Зина – қорлық

Уақыты: 13.08.2016
Оқылды: 2056
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Нәпсіден асқан жау бар ма пенде баласы үшін? Құмарлықтың құрығына іліндің екен, құрдымға қарай тартады да кетеді. Жүрегің қаламаған дүниені нәпсің тіленіп тұрған соң қашып құтыла алмай, құл болып жетегінде жүргенің жүрген. Мына жарық дүниеде тәніңді ләззатқа бөлегенімен мәңгі өмірде тамұқ әлеміне жетелеп, тозақтың отына шыжғырып, азаптың ең ауырына апаратын кесапатты кеселдің бірі – ЗИНАҚОРЛЫҚ. Дәл осы қорлықтан қорықпаған адам түбінде қор болады. Бұл мен ашқан жаңалық емес, қасиетті кітабымыз Құранда айтылған Құдайдың ескертуі һәм уәдесі.

Бірден айтайын, дін­дар­сынып отырған жоқпын, Ал­лаға шүкір, кешегі кеңестік идеологияның «Дін – апиын, Құдай жоқ, Құран жалған» деген кері саясаты келмеске кеткен. Тәуелсіздігіміздің арай­лы таңымен бірге асыл дініміз оралып, ақиқатқа көз жеткізе алатындай сенім мен Құранның Жаратушы иеміздің тарапынан келген қасиетті кітап екенін мойындап, тәп­сірлей алмасақ та, тәптіштеп оқып, көңілімізге тоқып ала­тындай біліміміз бар. Ендеше қасиетті кітабымызда Алла не бұйырады зер салып көріңіз. Исра сүресінің отыз екінші аятында: «Зинаға тіпті жола­маңдар. Өйткені ол – барып тұрған азғындық, (кісіні то­зақ­қа сүйрейтін) жаман жол!», – деп қатаң ескертеді. Бұл ұлы Раббымыздың махаб­батпен жаратқан пендесіне деген мейірімінің шексіздігі емес пе? «Зина жасамаңдар» деп жұмсақтап айтпайды, кері­сінше «жоламаңдар!» деп бұйы­рады. Олай болса, қазіргі таңда адамзат қауымында зи­наның қалыпты жағдайдағы әрекетке айналып кетуіне не себеп? Анасын аялауды ұмыт­паған, қарындасына қамқор болуды парызындай көрген қазақ жұрты бұл кеселді неге әдетке айналдырып алды? Оның бір ғана жауабы бар. Ол – Абай атам айтқан: «Құ­дай­дан қорықпау мен пендеден ұялмаудың» салдары. Әрі Құ­ран кәрімді дүниеден өткен адамның рухына арналып, өліге ғана оқылатын сөз ретін­де сезінуімізде. Мұқағали ақын айтқандай, «дін – ғылым­ның анасы» деп қабылдай алмай, оның әрбір аяты он сегіз мың ғаламның жайдан-жай жаратылмағандығы мен Алла тағаланың адамзат бала­сын жаратудағы мақсатын толықтай түсінбеуімізде. Бү­гін­гі дамыған замандағы ғы­лым ашып жатқан жаңа­лық­тың осы Құранда айтылып қойғандығын оқып, көңі­ліміз­ге тоқып, соған лайық амал істей алмауымызда. Адам­затты аздырып жатқан күллі жамандықтың лағынеті шай­танның азғыруы екенін, ібі­ліске ілескеннің екі дүниелік ісінің оңбайтыны жайлы ай­тыл­ғанына зер салмауымызда. «Құдай өзі кешіреді» деген шайтанның оң жамбасқа са­лып, алып ұрған айласына сеніп, ойына келгенін жасап жүрген пенде аз ба мына қо­ғам­да? Зинақорлықтың сондай қорлық екенін Алла тағала бір-ақ жерде айтпайды. Басқа сүрелерде де анық ескертеді және зина жасаушылардың шариғаттағы үкімі қандай екенін де жеткізеді. Маған сенбесеңіз, дәретіңізді алып, Құран кәрімді қолыңызға ұс­тап, Нұр сүресінің екінші аятын оқып көріңіз. Онда былай делінген: «Зина қылу­шы әйел және зина қылушы еркек – олардың әрбірін жүз дүреден ұрыңдар. Егер сендер Аллаға және ақырет күніне иман кел­тірген болсаңдар, Алланың бұл үкіміне, яғни зина қылушыларды дүрелеуде оларға рақым ету сезімдері ұстамасын. Олардың азапталуына бір топ момындар куә болсын», – деп анық айтыл­ған. Бір сәттік құмарлыққа құл болып, Алла алдындағы азаптан қорықпай зинақорлықты әдетке айналдырып алған әй, пенде, әлі де кеш емес, опық жемей тұр­ғанда ойланып, тәубеңе келіп үлгер. Қамшы сабындай қысқа ғана мына жалғанды өтпестей көріп, «оралыңның барында ойна да күлге салып», құдайдың әмірі болған құлшылық әдіре қалып, тіршіліктің қызығына алданып, тойымсыз нәпсінің жетегінде кетіп бара жатқан қаншама жан бар? Тіпті, өмірдің мәнін тойлау мен ойнаудың (зинадан) арасынан іздейтіндер де аз кездеспейді. Олар үшін маңдайға жазылған бір ғана өмірдің құны мен қадір-қасиеті осы бір қасиетсіз қылыққа бай­ланып тұрғандай. Жол көрсетер деген аға буынның көбінің жөні осы болса, соңынан ерген жет­кіншек адаспай қайтсін?! Тар маңдайын тасқа соғып, тағдыры жар шетіне барып, құлаудың алдында тұрғанда жанашырлық танытқанымыздан не қайыр? Алдыңғы толқынның жас иіске мастанып, анаға құрмет, қарын­дасқа қамқорлық, әпкеге жан­ашырлық сезімі жоғалған жерде, немересіндей қызды құшағына қысқанды қызық көріп, ар-ұяты тоналған кезде сенерің қайсы, сүйенерің кім болмақ?! Әуреті ашық қыз көрсе ұры мысықтың көзіндей жылтыңдап шыға келе­тін алдыңғы арба осындай жол көрсетсе, кейінгілердің доңға­лағы да сол сүрлеуге түспесіне кім кепіл?! Соның нәтижесінде ойнастықты қалыпты ойынға айналдырып, от басып, опық жеп жатқан жастар қаншама?! Көзіміз көр, көкірегіміз соқыр болмаса оған дәлел шаш етектен. Жаратқан нәсіп еткен мынау жарық дүниенің есігін перзент­ханадан ашатын бейкүнә сәби­лердің мекені соңғы кезде дәрет­хана болып бара жатқаны ащы шындық! Қорапқа салып, қоқыс­қа тастай салу да қалыпты әдет­ке айналып барады. Алла тағала бізді ақыл иесі етіп, күллі жара­тылыстың алдында мәртебемізді өсіріп қойса да, хайуаннан жа­ман қатыгез болып барамыз. Балиғаттан жасы асып, аумалы кезеңге бой алдырып, он сегіздің отына күйіп кетті дейтін емес, мектеп қабырғасынан шықпай жатып, етегі ерте түріліп, бала­лықтың дәмі кетпей, өмірінің мәнін жоғалтқандарға, жасы жетпей арын тоналтқандарға кім кінәлі?! Әрине, аға буын сіз бен біздің айыбымыздан. Осы орай­да ұстаз-имамның мына бір айтқан оқиғасы еріксіз еске оралады. Имам айтады: «Мені бір асқа шақырды. Ана жерде небір марқасқа жігіттер отыр. Құлағы сынған, мұрны қисайған. Құран оқылып, ас ішіліп жат­қанда әлгілердің біреуі мені сынағандай болып: – Молдеке, жесір әйелге барған сауап па? – деді. Мен: – Өте үлкен сауап, – дедім. Ертең әкең өліп, шешең жесір қалады үйіңнің бір бұры­шынан есік ашып сауап алам дегендерің келіңдер деп жазып қой. Мынадан сауапқа батасың, – дедім. Әлгі жігіт атып тұрып, маған пистолетін тақады. Мен оған: – Сен ата алмайсың, – дедім. Өйткені сенде намыс жоқ. Сен жесір әйел дегенде кімді көз қылып тұрсың?! Әкең өліп – анаң жесір қалмай ма?! Ағаң өліп – жеңгең, жездең өліп әпкең жесір қалмай ма?! Күйеу­балаң өліп, қарындасың мен қызың жесір қалмай ма?! Сонда жесір деп кімді көзге алып отыр­­сың, – дедім. Ол кезде мен тура жиырма жаста едім», – деген уағызы кім-кімді болса да бейжай қалдырмайтыны шын­дық. Балуандай мығым денелі келбетіне қарап, имамның сол сөзді айтқанына күмәнсіз сене­сің. Қазірдің өзінде жаттығу залынан шықпайтын оның жиыр­ма жасында қайраты қара тасты үгітіп, мұз шайнап, су бүріккен жігіт болғанына ила­насың. Бұл әулетімен иманды­лықтың бастауынан нәр алған, тәуелсіздіктің алғашқы жылы елімізде тұңғыш медресе ашып, бүгінгі таңда қазақтың бес жүз­дей ұл мен қызын тегін оқытып келе жатқан Оңтүстік Қазақ­стандағы «Сарыағаш» медресе­сінің ұстазы, әйгілі Сманов­тардың бір перзенті, дінтанушы, имам-ұстаз, бес жасынан Құран үйренген Әбдіғаппар Сманов еді. Орайы келген соң айтып жатқаным ғой. Әйтпесе, менің мақ­сатым имамды жұртқа та­ныс­тырып, атағын әспеттеп, атын шығару емес, жоғарыда сұрақ қойған жігітке берген жауабын айту ғана. Өйткені, дәл осы «жесір әйелге барса сауап» дегенді желеу етіп, өзінің жа­ман­дық жолда жүргенін жасы­рып, ақталғысы келетіндер қан­ша­ма?! «Жесір әйел де адам ғой. Оның да тәні қалайды. Бұл адам табиғатына сай болған­дықтан дұрыс деп ойлаймын», – деп ақыл айтқан бір танысым. Жаның ашып бара ма, отба­сыңнан жасырып, ойнастық жасап, жарыңның алдында өті­рікші, Алла алдында күна­һар болғанша, шариғат тала­бына сай екінші, үшінші жар етіп ал. Былайғы уақытта ба­сың­­нан сөз асырғың кел­ме­ге­німен дәл осы тәуекелге кел­генде бәйбішеңе сөзің өт­пей, өз үйіңе өзің ұры болып өмір сүргеннің несі қыз­ық. Ал бой­дақ жігіттердің әре­кеті бассыз­дықпен жасап жүр­ген күнәсіне Алла алдына бар­ғанда басы­мен жауап беретінін біл­меуде. Яғни, Алланың тыйы­мы мен бұйрығы жазылған Құран кә­рім­нің бетін ашып көрмеуде. Аптасына барған жұма намаз­да осындай уағыз айтылса оған иланып, сенбе­уінде. Нәти­жесінде бойдақ ке­зін­де қанына сіңген жаман әдет отбасын құрғаннан кейін де сол әреке­тінен құр қалдырмай, жетелеп әкетуінде. Ойланайық, ағайын! «Ел болам десең, бесі­гіңді түзе», – деген елдің ұрпа­ғы­мыз. Бүгінгі қоғамдағы бас­қа-басқа, дәл осы зинақор­лықтың салдарынан болып жат­қан бе­ре­­ке­сіздіктің бастауы сол бе­сік­тен басталатын тәр­биеге бейжай қарағанды­ғы­мыз­дан. Ұлымыз азса, ұрпағы­мыздың рухани тоналатынын, қызымыз азса, ұлтымыздың жоғала­ты­нын ұмытпайық! «Те­­гің­ді сақт­аймын десең ұлың­­ды тәр­биеле, ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле» дегенді естен шы­ғар­майық, ағайын! Құмар­лықтың құры­ғынан құ­ты­ла алмай жүрсіз бе, бір сәт Құдай­дан шын қорқып, пен­деден шын ұялып көрі­ңізші. Бәрін қоюға болады. Бүгінге дейін жасаған қателігің үшін тәубеге келіп, Алладан кешірім сұра­саң мейірімі мен рахметі мол Жаратушы иеміз бәрін кеші­реді. Өйткені, жаса­ған қате­лігін түсініп, Раббы­сынан ке­ші­рім сұраған пен­десін Алла­ның кешіремін де­ген уәдесі бар. Сенбесеңіз Құран кәрімді қолы­ңызға алып, Фурқан сүре­сінің жет­пісінші аятын мұқият оқып шығыңыз. Онда былай делін­ген: «Ал кімде-кім өкініш білді­ріп, тәубеге келсе әрі иман етіп, (өзін һәм қоғамды түзе­ту­ге бағытталған) игі істер істесе, оның жөні бөлек. Алла он­дай жан­дардың жаман­дық­тарын жақсылыққа (кү­нә­ла­рын сауап­қа) айнал­дыра­ды. Алла өте кешірімді, (әсі­ресе, тәу­ба етіп, Өзіне бір­жола бет­бұрған құл­дарына) ерекше мейі­рімді». Ен­деше Алланың ме­йі­рімінен үміт үзбей, Құдай­дан қорқа, пен­­деден ұяла өмір сү­рейік. Жарай ма?

 

Жұматай ӘМІРЕЕВ.