Әйелдің бақытына әлемнің бақыты сыйып тұр

Уақыты: 06.03.2024
Оқылды: 629
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қамшының сабындай келте ғана ғұмырда бір қолымен әлемді, енді бір қолымен сәбидің бесігін тербеген ана есімі әрдайым ардақты. Ана әр шаңырақтың шуағы ғана емес, Отанның қорғаны, елдің тірегі. Мәселен, ұлтымыз тарихында өткен небір жаугершілік замандардың бәрінде атойлап атқа қонып, елін, жерін қорғау жолында ерен ерлігімен танылған қазақ қыздарының қайтпас қайсарлығы жер жаһанға мәлім.  Арада айлар аунап, жылдар жылжып, ғасырлар легі қара үзсе де, олардың  есімі ел жадынан еш сөнген емес.

Атап айтсақ, кешегі ержүрек батыр, әділ билеушілігімен әлемге танылған Сақтардың патшайымы  Тұмар ана, 18 ғасырдағы қазақ-жоңғар шапқыншылығы тұсындағы батыр қолбасшы Гаухар, Назым, Айбике, Ботакөз, отаршылдық ойранына қасқайып қарсы тұра білген Бопай ана, екінші дүниежүзілік соғыстың қаһармандары Әлия мен Мәншүк, елге Тәуелсіздік сыйлаған желтоқсанның айбатты арулары Ләззат пен Сәбира міне соның айғағы. Мейлі, қай дәуір, қай замандарда болсын өмірге  ұлағатты ұрпақ әкелумен бірге ұлт мүддесі жолында күресіп өткен әрбір ел ардақтыларының  арман, тілегі бір.

 Осыған сай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады, –деген болатын.

Ал өз шығармаларында үнемі әйел тақырыбын жырлаудай жырлып, осы нәзік болмыстың мың қатпарлы сырын сөйлеткен  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеев те бұл туралы терең қаузап айтады. 

– Біздің ата-бабаларымыз 255 жыл бойы қалмақтармен соғысып өткен. Небір баһадүр батырларымыз болды. Олар ел үшін, жер үшін, қатын баласы үшін жанын берді. Халқымызда «Еркек тоқты – құрбандық» деген аталы сөз бар. Бұл мақал неден шыққан? Ер азамат елін, жерін  қорғау жолында шейт болады деген сөз. Ал біздің халықты кім сақтайды?. Ер азамат өлсе артында  3-4 бала қалады. Сол балаларды өмірге әкелген кім сонда? Ол әрине, ана. Біз ана тілі, ана махаббаты, ана қасиеті дегенді неге жоғары қоямыз? Ана - халық. Әйел зорланған, қорланған жерде халық та зорланады, халық та қорланады. Әйел мен халық бір. Әйел бақытты болғанда халық бақытты. Сондықтан біз үшін ана есімі әрдайым  ардақты – дейді. 

Бүгінде Тәуелсіз қазақ елінің билік тізгінін ерлермен қатар ұстап елдің дамуы мен өркендеуі жолында өз үлестерін қосып келе жатқан нәзік жандылар аз емес. Олардың атқарған әрбір ісі ұлтымыз тарихында ұлағатты  ұрпақ санасында  жаңғырып,  жайнап, көпке  үлгі, өнеге болып қала берері хақ.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, бүгінде  Жетісу жерінде 3 жарым мыңнан астам мемлекеттік қызметкер болса, олардың тең жарымынан астамы әйелдер. Сонымен бірге,  өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің дамуына өз үлестерін қосып шағын және орта кәсіпкерліктің тасын өрге домалатып отырғандардың денін әйелдер қауымы құрайды екен. Жалпы аналар аман жүрсін, 8-ші наурыз халықаралық әйелдер мерекесі құтты болсын!

 

                                                                             Айдын КӘЛІМХАН.