Әншінің соңғы сапары

Уақыты: 19.09.2016
Оқылды: 2636
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өнерсүйер күллі қазақ жұрты үшін жазиралы Жар­кент  елі  мен  жері  дегенде ең алдымен еске түсер ай­­шық­ты екі есім бар. Оның бірі  қазақ  бейнелеу өне­рі­нің  көшбасшысы, Халық суретшісі  Әбілхан  Қас­теев. Ал екіншісі  табиғат берген ерекше әсем дауы­сы­­мен,  дара  саз­герлігімен, дәстүрлі орындаушылық  қа­­­рымымен  күміскөмей  әнші  атанған Қазақ­станның Ха­­­лық әртісі  Дәнеш  Рақышев. Қазақ халқының  өнер  әле­міндегі алтын  қорынан  мызғымас  орын  ал­ған бұл екеуі­нің  есімдерін  мақтан ету мен  атақ-даң­қын ар­дақтау жерлестеріне   дәстүрге айналған  қа­сиет­ті қағида.

Шіркін, әсем әні халқының құлақ құ­рышын  қандырған Дәкең тірі болғанда биыл мамыр айында жасы 90-ға толып, ту­ған елін  той-тамашаға  бөлер  еді. Оның  бұл дүниеден  өткеніне де ширек  ғасырға  жуықтап  қалыпты.

Артына өлмес өнерін  қалдырған асыл бейненің  мерейтойын кіндік қаны тамған жұрты ескерусіз қалдырмайды. Биыл  жа­зи­ралы  Жаркент  өңірінде  Халық  әртісі Дәнеш  Рақышевтың  90 жылдық  мерей­тойына  бағышталып, бірқатар іс-шаралар  өткізілмекші. Солардың  қатарында спорт­тық жарыстар, оқу орындарында, ауыл  сах­наларында  ұйымдастырылатын  ән-сауық кештері, аудан  көлеміндегі талапкер  әншілердің  «Ән  салсаң Дәнештей сал» атты дәстүрлі байқауы бар. Қызы  Гүлнар  Дәкең  туралы  естеліктерді  жинақтап,  кітап  шығармақшы.

Өнерде  оза  шауып, көмбеге  дара  ке­лу  кез  келгеннің  қолынан  келе  бер­мейді. Ба­ғы  жанып,  бабы  келіскен  және  сол  екеуін  басынан  тайдырмай  еңбектене  біл­ген   жандар  некен-саяқ. Солардың бірі  күміскөмейден  төгілген  әсем  әуен­де­рі­мен,  орындаушылық  шеберлігімен  там­сан­дырған  дарабоз  әнші  Дәкең  емес пе  еді. Сол  Дәнеш  Рақышевтың  әуелеген  ән­дерін  көзбе-көз  отырып  тыңдап, бір­неше  мәрте  дәмдес  болғанымды  мен  де  мақтаныш  етемін.

Соның  ерекше  бір  мәндісін  оқырман  қаперіне  салайын.

...Мамыр  айының  соңғы  күндерінің  бірі  болатын. Алма,  өрігі  гүлдеп, кең  кө­ше­леріндегі  шынар  ағаштары  жапырақ  жайып  үлгірген  Жаркенттің  күні  ысып,  шы­жып  кетіп  еді. Ол  кезде  аудандық  «Жар­кент  өңірі»  газеті  редакторының  орын­басары  қызметін  атқарып  жүргенмін. Түс­кі  үзілістен  келіп, салқын  бөлмеде  дем  басып,  желпініп  отырғанда  есік  ашылып, сол  кездегі  Талдықорған  облыстық  «Жер­ұйық»  газеті  бас  редакторының  орынбаса­ры марқұм  Қанат  Асқаров  пен  республи­ка­лық  «Халық  кеңесі»  газетінің  Талды­қорған  облысындағы  меншікті  тілшісі  Талғат  Батырханов  кіріп  келді. Бұрын  об­лыстық  газетте  бірге  жұмыс  істеген, сый­лас­тығымыз  ерекше,  көптен  көріспеген  ес­кі  достар  құшақтасып  амандасып,  мәре-сәре  болдық  та  қалдық.

– Дәнеш  аға  да  осы  жақта  жүр  деп  естідік,  көрдің  бе? – деді,  сәлден  соң  Талғат.

Мен  бұл  жаңалықтан  хабарым  жоғын  айттым.

– Мырзаш, жолдан  әбден  шаршап  келдік, бір  жерден  шай-пәй  ішсек  жақсы  болар  еді, – деді  Қақаң  мені  өзімсініп.

– Оған  әңгіме  бар  ма,  жүріңіздер,  үйге  барып  Сайраштың  шайін  ішеміз, – дедім.

Содан  Қанат  Асқаровтың  бес  орынды  «Уа­­зигіне»  отырып  біздің  үйге  келдік. Сал­­қын  кең  бөлмеге  дастарқан  жайылып, Ал­тынемел  асуын  асып,  алыс  жолдан  кел­­ген  достар  шөл  қандырып  шай  ішті. Сай­раштың  тамағы да  көп  күттірмей  дайын  болып, ауқаттана  отырып  әңгіме  дү­кеніміз  қыза  түсті. Бір-бірімізден  көз  көр­ген, көңілі  жақын  ағайындардың  аман­дығын  сұрасып  отырған  сәтте үйге  аудан­дық  газеттің  редакторы  Нұрәділ  Бегім­бе­тов  кірді. Ол  Талдықорғаннан  кел­ген  жі­гіт­тердің  осында  екенін  естіп  ке­ліпті.

– Сіздердің  келе  қалғандарыңыз  жақсы  болды,  Талдықорғаннан  Дәнеш  Рақышев, Рахила  жеңгем, облыстық  «Қазақ  тілі»  қоғамының  төрағасы  Кемел  Құсайынов  келіп  еді, Жаскенттегі  сыйханаға  екі  мәрте  Еңбек  Ері  Николай  Головацкий  қонақкәде  жасатып  отыр. Қазір  осы  отырғандар  тү­гел  сонда  барайық, – деді.

Бәрімізге    Дәнеш  ағаның  жөні  бөлек  болатын,  мына  хабарға  қуана  келісіп,  Нұр­әділдің  соңынан  ердік. Біз  сол  кездегі  атағы  Одаққа  аспандап  тұрған,  екі  мәрте  Еңбек  Ері  Николай  Головацкий  басқа­ра­тын  «Қазанның  40  жылдығы»  агрофир­масының  орталығы  Жаскентке  жеттік.

Уақыт  бесін  мезеті  еді. Жақында  са­лы­­­нып,  пайдалануға  берілген  зәулім  Мә­де­ниет  үйінің  сәнді  бағында,  кешкі  сал­қында  Дәкең,  қасында  ақын  Тоқбай  Иса­беков,  агрофирманың  ең  үлкен  өнді­ріс­тік  бригадасының  басшысы, Дәкеңнің  сый­лас  інісі  Тұрғанғазы  Жапарқұлов  ақ­са­қал  жә­не  агрофирма  төр­аға­­­сының  орын­басары  Мә­лік  Балғабаев, Кемел  бар,  бәрі  әңгіме­ле­сіп,  серуендеп  жүр  екен. Бәріміз  жапа­тар­мағай  әнші  мен  ақынға,  басқаларына  амандастық.

– Қанат,  айналайын, бір  қалада  тұрсақ  та  бүгін  Жаркентте  кездескеніміз жақсы  болды-ау, – деді  Дәкең  әдеттегідей  риясыз  ақ  көңілімен  інісіне  әзілдеп.

Осы  кезде  Мәлік  Балғабаев  бәрімізді  дастарқанға  шақырды. Талай  ұлан-асыр  той  өткен,  атшаптырым  кең  мейрамха­на­ның  бүйіріндегі  шағындау  банкет  бөл­ме­сіне мол  дастарқан  мәзірі  әзірленіпті. Төр­ге  құр­метті  қонақ  Халық  әртісі Дәнеш  Ра­қы­шев  пен  зайыбы  Рахила  жеңгеміз  жай­ғас­ты. Ақын, Қазақстан  Жазушылар  одағы­ның  мүшесі  Тоқбай  Исабеков  осы  шаруа­шы­лық­та  «Қазақ  тілі»  қоғамының  төр­аға­сы  бо­латын. Арғы  жақта  да,  бергі  жақта  да  ән­шімен  үзеңгілес  бірге  жүрген  се­рік­тері  Тұрғанғазы  ақсақал  мен  Тоқбай  ақын  тым  көңілді. (Оқырманға  түсінікті  болуы  үшін  айта  кетейін, Дәкең, Тоқбай,  Тұрғанғазы  өткен  ғасырдың  елуінші  жылдарының  орта  шенінде  Қазақстанның  азаматтығын  сақтағандар  қатарында Қытай  жерінен  елге  бірге  оралған).

Осы  жолы  Жаркентке  әншінің  отба­сы­мен  бірге  келген  облыстық  «Қазақ  ті­лі»  қоғамының  төрағасы  Кемел  Құсайы­нов  әзілқой  әдетімен  Тоқбай  ақынды  жез­десініп  нешетүрлі  қалжыңдарын  ағытып  отыр. Тоқаң  да  қарап  қалсын  ба, жанға  жайлы  орынды  әзілге  ішек-сілесі  қатып  кү­ліп, өзіне  ғана  жарасатын  әдетімен  са­нын  бір  соғады  да, балдызына  өлеңдетіп  жауап  береді. Алғашында    Дәкеңнің  атақ-даңқы,  үлкендігі  мысымызды  басқан  Нұр­әділ  екеуіміз  де  әншінің  жарқын  жүзінен  көңілге  демеу  тауып,  еркінси  бастадық. Даяшы  қонақтарға  шай  құйса, біз  көңіл  көтерер  басқасын  құйып,  үлкендерге  құ­рақ  ұшып  қызмет  жасап  отырдық.

Осы  кеште  Дәнеш  Рақышев  шырқаған  қайсы  ән  болсын  құлақ  құрышын  қанды­рып, көңілге  жел  бітіріп,  жасыл  белде  же­ліп  бара  жатқандай  сезімге  кенелдік.

Әркім  Дәкеңнен  ебін  тауып,  жаны  қалайтын  әнін  сұрайды,  сөйтіп  отырғанда  қа­тарынан  үш-төрт  ән  шырқалды. Арагідік  орнымыздан  тұрып,  сөз  сөйлеп,  қонақ­тарға  арналған  тілегімізді  айтамыз. Әсем  сөз­бен  әспеттелген  жақсы  тілектер,  жара­сымды  әзілдер  әнші  мен  облыс  орталы­ғы­­нан  келген  ағайын  азаматтарға  арна­луда. Шіркін-ай  десеңші,  Дәкеңнің  осы  жолы  туған  жермен, елімен  тіршілігінде  соң­ғы  рет  қоштасуға  келгенін  біз  түгілі өзі  де  сезбеген  болар.

Бәз-баяғы қалпында, үлкенмен  де,  кі­ші­мен  де  ақжарқын  әңгімелесіп, ән  сал­ған­да  дауысын  әуелетер  тұста  жүзінен  сәл  қиналыс, қабағын  шытыну  байқалса  да,  онысын  қасындағыларға  сездірмей  «Аң­шының  әнін», «Саясында  алманың», «Балжанайын»  шырқап,  туған  жер  аспа­нын  қорғасындай  балқытып,  тыңдаған­дар­дың  құлақ   құрышын  қандырып отырды. Әр  ән  айтылған  сайын  оның  өмірге  келу  тарихы, әуені  мен  сөзінің  ерекшеліктері,  тың­дағанды  тамсандыратын  оқиғалар  ай­ты­лып, Тоқбай  ақын  мен  Тұрғанғазы  ақ­са­қал  арғы  жақ  пен  бергі  жақта Дәкеңмен  бірге  өткізген  күндерін  еске  алысады. Ара­сында  артта  қалған  жастық  шақтың  қай­та  оралмас  қызықты,  қимас  сәттері  ой­ларына  орала ма,  қысқа  үнсіздік  би­лейді.

Осындай  ән тоқтап,  әңгіме  толас  тап­қан  сәтте  әншіге мен  де  бір  қолқа  сал­дым. Дәкең  шырқайтын  әндердің  ішінде  «Баянауыл»  құлағымнан  көптен  кетпей  жүрген. Оны  бұрын өз  үйімде  Ғалым  Жа­зыл­бековтің  домбырамен  орындауында тың­дап, сөзі  де,  әуені  де  жүрегіме  жылы  ұя­лаған. Әншінің  өз  орындауында  бір  тың­­дар  ма  еді  деген  арман-тілек те  маза­лайтын. Осы  тілегімді  Дәкеңе  жеткізге­нім­де  дауысым  дірілдеп кетсе  керек,  барша  қауым  маған  аңтарыла  қарады. Әз  аға,  әнші  аға «Шын  тілегің  сол  болса,  орын­дайын»  дегендей  күлімсіреп, қоңыр  дом­бы­раға  қолын  созды. Шай  мен  пәй  ара­ла­сып  шекелері  тершіген  басқалар  да абыр-дабыр  әңгімелерін  тоқтатып, сілтідей  тынды.

Пай,  шіркін, «Баянауыл»  нағыз  сағы­ныш­­тан  сарытап  болып,  елегзіген  көңіл­дің  көрінісі  дерсің. Оны  Халық  әртісі  Дә­неш  Рақышевтың  өзі  орындағанда  көз  ал­дыңа қиян  таудағы  жалғыз  киіз үй,  оны  ты­нымсыз  сабалаған нөсер, ұйқысы  қа­шып, ға­шығын сағынған жас  жігіт  елес­тей­ді  екен. Жа­ны  қалаған  сүйген  жарға  жете  алмай, көңі­лі  құлазыған  сері  жігіт  мұңға  толы  ән­мен  басындағы  бұлтты  сейілткісі ке­леді. Бі­рақ  басқа  түскен  тағдыр  тауқы­ме­ті оған жет­кізбейді. Ән  аяқталғанша  көңіл  көкжие­гін  осындай  ой-елес  аралап  өтті.

Әнші  домбырасын  орындық  жақ­тауы­на  сүйеп,  орамалын  алып тершіген  маң­дайын  сүрткенше  дастарқан  басында  отыр­­ғандар  сілтідей  тынып,  мұңды  әннің  әсе­ріне  арбалды. Осы  тыныштықты  бұзған  біреу  (анығы  есімде  жоқ)  Дәкеңнің  туған  елге  көптен  концертпен  келмегенін  айтып  қалды.

– Келемін,  жақында  осы  жақты  ара­лап,  елге  жаңа  бағдарламамызды  көрсет­пек­піз. Осы  жолы  ел  азаматтарымен  со­ның  жайын  келісіп  кетпекпін, – деді  Дәкең.

Бірақ  дүлдүл  әнші  туған  жер,  өскен  ел­ге  қайтып  келе  алмады. Сол  Жас­кент­тегі  жанға  жайлы  кештен  соң он  күн  өт­кенде  Талдықорғаннан  Жаркентке  «Әнші  Дә­неш  қайтыс  болды», –  деген  суық  ха­бар  жетті...

Мырзағали НҰРСЕЙІТ