Гүл жайнаған Гүлмира

Уақыты: 10.03.2024
Оқылды: 1531
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өмірде жақсы адамдардың өзіндік орны, салмағы, қасиетін айшықтасақ адамгершілігі, парасаты, білімі қай ортаға болмасын ауадай қажет. Тіпті әлгіндей жаны жарық пендені ешбір құндылықпен ауыстыруға келмейтіндей көрінеді. Жаныңда жүрген жылы жүректі, мейірбан, жомарт көңіл жандар барда өмір шұғылалы, мазмұнды бола түспек.

Жетісу жеріндегі кез келген мәдени шараның басы-қасында жүретін Гүлмира Қалқабаева апайымыз сондай жанның бірі. Шынашақтай ғана болмысына қазақылықтың бүкіл қасиетін дарытқандай, қашан көрсең қарапайым қалпынан танбайтын, ініге де ізетпен қарайтын ашық-жарқын. Байыппен іс қылады. Түгесілген дүниенің төркінінен кеткен кемшіліктің өзін танып, біліп қояды. Тиянақталған шаруаның әсері кейінге жете ме, әр шараның болашаққа әсері бар ма, соны санаға салып салмақтап, бажайлай, байыптай біледі. Бір сөзбен айтқанда, мәдениет саласының нағыз білгірі.

Әдетте Гүлмира Мәлікқызын аптаның бірнеше күнінде жолықтырамыз. Облыстағы мәдени шаралардың: театр қойылымы, кітапханадағы тұсаукесер, концерт, шығармашылық кеш, мерейтойға орай ұйымдастырылған еске алу кештері сынды дүниенің бәрінде шапқылап жүреді. Сабырлы қалпымен, сыни көзқарасымен, салмақты пікірімен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған, яғни өздері жауапты болған шараларға жетекшілік етсе, бір жағы сын елегінен өткізеді. Қуанасың. «Өтті-кетті», «міндеттен құтылдым» дейтін кейбір қызметкерлер сияқты емес, өз ісіне асқан жауаптылықпен қарайтынын осыдан-ақ білуге болады. «Өтті-кетті» болар шараның да шарапаты, кейінге әсері болуына мән беретін осындай шаруақор, еңбексүйгіш маманның мәдениет саласында жүргені сүйсінтеді.

Негізінен Қызылорда облысында дүниеге келген Гүлмира Мәлікқызы Жетісу жеріне бір азаматтай еңбек сіңіріп келеді. Кейіпкеріміз еңбек жолын 1991 жылы Шымкент қаласындағы облыстық Оқушылар сарайында дирижер ретінде бастап, 1993  жылдан бүгінге дейін қызметтің әр саласында маңдай терін шүмектетті.  Қызметтік жолының әр кезеңін айшықтамағанның өзінде  2003 жылдан бері облыстық көркемөнер галереясында бөлім меңгерушісі, облыстық мәдениет басқармасында жетекші маман  (2008 ж.), 2013-2016 жылдар аралығында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасында бас маман, 2016 жылғы 8 шілдеден бастап басқарманың кітапхана ісі, тарихи-мәдени мұра, музейлер жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып қызмет атқарып келеді. 

Міне, осындай қызмет сатысынан өткен, әлі де Жетісу жерінің мәдениетін көтеру жолында талмай еңбек етіп келе жатқан Гүлмира апайды көрген сайын көңіл отығады. Жүрек тоғаяды. Неге? Өйткені адам жаны шынайы, қарапайым, ізгілік пен мейірімі жанарынан төгіліп тұратын қазақы болмыстағы жанды іздейді. Сол үдеден шыққан, жанымызда жүрген жақсы адамды жетісулық зиялы қауым ерекше құрметтейді, сыйлайды, сүйсінеді. Біз де осы ретте Гүлмира апай Мәлікқызын көктеммен келіп жеткен мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ