Жақсылық болса алдымен еліме болсын дегенсің...

Уақыты: 13.02.2024
Оқылды: 1530
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Уақыт неткен жүйрік десеңізші?! Күн артынан күн өтіп, ай артынан ай өтіп жылға да жетіппіз. Күні кеше ғана  отбасымызға, ағайын-туыстардың бәріне мәре-сәре қуаныш сыйлап,мағыналы әңгімесімен, ұлағатты сөздерімен, жеңіл әзілдерімен ортамызды толтырып отыратын Орекем! Міне, бүгін жым-жырт.

 

Қазақта «әдемі қартаю» деген жақсы сөз бар ғой. Сен сол әдемі қартайғандардың қатарында еңсеңді тік ұстап, аңқылдаған әдемі қалпыңнан айнымай өттің өмірден. Ақкенттегі көрші-көлемге, ағайын-туыс, бауырға жұғымды, сыйлы, құрметті ақсақал болдың. Көршілер «біздің ауланың үлкен ақсақалы, қаламгер қариямыз» деп алдыңнан қия өтпей сәлем беріп, хал-жағдайыңды сұрап тұрушы еді. Өзің жақсы көретін, аса жоғары бағалайтын талантты ақын Бауыржан Жақып, ақын Сламхат Сейітқамзаұлы, журналист Әлімжан Әшімұлы інілерің кешкісін біз тұратын 16 қабатты №45 үйдің алдындағы орындықта отырғаныңды көріп: «Орағаңның төбесін көріп қалып, сәлем берейік деп келдік» деп өзіңмен түннің бір уағына дейін арқа-жарқа болып, әңгіме-дүкен құрудан жалықпайтын едіңдер. Сол күні сен марқайып, үйге көңілді қайтушы едің. Қазір орның жетімсіреп, сен отыратын орындық бос тұр.  

Біржолы аулада журналист Әлімжан кездесіп қалып: «Баян апа, хал-жағдайыңыз қалай? Орысбай ағам қайтқалы бері сыңарынан айырылған аққудай жалғызсырап, құлазып жүрген жоқсыз ба? Анда-санда кешкісін бұрынғыдай «Орысбай ағаның штабына жиналып тұрмаймыз ба, аруағы разы болсын» деген соң шынында да Орысбайдың аруағы осы орындықты айналсоқтап жүрген шығар деген оймен бір күні орындыққа келіп отырдым.  

Жаздың шіліңгір ыстығынан шөлдегенде КСК-ның жұмысшыларын шақырып алып, олармен өзі бірге жүріп суаратын, қыста қардың салмағын көтере алмай иілген шыршалардың қарын қағып күтім көрсететін сенің жанашырлығыңды жоқтап мұңға батып тұрғандай. 

Ореке, өзің дүниеден өткеннен кейін адамдар асыл қасиеттерің туралы небір жүрек тебірентер естеліктерін, бір әулеттің ғана емес, елдің арқа сүйер ақылшы азаматы болғаныңды айтып жылы сөздерін тауыса алмай жатыр. Жазылған мақалалар өз алдына бір төбе. Сенің бойыңдағы асыл қасиеттер, елге, жұртқа деген адал да аңғал сезімдерің ерекше екен. Бойыңдағы бар күш-қуатыңды барынша тек ізгіліктің жолына жұмсап, айналаңды қуанышқа, шаттыққа, мейірімге бөлесем, әр адамның мерейі үстем болса екен деген ниетпен өмір сүріпсің-ау! 

Жазушы Мағира Қожахметова «Орны бөлек Орысбай» («Атамекен» газеті, №40, 30 қыркүйек, 2023 ж.) деген мақаласында«...Ішінде ән, күй, жыр, айтыс, ақындық, шешендік боп ағыл-тегіл ағылған асау ағысты қалай игерді екен деймін қазір. Өн бойынан әділдік пен мейірім есіп, кім-кімге де жақсылық жасауға, қолдап жіберуге асығатын. Ешкімнің алдына түспеді. Жеке жағдайы үшін ешкімнен ештеңе сұрамады, бастықтарға иіліп-бүгілмеді, атақ қумады, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық танытты» деген жүрекжарды жылы сөзін айтыпты.

Белгілі журналист Бауыржан Омаров өзінің әлеуметтік парақшасына: «Жас Алаштың» тарихында сал-серілігімен, атап айтқанда, әншілігімен, балуандығымен, сөзшеңдігімен қалған ардақты ағаларымыздың бірі – Орысбай Әбділдаұлы» деген үлкен бағасын беріп жазыпты. «Ол кісі анда-санда редакцияға бір бас сұққанда, бұл жерде баяғыда қызмет істеп кеткен оған жұрттың бәрі қоғадай жапырылып амандасып, ортаға алып алқалап жатқанын көретінбіз. Соған қарап абырой-беделіне қанық болатынбыз. Екі иығына екі кісі мінгендей тұрпат-тұрқына да таңдана қараймыз. Сәлден соң ағамыз босағада тұрған ақ домбыраны қолға алып, әуелетіп ән салар еді. Әні соншама әуезді болар ма?! Елтисің де қаласың. Қазақша да, қырғызша да бірдей шырқайды. «Балуанға оң-солы бірдей» деген осы. Айтпақшы, ағамыз қаламгерлігіне қоса кәсіби спортшы көрінеді. Алысқанын алыпта, шалып та жығады дейді. Бізді бұл қасиеті де қызықтырды. Домбырасын іргеге сүйей салып, әңгіме айтқаны да керемет. Сөйлеген сөзі мірдің оғындай. «Сымбат», «Палуан», «Сөз бен саз», «Сал-серілер сабағы» деген кітаптарының атауының өзі оның болмыс-бітімінен хабар бергендей... Сондай бір әдемі әсерге бөленіп отырғанда ойлы кейіптегі Орысбай ағамды Шүкір Шақай қарауылға іліктіріпті... Амандық тілейміз ағамызға» («Сөз бен саз» /сурет сөз немесе сурет саз 12  қараша, 2022 ж.) деп жазып, сенің домбырамен ән шырқап отырған ақ-қара суретіңді салып қойыпты. Мұны Әлімжан Әшімұлы телефонынан көрсетіп, мәтінін оқып бергенде билікте де Орекеңді жақсы білетін, құрметтейтін, жоғары бағалап еске алатын адамдар бар екен ғой деп қуандым. 

Зейнеткерлік жасқа толып демалысқа шыққаннан кейін үйге сыймай тыпыршып жүрген кездерің көп болды. Сол кезде қара домбыра өзіңе серік болғанын білемін. Өзіңді-өзің қамшылап мұңды әнмен, домбыраның қоңыр үнімен ұзақ толғап отырған сәттеріңде жанымды қайда қоярымды білмеуші едім. Бүгінде сол әуен, сол домбыраның бебеулеген үні жым-жырт. Біреулер байлықтың, мәнсаптың соңынан түсіп қуса, сен өз әлеміңмен өмір сүріп едің. Сенің әлемің адамгершілік, кісілік, кішілік еді. Сен өмірді өзгеше түсіндің, өзгеше сүйдің. Еліңді, жеріңді бар жан-тәніңмен жақсы көрдің. Бойыңдағы күш-қуатыңды жұмсадың. 

Балалық шағыңнан бастап жалаңаяқ жар кешіп, ес білгеннен бастап қой қайырып, қозы бағып тау-таста табиғатты тамашалап өсіп, кейін ержетіп, есейген шағыңда трактор жүргізіп, машинаның рөліне отырып елдің ортасында хал-қадіріңше еңбектің көрігін қыздырдың. Бұл сенің елдің бір пұшпағын илесем, еліме, жеріме аз да болса пайдам тисе деген адами адал қасиетіңнің айғағы еді. 

Сол тұста әскер қатарына шақырылып, үшжылдық міндетті мерзімді де ойдағыдай аяқтап елге аман-есен келгендегі тебіреніс өзгеше. Алдыңнан ақжаулықты анаңның қарсы алғаны сені алабөтен қуанышқа бөлеген сәтін айтып жеткізе алмайтынсың.

Ауылға келіп бостан-бос жүру сен үшін оңайға соқпады. Ендігі кезекте Қарғалы шұға комбинатына барып жұмыс істей жүріп кешкі мектепте 10 жылдықты оқып, ойдағыдай аттестат алу мақсатына қол арттың. Өйткені, алда жоғары оқу орнына түссем деген үлкен арман-мақсат тұр еді. Отбасы жағдайында оқуға барып әуре-сарсаңға түскенше атакәсіпті жалғастырып, озат шопан атанып, жанымда, көз алдымда жүре берсе деген әке арманы және аманаты еді. Бұл мәселеде әке мен бала арасындағы келіспеушіліктің аражігі ашыла түскендей еді. Ішкі түйсік жеңіп, қой бағуды қоя тұрып, ой бағудың қам-қарекетіне толықтай ден қойған Орекең бұл жолғы мақсатына да оңайшылықпен қол жеткізді десек артықтау болар.

Әңгіме әуені әр тараптан бас көтеретін. Жасы болса әжептеуірге келіп қалған. Жоғары оқу орнына құжат тапсырып, бар ынтасымен оқуға түсуді армандаған Орекеңнің өмірінің өзгеруіне, мақсатына қол жетуіне көмек қолын созған, бір кездері мектепте, кейін жоғары оқу орнында қазақ әдебиетінен сабақ берген ұстазы Сұлтанғали Садырбаевтың үлкен демеушілігі еді. Аяулы ұстазын Орекең ешқашан естен шығарған емес.

Өмір мектебі сені шыңдады, адамдыққа, адалдыққа баулыды. Босбелбеулік табиғатыңа жат еді, қай жұмысты болса да тиянақты істеуге үйрендің. Сол жұмысты істей жүріп, көңіл түйткілдерін өзіңше түсіне жүріп өмірді өзіңше көріп, өзіңше сезініп қағаз бетіне суреттейтін едің. Жақсылыққа жаны құштар азамат болып қалыптастың. Өскен ортаң бөлекше еді. 

Сонда да қал-қадіріңше спортпен айналысуға да уақыт тауып, одан да нәтиже шығара жүрдің. Бұл туралы Қазақстанның Құрметті журналисі, өзіңнің ардақты інің Нүсіпбай Әбдірахым: «Талантты адам барлық істе талантты» деген тұжырым бар емес пе? Сол айтқандай, Орағам күреспен шындап айналысса, бүкіл елге аты әйгілі палуан болар ма еді, кім білсін? Шындап айналыспағаны сол, классикалық күрестен КСРО спорт шеберлігіне кандидат атанып, бозкілемнің талай рет шаңын шығарыпты. Мұндай атақтың ол кезде екінің біріне беріле бермейтінін айтып жатудың қажеті бар ма? Күреспен мектеп қабырғасында жүрген кезінен айналысқан палуан жігіт студенттік кездерінде талай-талай дүбірлі жарыстардың жеңімпазы атанған. Ол аз десеңіз зілтемірші, шаңғышы, белтемірге тартылудан алдына жан салмайтын сайыпқыран деп кете береді. «Жаяу жүру дәстүрінің белсенді бастаушысы» деген бейресми атағы және бар». («Майтөбенің саңлағы, жаннат өлке ардағы», «Жетісу» газеті, 30 қыркүйек, 2023 ж.) деп жазыпты.

Нүсіпбай Әбдірахым айтса айтқандай, оқудағы қиын сәттерді де еңсере жүріп, біржағы спортты да жанына серік еткен. Өзіңмен қатарлас студенттерден біршама жас ерекшелігің болса да спорттың шымырлық пен табандылықты ғана емес, айла мен шеберлікті талап ететін, жан алысып, жан берісетін классикалық түрімен айналысып, жақсы көрсеткішке ие болдың. Ауылдастар арасында Жамбыл Жабаев ауылындағы бір мектептің түлектері Жарас Төлегенов, Ізбасар Оразбақовтар спорттың көрігін қыздырған азаматтар еді. Бұл жігіттердің спортқа дер кезінде келіп, атағы мен абыройын қатар алып жүрген кезі болатын.

Орысбай Әбділдаұлының аты журналист, жазушы, ақын ретінде танылды. Орекең әр саладан хабары бар өте мәдениетті, ішкі жан дүниесі бай, айналасындағы құбылысты байыппен бағдарлайтын жаны жайсаң жан еді. Маңайындағы адамдарды жалықтырмайтын. Әңгіменің көрігін қыздырып, арасында әнімен әдіптеп отыратын. Баяғының абыздарындай толғайтын. Қисса-дастандарды еш мүдірместен,құлақтан кіріп бойды алатын әуезді мақамымен жырлап көңілге құятын. Өз өлеңдерін ғана емес, Иса Байзақов, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Қажытай Ілиясов және басқа кез келген классик ақындардың өлеңдерін өзінің ерекше қоңыр даусымен мәнерлеп айтатын еді. Абай, Шәкәрімдердің шығармаларын өз мақамымен келістіре орындайтын еді. Өзіңді көрсетуге ұмтылмайтын едің,өзгені дәріптеп, көкке көтеру ұлы мақсатың еді. Қызғаныш, көреалмаушылық қасиеттерді пендешілік ұсақ-түйекке балап, оған жан-тәніңмен қарсы болдың.

Творчествоңдағы ерекшеліктің өзі де бөлекше. Мейлі, ол әңгіме, очерк, өлең-толғауларың болсын, барлығы шынайы шындықтан туындайтын. Өйткені сен бейнелеп, суреттеп отыратын тақырыптың арқауы, негізгі өзегі бірге жүрген жақсы адамдардың қадір-қасиетін танып, тап басып суреттеу арқылы әлеуметке ой салу. Сол адамдарды қалайда жақсы қырынан көрсетіп, кейінгі ұрпақ үлгі алса деген ізгі мақсатыңнан айнымаған едің. 

Бүгінгі өзің өмір сүріп отырған қоғамдағы қиын-қыстау аласапыран өзгерістерге, асыра сілтеу сияқты кемшіліктерге бар жан-тәніңмен қарсы бола тұра болашақта бір жақсылықтың болатынына кәміл сенетінсің. Өзгелерге де жақсылық тілеп, келер ұрпақтың жүздері жарқын, жолдары ашық болуына үлес қосып отыратын едің-ау. Сенің бүгінгі өмірдегі қым-қиғаш желдей ескен желсөздерге бейтарап қарап, өзіңше қорытынды шығарып, даурықпай, дауласпай, байыппен пайымдайтын сабырлы қалпың баяғының абыздарын елестететін. 

Өмірдегі жоқ-жітікті түгендемей келешектің кемелденуін күтетінсің. Әттең, оныңды біреу түсінді, біреулер түсіне алмады. Қоғамда сендей адамдардың болғанына таңырқап, таңданып қарайтындар да болмай қалған жоқ.. Маңайың толған жақсы адам. Олар үлкен бе, кіші ме, барлығына құрметпен қараушы едің. Қолыңдағы байлығың ол – рухани байлық дегенді ардақтап өттің. Өз әлеміңде сен шын мәнінде өте бай адам болдың! Қойны-қонышыңнан ұлағатты өсиет сөздер төгіліп жататын, ата-бабадан бері келе жатқан тәрбиелік мәні бар өлең-жырларды айтқанда сол дәуірдің абыздарындай, бүгінгі күннің сәулелі шақты жырлаған әндерін айтқанда өзгеше түрге енуші едің. 

«Жоқ» деген сөзді өзгеше жек көрдің. «Жоқтың түбі жоғалады, бардың түбі оңалады» дегенді жиі айтып, ылғи алдыға тартып отыратынсың. Қанша қиын жағдайды басыңнан өткізсең де ешқашан «мен қиналдым» деген емессің. Өйткені, ауру-сырқау сені ертерек айналдырды, ол жайында да ешкімге тіс жарып ештеңе деген емессің. 

Сен бос кеткен жоқсың, артыңа рухани байлық тастап кеттің. Сенің «Сымбат», «Қолтаңба», «Өмірсерік», «Палуан», «Туған жер демі», «Уыз шақ», «Сөз бен саз», «Сал-серілер сабағы», т.б.кітаптарың жарық көріп, оқырманға жол тартты. Журналист, баспагер Жақау Дәуренбек досың атап өткендей: «Әр қыры – қаламгерлігі (жиырма кітаптың авторы), журналистігі (газет беттерінде қаламының ізі сайрап жатыр), ақындығы (екі бірдей дастандар жинағы куә), күйшілігі (домбырамен қоса жаралғандай бірге жүреді), әншілігі (салған әндерін тебіренбей тыңдау мүмкін емес), батагөйлігі (баспамыздан бір томдық баталары жарық көрді), спортшылығы (әлі күнге айтылып келе жатқан ақиқат), жыршылығы (халық термелерінің насихатшысы), салауаттылығы (жаяу жүру дәстүрінің белсенді бастаушысы), адамшылығы (оның тәнті етер ең асыл қасиеті) – айрықша мінез иесі атанған» едің.

Әупіріммен бәрін елеместен дүниесі түгел адамша әр күні шуағын шашқан ақ таңды сәттілік тілеп қарсы алушы едің. Таңертеңгілік ерте тұрып күніне бірнеше шақырым жаяу жүруді бұлжымас ережеге айналдырып, өмір бойы бұзбай өттің. Ол үшін де ерекше ерік-жігер, қарым-қабілет керек. 

Әр күн сен үшін мереке еді. Бір кесе шай  ішсең де жалғыз өзіңе шай ішу өте қиын секілді болатын. Есіктің қоңырауы соғылса баладай қуанушы едің. Ниетіңе қарай есік ашып келген бала-шаға, туған-туыстардың бәрін құрақ ұшып қарсы алушы едің. Көршілер таңғалатын «недеген көп туысқан, күнде топырлаған қонақ» деп. Өйткені сенің маңайыңда жақсы адамдардың, ниеті түзу бала-шағаның барына тәуба!

Өзің өте жақсы көретін ағайын-туыс сол жақсы адамдардың балалары. Бұл күндері үлкен азамат болып атқа мінді. Мақтаныш сезіммен «әкпем Маруся 12 бала тәрбиелеп өсірді, ағам Белтайдың 8 баласы бар» деп марқайып отыратынсың. Аллаға шүкір, өз бала-шағаң да үпірлеп-шүпірлеп ақырындап аяқтанып келеді. Көңіліңде қылдай алабөтен қиянат жоқ, бәріне бірдей өз жүрегіңнің түкпірінен орын берген едің. Бір адам қуанса сол адамның қуанышын өз қуанышыңдай сезінетінсің. 

Ауыл-аймақтың өзіңнен кішірек бала-шағасын жастау кезіңде ертіп жүріп білген жақсы әңгімелеріңді, әндеріңді айтып, домбыра үйренемін дегендерге ерінбестен домбыра үйретіп, соған қатты қуанып отырушы едің. Өз балаларыңды қасиетті қара домбыраны меңгеруге икемдеп, қалайда өз әлдерінше әнге қосып әуенін, сөзін жаттатып отырушы едің. Оларға әнші бол, әртіс бол деген емессің. Қазақтың қара домбырасын қадірлеу, салт-дәстүр мен қазақы тәрбиені қанына сіңіру еді мақсатың. Ол мақсатың орындалды. Қай-қайсы да қал-қадірінше құлақ күйін келтіре алады. 

Үмітжан деген немерені ерекше тәрбиеледің. Сабақтан соң үйге келгенде өзіне арнайы жасатқан домбыраға қосылып бірер ән салғанын қалайтынсың. Ол өз нәтижесін берді. Оны да «еңбегім еш кетпеді, ақталды» дегендей, тәубе деп отыршы едің. 

Ореке, өмір сен ойлағандай мамыражай, жайма-шуақ емес. Өмір арнасы басқаша. Қым-қиғаш, алашапқын уақыт келді, қазір күні-түні жұмыспен әркім өзінше қам-қарекет жасауда. Біреулер ойға, біреулер қырға шапқылауда. Тіршіліктің әуені өзгерген. Сенің бұл алашапқын өмір ағысын қабылдай алмайтыныңды да түсінуге болады. Біз әңгіменің ауанын өмірдің өзгергеніне бұра бастағанда «бұданда жаман күндері тойға барғанбыз» деп сабырға шақырушы едің. 

Сенің болмыс-бітіміңе қарап сыртқы көз өмірде мұңсыз-қайғысыз адамдардың қатарынан деп ой түйетін. Әрине, сендегі жүрек сыздатар өкініш, орны толмас «әттегенайлар» жетіп-артылар еді. Мен сені білгелі бергі 56 жылдағы ішкі түйсігімдегі мұңың, орнын ештеңемен толтыра алмайтын қайғың – анаңның өмірден өте ерте кеткені екен. Содан да болар, анаңның рухына арнап «Қайран анам» деген толғау жазғаның.

«Бұлбұлы бақшасында сайрамаған,
Көрмеген қызығымды, қайран анам.
Кешіксем кірпік ілмей күтетұғын,
Өмірде өзіңдей жан қайда маған?!

Жібектей даусың қалды құлағымда,
Жайлаудың бейнең қалды бұлағында.
Еске алсам ағыл-тегіл көздің жасы,
Кейде бір өксіп-өксіп жыладым да.

Сипаған қолдың табы маңдайымда,
Ақ сүттің уыз дәмі таңдайымда.
Күндігін күн шалатын ақ әжені,
Құдайым қияды екен қандай ұлға?!

Сағындым шүйке иірген ұршығыңды,
Дүние-ай, бір көрсең ғой бүршігіңді.
Езілтіп ет-жүрегін ерке ұлдың,
Ертерек кеткен ғұмыр жыршы қылды.

Әніңді келтіре алмай әуреленем,
Қазақта адам болмас «әу» демеген.
Түсіме кіріп жүрсің, ғазиз ана,
Оянып кеттің бе екен әлденеден?!

Есіңе түсті ме екен ұлың бүгін,
Жел қағып жүрген кенже тұлымдығын.
Анашым, айырылғаным рас болды-ау,
Жанымның жапырағы жұлым-жұлым...

...Құйқылжып ғажап қазақ, қырғыз әні,
Жайлауда жұрт айтысып, жыр қызады.
– Апыр-ау, даусың неге естілмейді?  Бұл сұрақ шырт ұйқымнан тұрғызады...». (О.Әбділдаұлы. «Шапағат Жол-жоралғы жырлары» жинағы, 95-96 б.).

Ореке, өзің барда көңілім алаңсыз еді, енді оның қайсы бірін айтамын. Көзімде жас, көңілімде, көкірегімде сағыныш, іште «әттеген-ай» деген өкініш... Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Дүниенің маған қандай қатысы бар, менің дүниеге қандай қатысым бар? Мен жай ғана жолаушымын. Бір ағаштың көлеңкесінде аз ғана уақыт отырып, демалып, шынығып, ары қарай жүріп келейін» деп айтқан екен. Расында да адам баласы жай ғана жолаушы, мына жалған дүниеде күндердің күні келгенде үш күндік, ары кетсе бес күндік қонақ екенбіз. 

Енді, міне, бізбен қоштасқалы бір жылдың жүзі болып қалды. Қазақи салт-дәстүр бойынша өз тарапымыздан, қолымыздан келгенше өз міндеттерімізді бала-шағаң барлығымыз өтеп жатқан жайымыз бар. Артық-кемі болса Алла кешірер. Пейіште нұрың шалқып, артыңда қалған ұрпақтарыңа өмір берсін. Дұғамыз періштенің құлағына шалынсын. Өмір бар, өлім бары хақ. Алайда өлгеннің артынан өлмек жоқ. Орекеңнің тәні жер қойнауына тапсырылғанымен рухы бізбен бірге. Мәңгілік ұйқың тыныш болсын!

Сені еске алып өлең, мақала, естеліктер жазған қаламгерлерге алғысым шексіз! Аман-есен болып отбасының, бала-шағасының қызығын көрсін!

Баян АНАРБЕКОВА,
ақынның жары