АБЫРОЙ КІЛТІ – АДАЛДЫҚТА

Уақыты: 04.03.2019
Оқылды: 1142
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам өмірінің мәні – ұрпаққа ізгілікті із қалдыру. Ғибрат боларлық, сабақ аларлық өнеге көрсету. Сексеннің сеңгіріне сергек те ширақ қадам басқалы отырған Бөкей Исабеков атамыздың жүзіндегі жылылық пен мазмұнды әңгімесі осыны аңғартады. Қақпақ ауылында кіндікқаны тамған перзенттің бойына Жәмеңкедей батыр бабасының қасиеті халыққа қалтқысыз қызмет етуге қабілет-қарым, асқан дарын дарытқандай.

Жетісу өңірінде мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосқан Бөкей Исабеков Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің, бірнеше медальдар мен Мақтау грамоталарының иегері және Алматы облысының, Райымбек ауданының Құрметті азаматы. Сондай-ақ, «Қазақстанның ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» атануы да ерен еңбегінің жемісі. 
Қарапайым отбасында дүниеге келген Бөкей атаның анасы 13 құрсақ көтеріпті, солардан тірі қалғаны үшеу-ақ. Шетінен шетінеген сәбилердің тоқтауын Алладан тілеген ата-анасы «тауып алдық» деген ырыммен Таубалды деп қойған Бөкей атаның үлкен бауыры бүгінде 90-ның төріне шыққан. Ал ортаншысы Мәйтен дүниеден өткен. Сөйтіп, анасының сүт кенжесі болған Бөкей Исабеков лайықты білім алып, ержетеді.
– Әке-шешем ұжымшар қызметкері болған. Жәмеңке бабамыз сөзге шешен, кішіпейіл адам болған деседі. Халқын, ұлтын сүйген кемеңгерлігі ел аузында. Біз ол кісінің көзін көрмегенмен өсиетін естіп өстік. Ауыл қарияларының аңыз ғып айтатын әңгімелері құлаққа сіңді. Адалдықты, турашылдықты ту еткен батыр бабалар салған дара жолды жалғастырып, ұлтқа қызмет етуге, халықтың кәдесіне жарауға жан-тәнімізбен тырыстық қой, – дейді әңгімені әріден қозғаған Бөкей ата. 
Орта мектептен соң Алматы малдәрігерлік-зоотехникалық институтының ветеринария факультетін тамамдап, еңбек жолын Энгельс, қазіргі қасиетті Қарасаз ауылында бас мал дәрігері болудан бастап, кейіннен Октябрьдің 40 жылдығы атындағы ұжымшарда, яғни Нарынқолда басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып, ауылшаруашылығы жұмыстарын ұйымдастыруға төселеді. Еңбекке жаңа араласқан жасқа ауылшаруашылығының профессоры деуге лайық Кәкен Есмолдаев көп көмек жасайды. Сондай-ақ, Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтың ерен еңбектеріне қанып өседі. Аға буыннан бойына тазалықтың, адалдықтың нәрін сіңіреді.
Б. Исабековтің қызметтік қатарға қосылуында Нарынқол ауданын басқарып, ел ағасы атанған Тоқтарбек Кәріпжановтың орны ерекше. Жас кадрларға аса қамқор болған басшының тұсында дәрігер Мұхтар Әлімұлы небәрі 26 жасында Ленин орденінің иегері атанып, денсаулық саласының танымал білгіріне айналады. Сондай-ақ, ауданның өркендеуінде Мелс Бұғыбаев, Құрманбек Нәсілов сынды азаматтардың есімдері айрықша аталады. Осындай білікті де білгір азаматтармен үзеңгі қағыстыра қызмет еткен Бөкей Исабековтің мал шаруашылығын дамытудағы іскерлік ізденістері бүгінгі ұрпаққа, сала мамандарына таптырмас үлгі-өнеге дер едік.
1975–1983 жылдары Алматы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі, облыстық ветеринарлық-санитарлық мекемесінің басшысы, облыстық ауылшаруашылығы басқарамасы төрағасының орынбасары, облыстық қой шаруашылығы басқармасының төрағасы қызметтерін абыройлы атқарады. Кеңестік кезеңдегі «жоспарды артығымен орындау, мал басын кемітпеу» сынды ұрандардың жүзеге асуына жастық жігерін, қарым-қабілетін жұмылдырып, еңбекқорлығымен танылады. 
Сағынышқа айналған сол жылдарда халық перзенті, елу жыл ел ағасы болған дара тұлға Дінмұхамед Қонаевтың көзін көріп, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың тәлім-тәрбиесін көріп, үлгі-өнеге алғандығын зор ілтипатпен еске алады.
– Асекеңнің алдына бір рет кіріп, ақыл-кеңесін алып шығудың өзі тәрбиенің үлкен мектебі іспетті еді. Өз ұсынысымызды іркілмей айтып, ой-пікірінен шабыттанып, қызмет етуге деген зор құлшыныспен шығатын едік. Ол кісінің «мен облыстың бірінші басшысымын, егер сендерге қатты айтып, ұрсар болсам, ол менің – әлсіздігім» дегені жадымда жатталып қалыпты. Ғылымға ден қойған Асанбай Асқаровтай білгір басшының тұсында мал басын асылдандыруға, әсіресе, Кеген ауданында арқар-меринос қойының тұқымын көбейтуге бар күшімізді салдық. Осы ауданның Саты ауылынан Қазтай Ұлтарақовтың бастамасымен ешкі шаруашылығын, Күртіден «Сарытауқұм» түйе шаруашылығын құрып, ірі жобаларды жүзеге асырдық, – деген Бөкей Исабеков майлылығы 6 пайыз сүт беретін отандық «Алатау», «Айр-Шир» және дүниежүзіне таралған «Голштейн» асылтұқымды сиырлардың басын көбейтуде ғалымдармен бірлесе жан аянбай, табанды түрде еңбек еткендерін еске алды.
1984–2004 жылдар аралығында облыстық мал тұқымын асылдандыру бірлестігінің президенті болғанБөкей Исабеков Мәскеудегі жоғары генетика мектебін бітіріп, біліктілігін арттырды. Соның арқасында  жер жаннаты Жетісудың жер жағдайы мен ауа райына төзімді мал шаруашылығын дамытуда ғалымдармен бірлесе жасаған іс-жоспарларының нәтижелі болуына қол жеткізеді. Мысалға айтар болсақ, кереге таулы Кегеннің "Ұзынбұлақ" кеңшарында өсірілген биязы жүнді арқар-меринос қойы жүнінің өзі көл-көсір табыс көзіне айналған. Бір жылғы жүннен түскен қыруар қаржыға еңбекақы беріліп, ауылдың мәдени, әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін өтеуге болатындығын тілге тиек еткен Бөкей ата қазіргі кезде шаруашылықты дамытуда ізденістің кемшін соғып жататындығына қынжылыс білдірді. Асыл тұқымды мал өсіруде қаржының желге ұшып жатқанын да жасырмады. Көпті көрген көнекөз қария, білгір маман шеттен келетін малдардың жерсінбей, шығынға жиі ұшырайтындығын дәлел етті. Төрт түлікті өсіруде оның табиғатқа бейімділігіне, азықтануына, жерсінуіне аса мән беру керектігін баса айтты. «Мал деген фабрика іспетті. Өйткені, одан өнім өндіріледі» деген сөзінің төркінінде терең мағына жатқаны байқалады. Ал өнімнің сапалы әрі өнімді болмағы оның «тетігін» ұстаған адамның білім-білігіне тікелей байланысты екендігі үлкен ой салады.
Осылайша облыста мал басын асылдандырып, оның өсіп-өркендеуіне, шаруашылықтардың толағай табыстарға қол жеткізуіне өзінің біліктілігін, қажыр-қайратын арнаған Бөкей атаның есімін ел-жұрты ерекше ілтипатпен атап, құрмет көрсетеді. Сонау өкпені қысқан нарықтың тұсында ауылдастарына жасаған қыруар жақсылықтары көптің көкейінде сақтаулы, жадында жаттаулы. Имандылық жүрегіне ұялаған ел азаматының мұндай игілікті істері жібін үзбей жалғасын табуда. Зейнеткерлікке шыққан соң да қоғамдық істерден қол үзбей, еліміздің өсіп-өркендеуіне өмірлік іс-тәжірибесімен, ақыл-парасатымен атсалысып келеді. Жеті атасын білмейтін жетесіз ұрпақтан сақтанып, өскелең ұрпақтың ататегін тануына көмегі тиетін «Албан» шежіресінің жазылуына Айтақын Алпысбаевпен бірлесе бірнеше жылын арнап, қалың кітаптың жарыққа шығуына қаржылық қолдау көрсеткеніне жұрт дән риза.
«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Қарқара көтерілісінің 90 жылдық торқалы тойында Қақпақ ауылынан Жәмеңке батырға арнап еңселі ескерткіш тұрғызып, ас беруге демеушілік жасауы Бөкей Исабековтің ата-баба аруағына бас иіп, Алланың разылығы үшін жасаған сауапты істерінің шоқтығы биігі саналады. Бұл орайда, ұрпаққа үлгі боларлық игілікті іске қолдау білдірген халық қалаулысы Серік Үмбетовке айтар алғысы ерекше.
Ел ырысын арттырып, бақ-дәулетін тасытуда еселі еңбегімен есімі елге танылған Бөкей Исабеков пен жары, ұзақ жыл ұстаздық еткен Сәуле Қайырлықызы дүниеге әкелген балалары – Аида, Айдар мен Ербол да ата-ананың ізін жалғастырған ұлағатты ұрпақтар қатарынан көрінуде. Ер-азаматтың алған жарының жақсы болмағы – жарты бақыты екендігін, бұл орайда, жолы болғандығын аса ризашылықпен жеткізген Бөкей ата 6 немере мен 2 шөбересінің қызығына тоймайтындықтарын тілге тиек етті.
Студент шағында волейболдан талай жарысқа қатысып, топ жарған Бөкей ата әлі де бір мезгіл қолына доп алуға арланбайды. Ал атқа мініп, серуендеу ең сүйікті ісі деуге болады. Соның арқасында ойы мен бойы сергек қарияның әңгімесі көңіл түкпіріне қонақтады.

Ұлбосын ИСАБЕК
Алматы қаласы