ӨНЕГЕЛІ ӨМІР

Уақыты: 08.02.2024
Оқылды: 1402
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде мұғалімдердің еңбегі зор екені дәлелдеу қажет етпейтін шындық. Өнегелі өмір сүріп, ұстаздық жолдың қыры мен сырын терең меңгеріп, талай жастың үлкен өмірге қанат қағуына себепкер болған Мұратбек Иманғазиновтың есімін ерекше атап өтпесек болмас. 

Кенге толы кеудесінен жас ұрпаққа қазына қотарып келе жатқан Мұратбек Мүбаракханұлының от жүрегін тулата өмірге келген жері бұрынғы Талдықорған облысы, Алакөл ауданы, Тоқжайлау (бұрынғы Дзержинск) ауылы. 1964 жылы 4 ақпанда бірлігі мен берекесі жарасқан шаңырақта дүниеге келген бақытты баланың бірі. 1971 жылы мектеп табалдырығын аттағанда жақындары оның болашағынан зор үміт күткен. Елге, жерге деген патриоттық сезім оның бойында бала күнінен қалыптасқан. Мұратбек Мүбаракханұлы 1982-1984 жылдары Кеңес Одағы Қарулы Күштері қатарында азаматтық борышын өтеп, алғашқы еңбек жолын құрылыста жұмысшы болып бастаған. «Білекті бірді жығар – білімді мыңды жығар» деген қағиданы басшылыққа ұстанған ол  қайткен күнде де терең білім алуды алдына мақсат етіп, 1986 жылы қара шаңырақ Қазақ ұлттық университетінің журналистика мамандығына оқуға түседі. Егемендік алған жылы оқуды қызыл дипломмен тамамдайды. 

Жас маман алғаш еңбек жолын облыс орталығындағы Ілияс Жансүгіров атындағы  әдеби музейінің ғылыми қызметкері болып бастайды. Үнемі ізденіс пен жаңашылдыққа ұмтылған білімді азамат ғылым жолына бет бұрып, әсіресе, ақын, драматург, прозаик, фельетоншы, сатирик, журналист, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының  тұңғыш төрағасы Ілияс Жансүгіровтің өнегелі өмірін зерттей бастайды. 1992 жылдан бастап Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы болып қызмет етеді. Осы орайда қазақтың алдаспан жазушысы Мұхтар Мағауиннің: «Талант тәңірдің берген сыйы. Ол бір қырынан тарқатып айтқанда несиесі. Кімде-кім сол берген талантының қарымын қайтармай, бойындағы қасиетін құнттамай, бөтен жолда уақытын сарп етсе, онда жаратқанды жазғырып қажеті жоқ! Ал бойыңдағы күшті сезіне отырып, жарқын болашағыңа ұмтылсаң, онда несиеңді өтегенің, ел алдында да, тәңірі тағаланың құзырында да арыңның алмастай жарқылын көресің», – деген сарындағы даналық сөзі еске түседі. Көрнекті жазушы айтқандай, Мұратбек Иманғазинов та бойындағы қабілетті дер кезінде түсініп-түйсіне білді. Нәтижесінде талай том-том кітаптар мен ғылыми еңбектерді өмірге алып келді. 

Бойына біткен ұстамдылығы, қашан көрсең сабырлы да салмақты қалпынан өзгермейтін бітім-болмысы оның ұшқан ұясында алған тәрбиесі мен өмір мектебінен көрген өнегесі мол екенін аңғартады. Қабырғасы қатайып, бұғанасы бекімеген балаң жігіт өмір мектебінің тар жол, тайғақ кешуін бастан кеше жүріп, ержетті. Жастайынан еңбек қазанында қайнап өскен ол ерте есейді. Содан да болар, ол кейіннен өзінің табанақы, маңдай терімен қол жеткізген жетістіктеріне ешқашан масаттанған емес. Әрбір білімгердің жан-жақты тұлға болып қалыптасуына көп еңбек сіңірді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деп жүріп қолғабыс сұраған ағайын-туысқа, дос-жаранға қол ұшын беріп, көмектесуге бейім тұратын атпал азамат Қазақ ұлттық университетінің аспиранты атанып, 1998 жылы «Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық лабораториясы (прозалық туындылары негізінде) деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Ғылым жолында күн, түн демей еңбек етіп,  2001 жылдан қазақ филологиясы кафедрасының доценті, 2000-2002 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің докторанты, 2008 жылы «Қазақ және антика әдебиеттеріндегі сюжеттік үндестіктер» атты докторлық  диссертация қорғайды. 2008 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің республикалық грантын иеленіп, «ЖОО үздік оқытушы – 2008» төсбелгісіне ие болды. 6 іргелі еңбек пен 100-ге тарта ғылыми, әдеби-публицистикалық, ғылыми мақалалардың авторы, филология ғылымының докторы, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің профессоры. Бұл – ізденістің, тынымсыз еңбектің жемісі. Ұлағатты ұстаздың ғылыми еңбектерімен сусындап өскен мамандар бүгінде еліміздің дамуы жолында әр салада жемісті еңбек етуде. Ұстаздың мерейі, міне, осындай шәкірттер. 

Тағылымды жүздесу

Өмірін ізгілік жолға арнап, ғылым саласына қаршадайынан іңкәрлік танытқан Мұратбек Иманғазинов бүгінге дейін сан шәкіртті өз сүрлеуіне түсірді. Ғылымға бағыттады. Ұлағатты ұстаз болуы үшін қажыр-қайратын, білімін арнады. Қазақтың талантты тұлғасы Тұрсынбек Кәкішовтің төл шәкірті болған профессор бүгінде жетісулықтардың сүйікті перзентіне, арда азаматына айналып үлгерді.

Сол арда азамат, филология ғылымдарының докторы, профессор, ілиястанушы Мұратбек Иманғазинов бүгінде асқаралы 60 жасқа толып отыр. Тағдырдың талтүсі деп айшықтаған мерейлі жасқа толған ұлағат иесімен жыр Құлагері Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығы аясында кездесу кеші өтті.
Талдықорған қаласындағы №15 орта мектебінде өрнек тапқан рухани шара барысында алдымен ілиястанушы ғалымның жүріп өткен жолы, бүгінге дейін еткен еңбегі таныстырылды. Парасат биігінен көрінген ұстаздың монографиялық еңбектері, мақалалары мен зерттеулері, кітаптары аталып, Антика әдебиетінің дәнегін қазақ топырағына сіңірген терсіңді еңбегі айшықталды.

Ақжал толқынды Алакөл ауданының тумасы Мұратбек Мүбаракханұлы өз кезегінде шәкірт атанған, ғылымға түскен, өзі ғалым ретінде ізбасарларын дайындаған кезеңнен жып-жылы естеліктер тарқатты. Ғұмырбаяндық хамсасының мөлдір тұсын мөлтектетіп, тыңдарманға тағылым тарқатты.
Қазақ әдебиетінің алыбы, Абайдан кейінгі шоқтығы биік ақын Ілияс Жансүгіровтың жырларын жинап, шашылып қалған еңбегін кітапқа арқау етіп жүрген ілиястанушы кейіпкердің әсерлі әңгімесінен кейін оқушылар көңілдегі сауалын қойды. Бірі Мұратбек Иманғазиновтан «Жетісу суреттері» өлеңінде неге 5 өзен ғана аталғанын сұраса, енді бірі Құлагер ақынның «Бақытты Жамал» шығармасы М. Дулатұлының «Бақытсыз Жамалына» берген жауап па деген секілді қызғылықты сауалдар қойды. Қарабайыр сұрақтан аулақтаған оқушылардың ізденісінен туған сауалдарға риза болған кеш кейіпкері жан-жақты жауап берді. 
Кеш барысында Мұратбек Иманғазиновтың қаламынан туған «Ілияс» драмасынан үзінді көрсетілді.  Мәди Талғатбек, Рамазан Мейрамұлы, Мерейлім Серікбайқызы, Аяулым Хамет, Айнұр Сәбденова сынды оқушылар Құлагер ақынның жырын оқыса, домбырашы жастар Секен Тұрысбектің «Көңіл толқынын» күмбірлетті.  Осылайша жырмен жасанып, әнмен әрленген кездесу кештің соңында мерейтой иесінің иығына қазақы дәстүр бойынша шапан жабылды. 

АРДА БИ

Кез келген қызметтің өнімді нәтижесі тек тынымсыз еңбекпен келетіні белгілі. Ендеше, осынау жауапкершілігі зор, болашақтың бастауы болып табылатын білім көшінің басында өз қызметіне асқан жауапкершілікпен қараған, адал еңбегімен ұдайы алдыңғы қатардан көрінген  өз ісінің майталманы Мұратбек Иманғазинов ағамыз қандай құрметке де лайық деп санаймыз. Оған тән адамгершілік қасиеттер – ішкі жан дүниесінің кеңдігі мен адалдығы. Оның өмірлік көзқарасының басты өлшемі – жауапкершілік сезіміне қылау түсірмеу, қашанда биік сенім үдесінен шыға білу, ұлттық намысты ту етіп көтеру. 

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын...» деген нақылға сүйеніп,  біз  бүгін әңгімеміздің арқауын білімді де білікті маман, қарапайым да кішіпейіл жан Мұратбек Иманғазиновке арнауымыз да жайдан-жай емес. Иә, не берсе де Алла ниетке береді. Жақсы ағайдың кіндік қаны осы өңірде тамып, осы өлкеде өсіп, осы аумақтың дамуына қызмет етіп жүр. Өмірі шұғылалы сәттерге толы Жемісгүлдей қосағы екеуі ұлықты ұл, қылықты қыз сүйіп, ұрпақ тәрбиелеуде. Енді, міне, алпыс деген асқаралы жасқа жеткен тұста ғұмырбаяндық хамсасын тебірене толғай отырып, оның елге берері әлі де көп екенін іштей топшылаймыз. Алдыңғы аға буын «тал түс» деп кеткен осынау асқарға аяқ салған арда азаматтың ғибратты ғұмыры, еткен еңбек, төккен тері тұрғысында шағын ғана жүрек толғанысында толық әңгімелеп шығу тіптен мүмкін емес. Қырық жылға жуық тынымсыз еңбекті біз «Ғалымның жолы – даңғыл жол» деп бірауыз сөзбен жоғары бағаласақ артық болмас. 

Бір ғұлама: «Жол үстімен маған қарай дөңгелеп келе жатқан он түрлі жамандықтың тоғызы маған жетемін дегенше құлап қалады, ал әлгі жалғыз қалған қиыншылықпен күресуге әлім жетеді!» – деген екен. Мұратбек Мүбаракханұлы өмір жолында кезіккен қиындық атаулыны жеңетініне сенген азамат. Ізгіліктің нұрын шашып тұруы үшін, жақсылық атаулының басым түсіп жатуы үшін адамға алдымен ақыл керек. Ал ақыл – бәрін реттеп, жөндеп, жолға салып отыратын адам миының қуаты. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де үлкен ақыл, үлкен жүрек иесі екендігін зор мақтанышпен айта аламыз. 

Еңлік КЕНЕБАЙ