Қара шаңырақ немесе естеліктер арасынан ең ескі

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1457
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ол арманшыл еді. Бәлкім, бұл алты қыздың ортаншысы әрі әкесінің ұлға балаған перзенті болғандықтан шығар. Ес біліп, жетелеуге жарағаннан бастап үнемі әкесінің қасынан қалмады: шөпке барса қалың өскен бүлдіргенді көрсетіп, тергізе береді, сәл демалатын сәтте қолына іліккен жасыл өскіннің атауын, түр-түсі туралы бейне бір ертегідей әңгімелейді; орман ішінен ағаш жинаса, қайың мен теректі қай жағынан, қалай кескен дұрыс болатынын егжей-тегжейлі түсіндіріп кетеді, ашық аспандағы алуан түрлі бұлттың бірі аюға, бірі тұлпарға, енді бірі батырға ұқсайтынын көрсетеді... Құйрығын ерсілі-қарсылы шайқап, масадан қорғана жүріп, анда-санда бір пысқырып қойып, көз ұшында жайбарақат сан алуан шөпті тамсана, рахаттана оттап жүрген биені алып кел деп жұмсайды бір кезде. Бұл бір ең жауапты да қуанышты сәт. Әкеге көмекші болу деген қандай, ал арқандалған жылқының ноқта тізгінінен ұстап, жетектеп әкелудің өзі бала жанын қандай сезімге бөлейтінін, тезірек өсуге құлшындыратынын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Арба тұрған жерге дейін биеге жайдақ мінгізіп, өзі жетектеп келетін сәтті айтсаңшы: төбең көкке сәл жетпей қалады, жылқының жалынан сипайсың, тазалықты, сұлулықты, биіктікті сезінесің. Сондықтан ол сол уақытта ауыл балалары жаппай оқитын мұғалім, дәрігер, есепшілікке қарайламай ешкім ойламаған журналистікті армандады. Көк толқындай тербелген егістік, жарқыраған айна көлдер, құстар қайтып, құс оралар шақтағы табиғат көрінісі, түтеген бораннан соңғы өлі тыныштық пен тіпті, одан кейінгі етігіңді сықырлатар аяз «әуені»... Бәрі-бәрі қиялын қамшылайтын. Иә, қиял жүйрік... Өмірдің сан қилы сынағына қарамастан оқушы мен студенттік уақыттың арасына сегіз жыл салып, ҚазМУ-дің табалдырығынан аттады. Терістіктің шалғай ауылында тұратын, бір кезде жердің түбіндей көрінетін Алматының қайнаған тіршілігіне сүңгіп кетті. Астанаға тіркелудің, жұмыс табудың қиындығын бастан кешті. Айтуға ғана оңай: үлкен қала, бөтен орта, таным-талғам, тіпті сөйлеу мәнері де басқаша. География мен биографияға қатысты қолдан жасалған кедергілер. Екі айға созылған жұмыссыздықтан соң орысша жазылған партия пленумының шешімін табан аузында аудартып, әбден тексерістен өтіп қазақ баспасөзінің қара шаңырағы Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакциясына тілші болып орналасты. Бұл – мен едім. Уақыт 1983 жылдың 1 тамызы.

 

КӨҢІЛ ТӨРІНДЕГІЛЕР

Олар ілтипатты еді. Алматының қазіргі Жібек жолы көшесіндегі дәл Көкбазардың қарама-қарсысындағы тоғыз қабатты елуінші үйде орналасқан Баспа үйі – өткен ғасырдың жәдігері. Ол жерде ұлттың мұраты мен мүддесін ойлап, жазған шығармасы атын шығарған қазақтың талай біртуар перзенті табанының ізі, естіген құлақта сөзі қалған. Сол асылдармен бір есіктен еніп, бір баспалдақпен көтеріліп, бір асханада тамақтанып жүзбе-жүз көрісіп, қатарластарымен қалжыңдасқандағы ащы-тәтті сөзіне еріксіз жымиятынымыз, сыртынан қарап сүйсінетініміз – бөлек әңгіме. Биік үйдің алтыншы қабатында «Жетісу» газетінің редакциясы. Аптасына бес рет шығатын газеттің жұмысы бейне бір үлкен өндіріс іспетті, ақпараттың тайқазаны күні-түні қайнайды да жатады. Қазақ жерінің Жетісу деп аталатын әйгілі жерұйық өлкесі Алматы облысы батысында Жамбыл, солтүстік батысында Қарағанды, солтүстік шығысында Шығыс Қазақстан облысымен, шығысында ҚХР-ы, оңтүстігінде Қырғызстанмен (Шу және Ыстықкөл облысы) шектесетіні белгілі. Міне, осындай қанатын кеңге жайған облыстың күнделікті тыныс-тіршілігін түпкір-түпкірінен жедел жариялап тұру – жауапкершілігі мол, қызығы мен шыжығы бірдей жұмыс. Ол уақытта компьютер, интернет, ұялы телефон деген жоқ, ар жағын айтпай-ақ қояйын, ертегінің көңілсіз сәттері сияқты...
...Қолына ұстаған сөмкесі түнімен жазған материалдармен, кез келген уақытта қажетті мәліметті таба алатын қалың қойын дәптерімен қампиып, сағат тілі жұмыс басталуына әлі отыз минөт барын көрсетіп тұрғанда алтыншы қабаттың тыныштығына жан бітіріп Мұғалімбай аға Жылқайдаров келе жатар еді. Қатарластары Мұқа, әріптестері ауылшаруашылығының академигі, аяғы бар энциклопедия деп атайтын орта бойлы, жүрісі ширақ қаламгердің басы толған егістік, мал төлдету, шөп жинау, күздік сияқты науқан көрсеткіштері. Қай жерде егістік қалай өсті, астық жинау барысы қандай? Төрт түліктің жайы нешік.... аудан, кеңшар, ұжымшар басшыларының аты-жөні... бәрі-бәрі ағамыздың шағын ғана басының ішінде жүреді. Ешқашан жаңылмайды, қателескенді дереу түзетеді. Бейне бір бүгінгі компьютер іспеттес. Жұмыста да, үйде де жазады. Машбюроға қашан барсаң да Мұқаңның жазғандары шын мәнінде үйіліп жатады. Іссапарға жиі шығады. Қолы сәл қалт етсе үлкен-кішіні кезек-кезек шақырып дойбы ойнайды. Жігіттерді жеңіп болған соң қарама-қарсы бөлмеде отырған біздің есігімізді ашып, сен ана «құзғындар» (жақсы көргенде айтатыны) сияқты алдамайсың деп Күлшат апайды (Баянбаева) шақырады. Мұндайда жазып отырғанын қоя салып, Күлшат апай ағасының соңынан ереді. «Мұқаңды екі рет, үш рет жеңдім»,– деп мәз болып апай келеді сәлден соң. Серпілу, миды жаттықтыру, адамдармен қарым-қатынасты дамыту, үлкен шаңырақтың ынтымағы мен берекесін арттыру сабағы екен ғой мұның бәрі.  
Хабдышаар (есімінің осылайша екенін кейін білдік) Әміренов – үлкен де, кіші де Сары аға дейді. Редакцияда одан бойы биік ешкім жоқ. Шашы аппақ, өзі ақсары, дауысы да өзгелерден ерекше, дәлізде келе жатқанын өзгемен шатастырмайсың. Елдің бәрімен емен-жарқын амандасып, отбасын, бала-шағасының амандығын әбден сұрап жүргені. Бес жылға созылған Ұлы Отан соғысының қан майданын бастан кешкен. Майдангер екенін білген соң ба, жоқ әлде  сағынып жүргенімді біле ме, әйтеуір алыста қалған әкемді жиі сұрап тұрады. Сол кезде басымнан сипап, арқамнан қағып қояды. Тереңде жатқан сағыныш сызығы дыз ете түседі. Солтүстіктің қатты болатын қысын, тәтті болатын етін де әңгімеге айналдырамыз. Соғым соя салысымен әкем жіберетін посылка келісімен Сары ағаңа міндетті түрде ауыз тигізем. Мұндайда жетпеген жерін өзі түзеп, Гүлшат апай түскі үзілістегі шағын шайдың шырайын да, мазмұн-мәнін де арттырып, келгендерді тамсандырмай қоймайды. Қара шаңырақтың бір бөлмесіндегі алысты жақындататын, суықты жылытып, мұзды ерітетін тек қазаққа ғана тән бауырмалдық пен қамқорлықтың, жылылықтың шағы осындай болатын.
Ол біліктілігімен ерекшеленетін. Редакцияда Мәскеуде не болып жатқанын үздіксіз жеткізіп тұратын түнімен тоқтамайтын телетайп деген бар сақылдаған. ҚазТАГ-дегенің ол Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатын тынымсыз хабарлайды. Осының бәрін жіпке тізгендей өз орнымен салиқалы салмақтысын оқырманға жеткізерде мін болмауы керек. Орысша келгенін қазақшалау да оңай жұмыс емес. Осының бәрі ертеңгі нөмірдің бүгін теріліп, қатталатын беттеріне орналасып, кешке редакция алқасының алдына келеді. Сол сәтте мәтінді оқымай-ақ, қай жерде қандай әріп түсіп қалғанын, орынсыз аударылған сөздің баламасын, қай суретте көзге оғаш мін тұрғанын бірден-бір қарағанда көретін бас редактордың бірінші орынбасары болды. Көбінесе «Огниден» аударуға мәжбүр етіп қоятын облыстық партия комитетінің пленум, конференция материалдарын аударғанда алдына жан салмайтын. Алдына барған материалдарды да тез оқиды. Түзетуі мен пікірін де  мақала авторына сол сәтте айтады. Сілтер жолын да ұзақ-сонарға салмай қысқа-нұсқа жеткізеді. Алдымен көңіліңді көтерер жылы сөзін аямайды. Бірде жазғы жеңіл бір көйлегімдегі ағылшынша жазуға қарап, «бұл не деген сөз» деп сұрады. «Жаным, Жанна», – деген дедім жақсы ағаның әзіліне қарай. Сол сәттен бастап, маған «Жаным, Жанна», – дейтін еді. Ағаның қарындасқа деген керемет бір жанашырлығы, қамқорлығы сезіліп тұратын. Әрқайсысы әр орыстың қосымша үйінде пәтерде тұратын ұл-қыздың қабағынан ертемен жұмысқа қандай көңіл-күйде келгенін бірден сезетін. Оларға АПН  материалын аудартып, тек бөлім меңгерушілері ғана жазатын бас мақаладан беріп, қаламақылары сәл де болса көбейсін деген ағалық жанашырлық қамқорлығынан тыс қалдырмайтын. Ешкімге бөле-жара қарамайтын. Ол – кейін «Қазақстан мұғалімі» газетіне бас редактор болған Жанәбіл Темірбеков ағамыз еді.
Қайран біздің ағалар, қарындасты қарлығаштай қорғаған, әріптесті әзілімен қолдаған.
Ол ешкімге ұқсамайды. Әдемілікті, сұлулықты, тазалықты жақсы көреді. Он жылға жуық бір бөлмеде бірге отырғанда ол кісінің шашының дұрыс таралмағанын не болмаса киімінің қыры сынып тұрғанын, асыққаннан қалай болса солай келе салғанын бірде-бір рет көрмедім. Үйінде төрт баласы, бап пен бақты бірдей талап ететін ақын жұбайы бар. Соған қарамастан өзіне де, редакцияның жұмысына да уақыт табады. Екеуміз бірге талай жақсы бастама, жаңа айдарды тауып, газетке айына бір рет шығатын «Шаңырақ» деген отбасылық бетті жүргіздік. Оның ғұмыры ұзақ болғаны соншалық, әлі күнге дейін әлеуметтік мәнін, оқырманын жоғалтқан жоқ. Тарих қойнауына сүңгіген отыз-отыз бесжылғы нөмірлерін ақтарсаңыз, біздің қолтаңбамыз бұл сөзімді растай түсер еді. Біздің «Совет құрылысы және әлеуметтік мәселелер» деген бөлімде тек қыздар – Нұрбүбі Қыдырова үшеуіміз. Редакция ішіндегі жарыстарда жігіттерден қалып қалмау үшін аянбаймыз. Қорытындыларда үнемі солай болады да, көшбасында біздің бөлім тұрады. Кейін редакцияда әлеуметтік мәселелермен тек қыздардың айналысуы дәстүрге айналып кетті.
Сабырмен, ойланып сөлейді. Жас айырмашылығын он-он бес жыл құраса да әріптес ғана емес, әпкелі-сіңлілі, сырлас-мұңдас құрбыдай болдық. Қайда барсақ, бірге жүреміз, соған қарай бізді үлкендер жағы «ағайынды қоңыр қаз» деп те атап кетті. Жалғыз мен ғана емес, редакциядағы қыздардың барлығы оған қарап бой түзеуге, ой түзеуге ұмтылатын. Ол – корректорлықтан бастап, газет жұмысының ой-шұқырын жетік меңгерген, бөлім меңгерушісі бола жүріп зейнеткерлікке шыққан, сыйластық пен сырластықтың әдемі үлгісін көрсете білген Гүлшат Баянбаева апайымыз.
 
МЕНІҢ РЕДАКТОРЛАРЫМ

Өмір мектебі. 1986 жылдың желтоқсаны. Шыдас бермеген жүрек бұлқынысымен  «Менің елім...» деп ән салып, алаңға шыққан жастардың найзағай-намысы. Мұзы кетсе де сызы кеппеген сол уақыт салқыны кімнің жанын ауыртпайды дейсің. Ал «жетісулықтар» жүз жыл өтсе де ұмытпайтын шығар. Сот залында басына төнген өлім қатерінің үрейі емес, намыс отын жағып, қасқайып, қаһарланып тұрған бесеудің суретін жариялағаны үшін «Жетісу» газетінің бас редакторы жұмыстан қуылды, партиядан шығарылды. Газет – ұжым болып атқарылатын жұмыс. Басқа біреу болса  жауапкершілікті сол күнгі кезекші, бет жүргізуші...т.б. толып жатқан жауаптылардың біріне артып, бас сауғалаудың жолын іздер еді. Ал сол кездегі редакторымыз кісілік пен азаматтықтың қайталанбас үлгісін көрсетті деп білемін. Бір өзі бар жауапкершілікті мойнына алып, еш жерден жұмыс та таба алмай Алматы іргесіндегі Қаскелеңге жаяу қатынап, аудандық газетте корректор болғаны бар. Жастарды аяды, солардың сағы сынбасын деді. Бұл – менің жеке пікірім. Сол үшін де ерекше құрметтеймін сол бір өте байсалды, парасатты, абыройы биік жанды. Ол – Мамадияр ЖАҚЫПОВ ағамыз.
Басшы болудың бақыру еместігін әдеп-әдетіне қатты сіңірген, өзгеге де соны ұқтырғысы келіп жүреді. Комсомол, партия қызметінен бойына сіңген болуы керек тым салмақты, орнықты, қатарлас қаламгерлер реті келіп қалған сәтті бос жібермей тірі жанды күлдірмей қоймайтын небір қалжыңға ерік беріп жатса да жымиғаннан әрі аспайды. Күлімсіреген сәтте жүрегіне тұнған мейірім мен жылылық ақ құба жүзін нұрландырып, төңірегіне шуақ шашады.Үлкен ұжымда болмай тұрмайтын кемшілікке ренжіп, ашуланған тұста алақандай жанары алайып шыға келеді. Қыздарға айтылатын танакөз деген теңеу жайына қалсын. Кімнің болсын зәресін ұшыратын осы көзқарас. Санасында сәулесі бар адам сол көзқарастан оқша борап, жаныңды ауыртар айтылмай қалған сөздің бәрін ұғатын. Жұмысқа қатысты осыншама қатал көрінгенімен тәкаппарлықтан ауылы алыс қарапайым жан. Білмей тұрғаныңды үйретуден, ақыл-кеңес беріп, өмір сабағын зердеңе құюдан жалықпайтын. Кейін зейнеткерлікке шыққан соң да ұжымынан қол үзбеген оның осы бір бейнесі баршаның есінде деп білемін. Ол – он жылға жуық «Жетісу» деген қара шаңырақтың бас иесі болған Баймолда МУСИН болатын.
Журналистика –үнемі ізденіс, оқу мен тоқуды қажет ететін мамандық. Билік пен халық арасындағы алтын көпір. Қоғамдық пікір тудырушы, қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Қаламның күшімен шығармашылығы арқылы қоғамға, қалың оқырманға қызмет ету жолында ешқашан қателесуге болмайтын, жаңа мен жаңалықтың жақтаушысы. Кіммен болсын тез тіл табысқыш, ілтипатты, бауырмал болуы керек. Ол, міне, осы қасиеттерді алғаш рет қолына қалам ұстағаннан бастап бойына сіңірген. «Жетісу» деген қара шаңырақтың жолбасшысы болған кезде ұжымдағы журналистерден бастап газеттің қара жұмысынан бас көтермейтін корректорлар мен беттеушілерді шығармашылыққа, ізденуге, бір-бірімен бір үйдің баласындай ынтымақты болуға баулыды. Дәліздің есігін ашқаннан бастап, көзіне көрінгеннің бәрінен «айналайын» деп амандық-саулық сұрасып келе жатады. Соның арқасында газет ол басқарған он алты жылда түр сипаты, мән-мазмұны өзгерді, оқырманы көбейді. «Замандас», «Ардагер» деген қосымшасы пайда болды. Журналистердің таным-талғамы кеңейіп, қаламы ұштылды. Ол – Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ.
 Ол – сан қырлы, дара сырлы. Ой мен сезім зерін сұлулық пен сезімге тұндырар  шайырлығы, топ алдында, көп алдында, алқалы жиында, мәртебелі мінберде мәселе қозғап, ой айтарда түйдек-түйдек дәйегі мен дерегін мәнерлеп отыратын шешендігі кімнің болсын жанын сүйсіндіреді. Жаны сергек, көңілі таза. Қай жерде, қай тұста, кіммен болсын қасындағыларды күлкіге көмдіріп, небір тамаша қазақы қалжыңдарымен төңірегін дүркіретіп жүргені. Тиынын теңге жаса алмай қиындықтан қабағының өзі біртүрлі болып кеткендер онымен кездескен бір сәтте мәре-сәре болып, өмірге деген көзқарасы, көңіл-күйі тасып шыға келетіні ақиқат. Үлкен-кіші демей әріптестерінің барлығымен бірқалыпты. Газеттің мазмұн-сапасына қатысты иненің көзіндей болсын пікір айтқан жанды соншалықты қолпаштап, марқайтқан сәтте қалғандары келесі жолы осылайша мерейлі болу үшін жақсы жазуды, орынды ой айтуды зердесіне құяды. Бүгінгі жастарды осылайша тәрбиелеп, қанаттандырып келеді. Ынтымақ-бірлігі, шығармашылық қалпы осылайша жанданған бүгінгі «Жетісудың» кескін-келбеті, мән-мазмұны ерекше. Жаз болса қымыз, қауын-қарбыз, қыста ыстық шайын бөліп ішіп, ежелден келе жатқан игі дәстүрді, қазақы қалыпты өз сәнімен жалғастырып келеді. Әрине, ұжымның ынтымағы басшыдан бастау алады. Ол – ақпарат айдынындағы «Жетісу» деген алып кеменің капитаны, жүзге келуіне санаулы ғана күн қалған қара шаңырақтың абыройлы иесі – Әміре ӘРІН.
Олардың әрқайсысы бір-бір университет. Мен көрген өмір мектебінің  бір парасы, міне, осындай.

ТҮЙІН ОРНЫНА:

Қара шаңырақ – әр қазақтың сол үйдің табалдырығынан басқа биік тауы жоқ боп саналатын, қашан болсын айналып бір соғатын, бара алмаса, жете алмаса көңілінен өшпейтін, көкейінен кетпейтін түпқазығы. Есігінен еніп, табалдырығын аттаған қаншама қаламгердің (жүз жылда олардың саны қанша болады десеңізші) қаламын ұштап, қанатын қатайтқан «Жетісу» деген қара шаңырақтың суығына тоңып, ыстығына күйген жемісті, жеңісті отыз жылдан астам уақытым өтті. Ақыл-ойдың іргетасы болып саналатын өмірлік тәжірибе алдым. Білмегенді сұрадым, білгенімді үйреттім. Көңілімнің төрінен, жүрегімнің түбінен орын алған осынау аяулы жылы ұям жаққа әлі де  құлағымды түріп жүремін, бүйрегім бұрып тұрады. Өйткені мен сағынатын, жүгіріп алдымнан шығатын жандар бар. Жүзжылдық мерейтой құтты болсын, әріптестер! 

Жанкүміс ЖӘМЕҢКЕ, 
ҚР Мәдениет қайраткері
Алматы шаһары