Шуақ шашқан ақ әже

Уақыты: 10.03.2024
Оқылды: 1046
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жерді жылылыққа орап, жүректерге іңкәр сезім сыйлап көктем келді. Дәл осы кезде Жер-ананың тоңы жібіп бусанып, тіршілік әлемі құлпыра түседі. Күн сәулесі нұрланып, жадырай шуақ шашады. Тамылжыған сәтпен бірге қыз-келіншектер де сұлуланып, шаттыққа бөленеді. 

Көктемнің осындай керемет мерекесі қарсаңында қазақ өнеріне, оның ішінде кино әлеміне танылған «Тақиялы періште» фильміндегі Әлімғазы Райымбековтың асыл жары Гүлжауар Айтжанқызымен әңгімелесудің сәті түсті. Гүлжауар апаны арнайы іздеп барған бізді Майра есімді қызы қарсы алып, анасымен тілдестірді. Әжеміз бүгінде сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанның төріне көтеріліпті. 

Байқағанымыздай, ғасырға жуық жасаған ана әлі тың, сөзі мығым. Алдымен осыдан үш жыл бұрын өмірден озған жұбайы Әлімғазы атаны көзіне жас ала отырып еске түсіріп, өткен өмірінен біраз сыр шертті. Гүлжауар әжейдің айтуынша, екеуі жарты ғасыр өмірдің қызығын да, қиындығын да бірге көре жүріп, үлгілі отбасына айналған. Қазір Райымбековтерді үлкен әулеттердің бірі де бірегейі деп айтуға болады. Атамен бірге жер көріп, ел-жұртпен танысқан кездерін еріксіз ойына алған ана сол күндерді шексіз сағынатынын әңгіме тиегіне айналдырды. Қол жайып, ел мен жердің амандығын тілеп, әр шаңырақтың ынтымағы жарассын, ауызбірлігі бекем болсын деген ниетпен ақ батасын берді. 

Енді Гүлжауар апамыз туралы айтсақ, ол бар өмірін тек отбасына арнаған абзал жан. 10 баласының тәрбиесін көзінен таса етпей, жақсы адам болып өсулеріне күш салып әрі шығармашылықты серік еткен ер-азаматының алаңсыз еңбек етуіне жағдай туғызған. Жұмысты да істеген. Көктем шығысымен балаларымен бірге алқап төсінде еңбектеніп, қант қызылшасын жайқалта өсіруде маңдай терлетіпті. Әжейдің сөзінше, ол кездері егістіктен ат басындай балтамыр жиналып, өнім берекесі тасыған. Өнер жолында елге танымал тұлға ретінде қалыптасуына барынша жағдай жасаған асыл жарына Әлімғазы атаның өзі де талай мәрте ризашылығын білдіріп, алғыс айтыпты. 

Қиындықтарды бастан өткерсе де жасымай, ұл-қыздарына жоғары білім беріп, ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған ардақты ана бүгінде немере-жиендерінің, шөберелерінің арасында отбасының берекесін тасытып, күн нұрындай шуақ шашып, орта толтырып отыр. Әңгіме арасында Гүлжауар әжей қыз-келіншектерге тілегін арнап, ерекше құттықтауын жеткізді. 

– Көктемнің алғаш күндерінде дүние дидары қыз-келіншектердің көңіліне ауады. Сондықтан да әйелдер мерекесін ер-азаматтардың назарынан тыс қалмайтын ерекше күн деуге болады. Бұл мерекеде нәзік жандылардың бәріне жарқын көңіл-күй мен жақсылық тілеймін. Ер-азаматтар оларға үнемі жылу сыйлап жүрсе екен деймін. Осы бір тамаша көктем мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі іспеттес. 

Сондықтан барлық ананың отбасында мол береке мен бақыт, шаттық пен сәттілік болсын! Сондай-ақ, оларға, ең біріншіден, әйел бақытын, үнемі көтеріңкі көңіл-күй, мықты денсаулық тілеймін. Табиғаттың тамаша мерзімі көктемдей құлпыра жасарып, ер-азаматтардың сыйластығы мен құрметіне бөленіңіздер демекпін! – деді ақжаулықты ана. Игі жақсы тілекке қызы Майра да қосылды.

Құттықтаумен бірге бүгінгі қыз-келіншектерге арналған пікірін де білдірді. Әсіресе, жастар бойын жаман әдеттерден аулақ ұстап, қазаққа тән қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық, сабырлылық секілді ізгі қасиеттерді жоғалтпай сақтаса екен дегенді тілге тиек етті. Өз келіндерінің де тәрбиелі отбасынан шыққанын, сол себепті оларға көңілінің толатынын, осындай нәзік жандылар арқылы ел ертеңі тәрбиеленетінін әңгіме арқауына айналдырды. Біз де өз тарапымыздан мерекелік көңіл-күйімізді білдіріп, Гүлжауар апаға ізгі ниетімізді ақтардық. Ұрпағының ортасында жарқырай жүріп, 100 жасауын тілеп қайттық.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Талдықорған қаласы
Суретті түсірген Руслан Қадыров