түскен сұм соғысты Ахат та айрықша толғады.

Жыламау үшін жас сәби,

Бұлт шалмас үшін күн бетін.

Жалғасу үшін дастан, күй,

Қырағы болу міндетің, – деп өзі жырлағандай заманның зарын жырлауда, ұрпаққа қоғам, уақыт қасіретінен өнеге аларлық өсиет қалдыру жолында ақындық ардың қарашығын қағылез етіп, қырағы бола білген Ахат:

Отан-ана намысы,

Қан майданға шақырды.

Аттандырып арысын,

Әйел біткен аһ ұрды, – деген қарапайым ғана кестелі жырмен сабақтап, ғасыр қасіретін салқамдықпен, салмақтылықпен өрнектей білді. Осылайша өз заманын суреттеуде Ахат Баққожаұлы да қолтаңбасын қанық етті.

Жетісу облысы әкімінің қолдауымен шығатын кітаптардың қатарына Ахат Баққожаевтың мұрасын жинақтап енгізсек деген тілекті облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов мырзаға білдіргіміз бар. Ұлт мұрасы ұрпаққа ауадай қажет болса, ақындардың шырайлы шығармасы да келер толқын үшін қастерлі екені даусыз...

Ендігі бір айтылар дүние, біз лағыл жырдың иесі санап отырған ақынның осы үддеден шыға алғаны туралы үшбу ой. Біріншіден, «Жыр Құлагері» саналған Ілияс Жансүгіров туған топырақтан тамыр жайған Ахаттың ішкі қуаты, ақындық қабілеті, таланты толық ашылмағанын айта кеткен жөн. Жырлары туралы әдеби сын айтқан, рецензия жазған қаламгерлер саусақпен санарлық екен. Журналистика жолындағы ізі тұрғысында: «Көкірегінде күн сәулесі, көңіліндегі сенімі оны өзгеге ұқсамайтын, өзіндік өлшемі бар маман атануға жетеледі. Ахат журналист бола жүріп әр кез жақсылықты қолдады, жаңашылдыққа жақтаушы болды. Білімі мен қабілетін қару етіп, қай тақырыпқа болмасын еркін қалам тербеді. Үнемі өзіне талап қойып, шығармашылығын шыңдай белген ол өзіндік ойын, пікірін ашық айтушы еді», – деп Әли Ысқабай, Болат Дәкер, Тоқтамыс Шөпбаев, Светлана Буратай, Ғалым Жазылбек секілді тізбектесе қозыкөш жерге жетер есім-сойы Жетісу жеріне белгілі азаматтар пікір білдіріпті. Алайда ақынның шынайы шайырлық шеңберінің кеңдігіне, әдеби қуатына, жырларының лағылдай құнды екеніне салмақ тастамапты. Сондықтан да лирик ақынның толғамдары өз оқырмандарына толыққанды жетпей жатқандай көрінетіні бар.

Хош, шақты, өлшеулі ғұмырында шайырлық қасиетін даралауға тырыспаған, өмірді қалай таныса солай толғаған, қабілет-қарымын қарапайымдылықтың шекпенімен құндақтаған Ахат Баққожаев шын мәнінде сезімтал ақын. Оның әр жыры, махаббат, адам, туған жер мен өскен ел тақырыбындағы мөлдір өлеңдері айтылған ойдың айғағы боларлықтай дүние. Мәселен:

Бұлт кернеп көңіл аспанын, жарасы жанның жүр сыздап,

Оралмай қайтқан жақсы әнім, жырықтан кетті жыр-шумақ.

Дүние маңғаз мүлгіген, қырқалар жатыр үнсіз қап,

Күйіне келмей тұр білем, бұйыға қапты сыршыл бақ.

Ақ сеңгір асқақ Жоңғар да  арманға мәңгі тал бесік,

Ауыр бір ойға шомғандай, мүлгиді тұнжыр хал кешіп.

Көк-жасыл қырат көзге әсем, ақ қайың тұрған арда өсіп,

Жоғалып жазғы өзгеше ән, кеткендей мүлдем сән көшіп», – деген («Элегия» өлеңі) қос шумақтан ақындық арын, тұлпарлық шабыс байқалмай ма? Ақ сеңгір асқақ Жоңғары арманының мәңгі тал бесігі болған шайырдан қалайша қуатты жыр тумасын? «Арқырап аққан» (І. Жансүгіров) Ақсудан шөл қандырып, Жетісу жерінің жалындай күдірейіп жатқан Жоңғардың шоқысы мен шыңына, манат белі мен мақпал топырағына исініп, сүйсініп өскен талант-тақсыры қалайша сырбаз, сыршыл, лирик болмасын?

Жұлдыз жоқ көкте не түрлі, жымыңдасын жұптаса,

Ай-ару нұрсыз секілді, қалған ба жүзін бұлт баса?

...Өзіңе ғана сақтаулы, сырымды сәулем ұқпасаң,

Мен үшін дүниең мақтаулы, қызық та емес тіпті, аса...», – дейді аталмыш өлеңнің жалғасында. Дүмбілез дүниенің мөлдірінен ұрттап, манатынан отығып өскен тағыдай тарпаңдықты, тұлпардай шапшаңдықты қиялы мен мінезіне теліген шайыр, ғашығына деген жан сырының өтеуін де санаға салып салмақтап береді. Ақындық қасиеттің, ақық жырдың ардақталғанын жырды түсіну, сырды ұғумен шендестіреді. Ал, «...Өзіңе ғана сақтаулы, сырымды сәулем ұқпасаң, Мен үшін дүниең мақтаулы, қызық та емес тіпті, аса...», – деген жолдар айтылған ойдың айғағы екені анық.

Осы секілді ақынның жырын, шумағы мен тармағын айшықтап көрсетіп, оның сыршылдығын тіркестермен, баламалармен бедерлей берсек, талай ойды ақтарарымыз хақ.  Поэзияның бір дәуіріне тұғыр, шың бола білген Мұқағали, Жұмекен, Жұматай секілді алыптардан кейінгі табиғатпен тілдесу, сезім, махаббат тақырыбында айрықша із қалдырған ақынның бірі есебінде Ахаттың есімін атамай кетуге болмайтындай. Оның:

Күлімдейді күн көзі жылы өң беріп,

Жер- ананың жоғы бір түгенделіп.

Көктем тігіп далаға өз отауын,

Қойыпты қырға жасыл кілем керіп, – деген жыр жолдары, немесе:

Төгілдіре киіп ап көк көйлегін,

Нұр жүзінен күлкісі кетпей керім.

Отау тігіп төсіне жазираның,

Келіп қапты қылықты көктем – келін, – деп жалғаса берер ғажайып теңеулермен тектіленген татымды жырларынан біз атаған ұлтжандылық, күрескерлік, сыршылдық, лирик екенін тануға толық негіз бар. Осы орайда ғасырдан асқан басылымымызға тұрақты авторымыз, ардақты аға, белгілі ақын Жомарт Игіман мақала жазып, ойын: «Ахат ақынның соңында қалған мұрасы жинақталса Ақсуда туып, Қараталда есейіп, Талдықорғанда тұлғаланған ақын есімі айшықтала түсері анық. Бойындағы сан қырлы талантының толық танылуына, өкінішке қарай адымын ажал құрсаулап, өткінші уақыт мұрсат бермеді. Дегенмен, отыздан еркін аспай-ақ журналистикадағы қолтаңбасымен, поэзиядағы өзіндік үнімен ортасын мойындатқан Ахат Баққожаевтың жырлары ескі басылымдардан жинақталса, жарыққа шықса деген арманымыз көмескіленбесе екен», – деген тілекпен тиянақтағанын тағы бір мәрте оқырманға ұсынғымыз келеді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ