АЛИМЕНТ ТӨЛЕМЕГЕНДЕРДІ АНЫҚТАУҒА АРНАЙЫ РАДАР КӨМЕКТЕСЕДІ

Уақыты: 08.11.2020
Оқылды: 1286
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысында полицейлер әкімшілік айыппұл төлемеген жүргізушілерді арнайы радармен анықтап жатыр. Оның ішінде, алимент төлемеген жүргізушілер де тоқтатылады. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысының аумағында полиция қызметкерлері жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының, мемлекеттік кірістер органдарының және әділет департаментінің өкілдерімен бірлесіп, айыппұл, салық міндеттемелерін, алимент және басқа да төлемдерді төлеуден жалтарған жүргізушілерді анықтау мақсатында "Борышкер" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

- Жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күнгі жұмысының нәтижесі бойынша қамауға алу түріндегі шектеуі бар 172 көлік тоқтатылды. Борышкерлерге қатысты жалпы сомасы 2 млн.904 мың 584 теңгеге 154 қаулы орындалды. Айыппұл төлеу туралы 18 хабарлама берілді, - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Саят Ибраимов. - «Крис-П» радарлық-кешенді қондырғысы шектеуі бар көлік құралдарын анықтауға көмектесетінін атап өткім келеді. Қондырғы патрульдік полиция қызметкерлеріне сигнал береді, полиция қызметкерлері өз кезегінде көлікті одан әрі тексеру үшін тоқтатады. Аталған іс-шара қолданылған жазаны төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді анықтауға бағытталған. Мұндай акциялар тұрақты негізде өткізіледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан