ТАЛҒАРДА СЕКСЕНГЕ ТАЯҒАН ӘЖЕГЕ ҚАРАҚШЫЛЫҚ ШАБУЫЛ ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 05.11.2020
Оқылды: 1306
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысында егде жастағы әйелге қарақшылық шабуыл жасалды. Бірақ қылмыс ізі суымай жатып ашылды.

Талғар аудандық полициясының кезекші бөліміне 78 жастағы тұрғыннан тонау дерегі туралы хабарлама келіп түскен. Шығын - 100 000 теңге.

- Оқиға орнына санаулы минуттарда жеткен "Борт 226" патрулі жәбірленушіден қылмыскердің белгілері туралы сұрастырып, іздеуге кіріскен. 30 минуттан кейін патруль мінез-құлқы күдік тудыратын, бұталарда жасырынған ер адамды кездестірген. Ұсталған 42 жастағы жергілікті тұрғынның бет-әлпеті мен киімі жәбірленуші сипаттаған белгілерге сай келген. Оның қалтасынан бір бума ақша табылған, - дейді Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Қасым.

Өзінің іс-әрекетін мойындаған күдіктіден жауап алу кезінде полицейлер егде жастағы әйелге қарақшылық шабуыл жасау дерегінің мән-жайын толық анықтады.

- Күдікті жұмыссыз, қаланы мақсатсыз аралап жүріп, жалғызбасты әжейдің ақшасын тартып алуға бел байлаған. Өзін ешкім көрмеуі үшін үйге артқы жақтағы қоршау арқылы кірген. Асүй пышағымен зейнеткерді қорқытып, одан ақша талап еткен. Қорыққан әжей оған 500 теңге ұсынған. Ұсынылған ақшаға көңілі толмаған күдікті егде жастағы әйелді «күш көрсетемін» деп қорқытып, барлық ақшасын беруді талап еткен. Әже қорыққаннан әмиянын алып шыққан. Ұсталған адам әмияннан барлық ақшаны алып, ізін суытқан. Жарты сағаттан кейін күдікті ұсталды, - деп толықтырды Ерлан Қасым.

Қазіргі уақытта бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы, 3-бөлігі бойынша тергелуде. Жасалған әрекеттің ауырлығын ескере отырып, тергеуші күдіктіге сот санкциялаған бұлтартпау шарасын - күзетпен ұстауды таңдады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан