АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС

Уақыты: 25.01.2019
Оқылды: 1302
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Әлихан Тойбаевтың өнегелі өмірінен үзік сыр
 
Әлихан екеуміздің ма­­ман­дығымыз да бөлек, туыс-жекжаттығымыз да жоқ. Ұлытау ауданының ту­ма­­сымын, жерлес те емеспіз. 
Студенттік досым Абілхакім Ақмурзин арқылы бір дастарқанда кез­десіп, танысқанымызға 40 жыл болды. Сайдың тасындай іріктелген жігіттердің ішіндегі сабырлы, аз сөйлеп, көп тыңдайтын кішіпейіл, қарапайым, лауазымды қызметте болса да кісілік пен кішіліктің тізгінін тең ұстаған азаматтың өмір жолы, ататегі мені қызықтырмай қоймады. Текті тұқымнан екені бірден көзге ұрып тұрды. Жақынырақ таныса келе зерделесем талай тұлғалар шыққан киелі Талғар топырағынан екен. 
Бұрынғы қазақтардың ішіндегі көзі ашық, көкірегі ояу, дуалы ауыз бабаларымыз артына өшпес сөз қалдырып, болашақты болжап кеткен ғой. Тарихи дерекке сүйенсек, Амандық Баталовтың ұлы бабасы Шәңкі бидің қартайған шағында баласы өзінің баласына ренжіп, ұрсып отырса керек. Сонда Шәңкі би ақсақал: «Балам, тоқта, ренжіме, сен мендей болмайсың, ол сендей болмас, бәрібір қатарынан қалмас, тектіліктің шеңберінен шықпас, тектілік тұқым қуады», – деген екен. Келесі тарихи дерекке тоқ­талсақ, Талғар ауданының Фрун­­зе ауылына атақты Әлі­би Жангелдин мемлекеттік ор­­ден тапсыра келіп (1948 ж.)  Әбдіхан әкеміздің үйінде отырғанда шаруа істеп жүрген аяғы ауыр Әспет анамызды көріп: «Аман-есен боса­нып, ұл туса атын Әлихан қойы­ңыздар. Алаштың көсемі, қазақтың арыстан тұлғасы ғой, балаңыз да арлы, атына сай жаман болмас», – депті. 
Бірде аудандық атқару комитетінің төрағасы Әбдіхан әкеміздің үйінде демалып шынтақтап жатса, еңбектеген кішкентай Әлихан жармасып, әлгі кісінің үстіне шығып құлап түсіп, тырмысып қайта шығыпты. Сонда әлгі кісі балаға қарап «еңбекқор болады екен, өскенде өмірдің өрінде, қонақта дастарқанның төрінде болар» деп жорамалдаған екен. Бұрынғы дуалы ауыз адамдардың айтқаны періштенің құлағына шалынған-ау, қолмен қойғандай емес пе?!
Әбдіхан әкеміз армияға 1939 жылы кеткеннен соғысты аяқтап, ауылға 1947 жылы бір-ақ келген. Қарапайым жұмыскерден бастап, есепші, колхоздың төрағасы дәрежесіне дейін көтеріліп, елдің көркеюіне тер төгіп, адал еңбек етіп, аты аңызға айналған. 
Анасы Әспет апа үйдің шаңырағын шайқалтпай, босағасын берік ұстап, қазанын оттан, отағасын аттан түсірмей, өкіметтің жұмысынан қалдырмай, кісісін де күтіп, балаларын да өсіріп тағылымды тәрбие берген ана. 
Әлихан 7 баланың үлкені. Анамыз ауылдың ұйытқысы, мейірімділігі көзінен, жылуы жүрегінен, адалдығы ісінен көрініп тұратын адам болған. Жаратушыға жалбарынып: «Қызым үшін қызартпа, ұлым үшін ұялтпа» дегенді жиі айтады екен. Шүкір, балалары әлі қызартып, ұялтып көрген жоқ, тілегі қабыл болыпты. 
Балалардың үлкені бол­ғандықтан Әлихан жұмысқа буыны қатпай тұрып араласты. Өткен өмірі тақтайдай тегіс болған жоқ. Өмірдің кедергілері, бұралаң жолдары, қиын өткелдері, батпақ, балшықтары да болғанын білеміз. Жас жігітке әке-шешесінің өмірден ерте өткен қайғысы ауыртпалық пен жауапкершілікті сезінуден басталды. Әсіресе үш інісінің бірінен кейін бірі қайтыс болғаны қабырғасын қайыстырып, жүйкесін тоздырып жібергені айтпаса да белгілі. Қиындыққа морт сынып, жүгі жығылып, құлазып кететін адам емес екенін көзіміз көрді, қайта болған іске болаттай ширап, қайраттанып, қара нардай көтеріп, олардың отбасын өрге сүйреп, әкелерін жоқтатпай қамқорлық жасады. 
Ер жігіт ат жалын тартып мінгенде екі нәрседен қателеспеуі керек екен. Біріншісі, өмірлік жар таңдағанда, екіншісі, мамандық таңдағанда. Әлихан екеуін де қателеспей дәл таңдаған азамат. Белгілі данышпан ғалым атамыз Мәшһүр-Жүсіп Көпеев Абайға сәлем беруге барып, «Ассалаумағалейкум» деп табалдырықтан аттай бергенде, Абай: «Тоқта! Иман қайда? Жұмақ қайда?» – деп сұрапты. Сонда Мәшһүр-Жүсіп «Иман жүрегімде, жұмақ кімнің әйелі жақсы болса сол үйде», – деген екен. Қанағаттанған Абай төрге шығарыпты. Бір данышпан: «Үйінде бақытты адам – ең бақытты адам» деген екен. Олай болса Әлихан бақытты адам, жұмақ та үйінде. Әлиханның балаларының анасы, құдай қосқан қосағы Нұржамал отбасының шаруасына ешкімді алаңдатқан жоқ. Үйдегі береке-бірлікті, мейірімділікті, жылулықты сақтай білді. Кейде үйге барарда Әлекеңе: «Үйде кім бар?» – деп сұрасақ, «Үйде балабақшаның балалары (немерелері), балабақшаның меңгерушісі (Нұржамал) бар», – деп жымиып күледі. 
Әйел адамның негізгі міндеті саналы ұрпақ тәрбиелеу болса, ол емтиханды беске тапсырып өткен қадірлі ана, құрметті әже – Нұржамал. Енді солардың жемісін көріп рахаттанып отыр. Бір баласы аудандық соттың судьясы, бір баласы облыстың бас прокуроры, енді бірі аудан әкімінің орынбасары, т.с.с. Немерелері де ұятын жоғалтпаған, арын ардақтаған, ешкімге жала жаппаған, жақсылықты үйреніп, жағымпазданбаған, тегіне тіл тигізбеген жастар. Мұның бәрі үйдегі тәрбиенің арқасы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегенді қазақ бекер айтпаған.
Нұржамалдың тағы бір қасиеті, Әлиханға: «Қайда барасың? Қашан келесің? Қайдан келдің?» – деген сұрақты өмірі қоймаған. Себебі, бұрынғы қазақи тәрбиеге сүйенсек, әйел адам ер-азаматына ондай сұрақ қойса, жолы болмайды, күні сәтсіз аяқталады деп ырымдаған. Яғни, Нұржамал жастайынан осы қағиданы өзінің ережесіне айналдырған. Екі әйелдің бірінің қолынан келмейтін шаруа емес пе?! Мойындамасқа болмас. Ері қызметтен шаршап келгенде күліп қарсы алып, үйден кеткенде тілеуқор болып, аман келуіне Жаратқанға жалбарынып отыру да қалыптасқан әдетке айналған. 
Нұржамал қанша білімді, жан-жақты, өнегелі ортамызда қадірлі болса да оның Әлекеңді өзінен жоғары ұстап, қас-қабағына қарап, ізеттілік көрсетіп отыруы келіндерге де үлкен тәрбие емес пе? Дана бабаларымыз «Күйеуіңді хандай көтерсең, қалай ханым болғаныңды білмей қаласың» десе, «Ерін сыйлаған әйел есікте отырмайды» деген де сөз бар. Сол себепті мен бір немеремнің атын Әлихан қойсам, бірінің тұсауын ырымдап Нұржамалға кестірдім. Келінімнің мінезі Нұржамалға тартады деген үміттемін.
Мамандық таңдағанда да Әлекең он ойланып, ой өлшемінен өткізген. Қасиетті Жер-анаға аянбай тер төксем құр қалдырмас деп үміттенген. Жерге бүкіл халық жұмылып еңбек еткен, жер елді асыраған. Олай болса халықпен бірге болу, тіл табысу, халықтың мұқтажын ойлау, оларға жағдай жасау таңдаған мамандығының алтын арқауы болған. Өз міндетін ойдағыдай атқаруы Әлиханның табиғи туа бітті психолог болуында, адамның қабілетін, ішкі сұранысын бір көргеннен сезіне білуінде жатыр десек қателеспейміз. 
Колхоздың егістігінде қарапайым жұмыскер, бригадир, бас маман, парткомның хатшысы, Талғар аудандық партия комитетінің хатшысы, обкомның жауапты қызметкері, Талғар аудандық атқару комитетінің төрағасы, сол ауданның әкімі, Қарасай ауданының әкімі, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Қазір облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы қызметін абыроймен атқарып отыр. Артынан сөз ермей, ешқандай қызметке өтініш беріп сұранбай, қай жердің жұмысы ақсаса соған басшылардың ұсынысымен барып, Елбасының да сенімін ақтап келе жатыр. 
Тәубе! Әлиханның бір қасиеті – басшы қызметке барғанда бұрынғы қызметтегілерді жұмыстан босатып, ауыс-түйіс жасап, командасын өзімен бірге ертіп барған емес. Барған жерінде өзін сыйлата білді, аппаратты жұдырықтай жұмылдырып, бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс жасата білді. Қандай қызметтен ауысса да кетерде жұртшылықтың қимастықпен жылы сөз айтып шығарып салғанын көзіміз көрді. 
Міндеттің ең ауыры – халықпен тіл табысып, жұмыс істеу. Осы ауыр жұмысты өзі таңдады, абыроймен атқарып келеді. Қандай қызмет берсе де бағын жандырып, берекесін кіргізіп отыратын тәжірибелі, білімді, іскер басшы екенін көрсетті. Оның бала кезден жүрегінде ұялап қалған қасиеті өзін қиындықта жасытпады, қуанышта тасытпады.
 Әдемі сөйлеуден гөрі орынды сөйлеудің, үйрете сөйлемей сендіре сөйлеудің қағидасын ұстанды. Әлиханды адам жанын терең түсінетін, не айтып отырғаның түгіл не айтайын деп отырғаныңды қасың мен қабағыңнан біліп қоятын психолог, адам жанының инженері десе де болады. Өзінің тапқырлығымен тұсаулап, дәйектілігімен дәлелдеп, кісілігімен көндіріп, ақылымен арқандап, көнбеске амал қалдырмайтын қасиеті бар.
Айналасындағыларды алаламай, жерге, жүзге, руға бөлмей төңірегін түгендеп жүреді. Атаққұмарлыққа, таққа ұмтылмай өз еңбегімен өсіп, адамгершіліктен айырылмай, ұятын жоғалтпай, арын ардақтап жүрген адам. Өзінің тасы өрге домалағанда сайда қалып ауылда бірге ойнаған, мектепте бірге оқыған достарын ұмытқан жоқ. Уәдеге берік, өзіне де, сөзіне де жауап береді.
Әлихан «Туған жерге туыңды тік» деген Елбасының киелі сөзін де ертерек орындап, ауыл халқын риза қылды. Ауылдың адамдарын бірлікке, ынтымаққа, имандылыққа шақырып Алланың үйі мешіт салып берді, жанында хатымханасы да істеп тұр. Ауылда ауызсу құбырының пайдалануға берілуіне, пошта мен аурухананың салынуына, көшелердің асфальттенуіне де мұрындық болып ұйымдастырды. Қазір халықтың езуінде күлкі, жүздері жайдары, баталарын беріп жатыр. 
Әлиханның ерен еңбегі лайықты бағаланды. Төсінде «Құрмет» (1999 ж.), «Парасат» (2005 ж.), ІІІ дәрежелі «Барыс» (2011 ж.) ордендері және оннан астам медаль жарқырайды. Әрине, әрқайсының артында қаншама маңдай тері, жұқарған жүйкесі жатқаны айтпаса да түсінікті. Әлиханның өзі бәрінен артығы халықтың алғысы дейді. 
Достық – дүниедегі ұлы сезім, тіл табысудың тамаша жолы. Біз он шақты жігіт көп жылдан бері отбасымызбен араласып, қуанышты бірге бөлісіп көбейтіп, қайғыны бірге бөлісіп азайтып, қоян-қолтық араласамыз. Достарымыздың бірі оңтүстіктен, бірі батыстан, бірі Сарыарқадан, бірі солтүстіктен болса да бөліну деген болған емес. Әлихан жиі айтып отыратын: «Қазақ рулық деңгейден ұлттық деңгейге жетпей Мәңгілік Ел бола алмайды» деген сөзді мен де балаларыма қайталап отырамын. 
Әлихан достардың арасында өтірік-өсекті, екіжүзділікті кешірмейді. Қандай ащы болса да шындықты бетке айтады. Не айтса да елеп, екшеп айтады, артық сөзге де бармайды.
Жақсы адам шам сияқты, өз ортасына жарық түсіріп, сәуле шашып тұрады. Әлихан – нағыз мырза адам. Біреуге бердім, көмектестім, жақсылық жасадым деген емес, риза адам өзі білетін шығар. Қолынан келген жақсылығын үндемей, білдірмей жасай береді. 
Таңғаларлығы – ауадай таза, даладай кең, жердей жомарт, ал қатыгездік, мақтаншақтық, қанағатсыздықтан әрқашан аулақ.
Ең ұзақ, ең мағыналы, ең қиын, ең оңай сөз «иә» мен «жоқ» деген сөздер. Әлиханның қалыптасқан ұстанымы – кесіп айтып, қысқа қайтарып «иә», «жоқ» дейді. Тіпті кейде «көрерміз» дей салады. 
Қазақта «Айнымас» деген теңеу бар. Бұл теңеу әркімге айтылмайды және жиі қолданылмайды. Мен оны қанша жыл білсем, сонша жыл бірқалыптан айныған жоқ. Ашуы ақылына жол беріп, кішілігі кісілігінен басым түсіп, аз сөйлеп, көп тыңдап, күлкі-әзіл сөздермен дастарқанның басын гүлдендіріп, берекелендіріп отырады. 
Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен мәнді болса, нағыз мәнді де сәнді өмір сүріп, өмірдің сәні сыйластық деп келе жатқан досыммен қалай мақтанбаймын?! 
Жетпістің желкесіне шыққаннан кейін өткен қиындықтар артта қалып, бала-шағаның, дос-жоранның ортасында күліп-ойнап жүре берсін деп тілеймін. Бардың бағасын уақытында бағалайық. Жақсы адам жанымызда жүр. Әлиханның қуат-күші бойында. Елге де, жерге де бергенінен берері көп тұлға. 
 
Туғанбай ЖАНЫСБАЕВ, 
жоғары санатты дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты