БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ САЛҒЫРТ ҚАРАҒАН АТА-АНАЛАР АЙЫППҰЛ АРҚАЛАДЫ

Уақыты: 12.11.2020
Оқылды: 959
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысының тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған арнайы шаралар барысында ішімдік және темекі өнімдерін саудалаудың тәртібін өрескел бұзған кәсіпкерлерді, жауапсыз ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

- Жыл басынан бері облыста қолданыстағы заңнаманың алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу дерегі бойынша 200-ден астам хаттама толтырылды. Сондай-ақ, 40 кәсіпкер кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Арнайы шаралар ұлт денсаулығын сақтау және қоғамдық орындардағы тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында тұрақты ұйымдастырылады, - деп атап өтті Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Данияр Мендебаев. Сонымен қатар, полицейлер қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін «Учаске», «Құқықтық тәртіп» және «Жасөспірім» сияқты жедел алдын алу іс-шараларын үнемі ұйымдастырады.

- 10 айдың қорытындысы бойынша бала тәрбиесіне салғырттық танытқан 378 ата-ана әкімшілік айыппұл арқаласа, 58 жасөспірімнің түнгі мезгілде көңіл көтеру орындарында жүргені анықталды. Полиция қызметкерлері 4358 кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің заңды өкілінсіз түнде көше кезіп жүргенін әшкереледі, - деп толықтырды подполковник.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы аумағында қараша айының 11-13 күндері «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосар шараға полицейлермен қатар білім беру мекемелерінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен қатар, волонтерлар да жұмылдырылған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан