ҚАҢТАР ҚАСІРЕТІ: ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ ТӘРБИЕ БЕРГЕНІМІЗ КӨРІНІП ҚАЛДЫ

Уақыты: 04.02.2022
Оқылды: 1775
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Биылғы қаңтар күтпеген жағдайға душар етті. Жаңаөзен қаласының тұрғындары сұйытылған көгілдір отын бағасын төмендету туралы талап қойды, алайда шерудің соңының тәртіпсіздікке ұласқаны өкінішті. Халықтың бейбіт шеруін пайдаланған содырлар мен лаңкестер ғимараттар мен автокөліктерді қиратып, өртеді. Көптеген сауда орындары зардап шекті. Ел басына түскен сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл іс-шараларды күні-түні жүргізіп, жағдайды назардан түсірмей бақылап отырды.

Жүрегі жұмсақ, тілеуі ақ, жаны ізгі анамыз ғой, сол күндерде жанымызды шүберекке түйіп, жағдайдың тұрақталғанын тіледік. «Хабар», «Хабар – 24», «Қазақстан» телеарналарынан үздіксіз берілген хабарды көріп, қираған, өртенген ғимараттар мен қаза тапқан жандар туралы мәліметтерге жүрегіміз ауырды. Жанымызды қоярға жер таппағандай күй кештік. Шын мәнінде Тәуелсіздігімізді аяқасты етуге, мемлекеттік төңкеріс жасауға бағытталған сойқанды әрекет орын алды.

Шалғайдағы Нарынқол ауылының, таулы өңірдің тұрғындары Мемлекет басшысының қолға алған шұғыл шараларын көріп жанымызды жұбандырып, жағдай түзелсе, лаңкестер ауыздықталса екен деп тілей бердік. Бір апта аумағында республика көлеміндегі жағдай тұрақталып, көңіліміз орнына түскендей болды.

Қарапайым халықтың аңсайтыны, қалайтыны – тыныштық, бейбіт өмір, алаңсыз еңбек, шат тірлік. Егер ол бұзылса қандай боларын қасіретті қаңтар күндері осылайша көрсетті.

Арнайы Үндеу жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік тарихында алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», – деп атап айтты. Сын сағатта халқын осылайша қолдаған Мемлекет басшысы 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп атап, қаза тапқандардың рухына құрмет көрсетті.

Атамыз қазақта: «Ырыс, қайда барасың, ынтымақты елге барамын», - деген жақсы сөз бар. Шын мәнінде ырыс та, құт пен береке де, мереке де ынтымағы жарасқан елге қонады. Бақыт береке-бірлігі, тыныс-тіршілігі жарасқан жерге дариды. Бірлігі бекем елге әрдайым құт қонады. Осыны естен шығармасақ, әрбір таңымыз арайлы, күніміз көркем, кешіміз ғажайып, түніміз тыныш болады. Халықтың, ел мен жұрттың бірлігі, қоғамның тұтастығы – тәуелсіздігіміздің мызғымас кепілі, мемлекетіміздің баянды болашағы, кемел келешегі. Қазына кеуделі қариялар, ақжаулықты аналар, әр шаңырақтың отағасы мен отанасы бой түзеп өсіп келе жатқан балаларымызға Отанға деген адалдықты, сүйіспеншілікті, перзенттік парыз бен қарызды, ана тілі, туған ел мен жерге деген мейір мен пейілді, құрмет туралы айта беруіміз керек.

Қасіретті қаңтар оқиғасы тұсында арандатушыларға еріп, қосылып кетіп, жанбай жатып сөнген, қанаттары күйген жастарды көріп жанымыз ауырды. Отан деген қастерлі ұғым, шын мәнінде, әр отбасынан басталатынын ойласақ, жастардың тәрбиесінде кеткен олқылығымыз көрініс берді. Үй өртеніп, қабырғасы күйреп, шаңырағы ортасына түсіп жатса, қандай күйде болар едік?! Алматы қаласында орын алған жағдайға қабырғамыз қайысты. Ару Алматы, әсем Алматы бір күннің ішінде бұрынғы ажарынан ажырап қалды.

Мемлекет басшысы айтқандай, ел-жұрт болып жаңа Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етейік! Ақыл-ойымызды, парасатымызды, іс-тәжірибемізді жұмсайық! Бар қиындықты бір тілек, бір жүрек, жұдырықтай жұмылған білек арқылы жеңіп шығуға болады.

Балжан ОМАРОВА,

Райымбек аудандық аналар кеңесінің төрайымы,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы,

ҚР білім беру ісінің үздігі

Сурет ғаламтордан алынды