ТЕКТІЛІК ТОЙКӨЙЛЕКТЕН ДЕ КӨРІНІП ТҰРСА: ҚАЛЫҢДЫҚТАР ҚАПЕРІНЕ!

Уақыты: 13.11.2020
Оқылды: 1694
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әрбір қыз баланың ақ көйлек киіп, қалыңдық атануы – бала күнгі арманы. Дәл осы күні қалыңдық тап бір ертегідегі ханшайымдай болғысы келеді. Сүйген жігітімен қол ұстасып, қолтықтасып жаңа өмірге қадам басуға ниеттенген аруларға көйлек таңдау ең үлкен әрі жауапты жұмыс болатыны анық. Алайда бүгінгінің сұлулары көйлек таңдауда жауапкершілікке салмақ түсірмей, киімнің сәнді болуына ғана мән беретін болыпты. Бұл бүгінгі күннің маңызды мәселесіне айналды.

Той мәдениетіне келгенде басымыз қатып, балтырымыз сыздамайтыны ащы да болса шындық. Есесіне, біз тойдағы ас та төк дастарқанға, ащы суға көп бас қатырамыз. Әрбір тойға барып, осындай кемшіліктерді көзбен көріп жүрсек те түзелуге асықпаймыз.

Жалпы, қазақтың тойы шетелдіктермен салыстырғанда еш айырмашылығы жоқ десек те болады. Жастардың киім киісі, тәтті торт кесуі, гүл лақтыруы – бәрі өзгенің қаңсығы.

Салтанатты басқосудың басты кейіпкеріне айналған, әсіресе, қалыңдықтың той көйлегі де жыл өткен сайын түрленіп келеді. Жас келін кеудесі, иығы ашық көйлек киіп, жұртшылықтың алдына жартылай жалаңаштанып шыққанымен қоймай, сәлем салуға асығатынын қайтеміз?! Мұндай олқылықтың орын алуына қыздың анасын, енесін, тіпті, жолдасын да кінәлауға болады. Себебі, ата-ана қызғалдақтай құлпыртып өсірген қызының бетіне емес, бір уақыт етегіне де қарауға міндетті. Ал жолдасы қалыңдығының киіміне, әсіресе, көпшіліктің алдына қандай үлгідегі көйлекті іліп шығатынына мән беруі тиіс. Себебі, әйел адамның сұлулығын өзгелер емес, ер азаматы көргені абзал. Алайда жарының сұлулығына мән беріп, мәнісіне терең бойлап жатқан ер азаматтардың да саны азайып кетті десек артық айтқандық болмас.

Ене – келіннің екінші анасы ретінде қандай ақыл-кеңес айтса да орынды. Өкінішке қарай, үлкендер дәл осы тұста ақыл-кеңесімен бөліскеннің орнына тойға құятын шарапты, елге берер сыйлықты ойлап, бас қатырып жүретіні анық. Міне, осындай кемшіліктердің орын алмауы үшін келін көйлегіне барлық жақындары үлкен жауапкершілікпен қараса дейміз.

Таяуда танысымыз тұрмысқа шықты. Қара шаңырағынан ұзатылған бойжеткен суретін әлемжеліге жариялап, көпшіліктің лүпіліне ие болды. Бір әттеген-айы болмаса той жақсы өткен секілді. Тек үлбіреп, ата-анасына, бауырларына еркелеп өскен қызғалдақтың үстіне ілген киіміне қараудың өзі сәл ұяттау көрінді.  Алайда қалыңдықтың ашық көйлек кигені жақындарына ұнаған болуы керек. Әлемжелідегі пікірлердің көпшілігі көйлектің сәнді екенін айтуда. Көйлек жайлы қалыңдықпен сөйлескенімізде: «Мен ерекше көйлек кигім келді. Ешкімде болмағанын қаладым. Арнайы салонға тіктірдім. 250 мың теңгеге тіктірген көйлегім классикалық үлгіде. Көйлектің ерекшелігі – иығы, арқасы ашық. Барлығы қымбат моншақпен көмкерілген. Ешкім қарсылық танытқан жоқ. Әрбір қыз той көйлегін өзі таңдауы керек. Өйткені, көйлекті олар емес, келін киеді. Келінге ыңғайлы болғаны маңызды емес пе?  Өзіме ұнады, кидім. Кім не ойласа да өзі білсін. Мен үшін өзгенің пікір маңызды емес», – деді.

Біз қаладағы бірнеше той көйлегін сататын салон иелерімен тілдестік. Олардың айтуынша, жас келіндердің басым көпшілігі иығы ашық көйлектерді алуға құмар.

– Жас келіндер той көйлегін таңдауға келгенде көбіне құрбысымен келеді. Анасымен, енесімен келетіндер тым аз. Жастардың киім таңдауы жыл сайын өзгереді. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын қалыңдық иығы жабық, қолғабы бар көйлекті киген. Ал қазір керісінше. Тұтынушылар иығы ашық, денеге тырысып тұратын үлгілерге қызығады. Салондағы көйлектердің бағасы 20 мыңнан басталып, жоғарылай береді. Қазақи көйлекті көбіне тек ұзату тойға алады. Соның өзінде «иығы ашық болса» деп сұрайтындар көп. Ал қандастарымыздың көпшілігі қазақы көйлекті ұзату және үлкен тойға да киеді, – дейді «Махаббат» той көйлек салонының сатушысы Сабина Ерқанатқызы.

Кейде екі иығына қоса кеуде тұсы, оны азсынсаңыз, тіпті, арқасы түгел ашық көйлек киген жас келіннің үлкен-кішіге сәлем салғанда, ыңғайсыздық туатынын көріп жүрміз. Енді ғана босаға аттаған жас келіндер сүйкімділігін, ибалылығын паш ететін жабық көйлек кисе дейміз. Бірақ  бұл пікірмен санасатындар көп кездеспесі анық.

Заман ағымына ілесіп, ұлттық киім де біраз өзгеріске ұшырайды. Бірақ ұлттық құндылығын үнемі ұлықтап жүретін елдер де жоқ емес. Ұлттық киім бүгінде тек арнаулы мерекеде ғана киілетін құнды жәдігерге айналып кетті деген жаңсақ пікірден аулақ болғанымыз жөн. Бұл – біздің қоғамдағы керағар пікір. Ал  шешен, кавказ, түрік халқы жастардың үйлену тойында қалыңдыққа міндетті түрде өздерінің ұлттық киімдерін ғана кигізеді. Тойға қазақ көйлегін киюге арлансақ та, иығы, арқасы жабық, қазақы оюлармен көмкерілген көйлек кисек ешкім айыптамас.

Көтерген тақырыбымызға байланысты Бауыржан Момышұлының келіні, белгілі қаламгер Зейнеп Ахметовадан пікір сұрағанымызда ол кісі де жалаңаш келін сәлем салмасын деп кесіп айтты. Қаламгердің айтуынша, қазіргі үйлену тойында да, ұзатуда да қазаққа тән емес дүниелер көбейіп барады. Қорқыныштысы, оған үлкендер де көз жұмып қарап, жастарға жөн сілтемейтін болған.

- Қазіргі келіндерге қарап, қарным ашады. Ұзатуда да, тойда да жалаңаш кеудесімен секеңдеп, одан қалса атасымен, қайын інілерімен вальс билейтініне не дейсіз? Оның ашық кеудесін сол күні кім ұстамады дейсіз? Ата-ана да, ағайын-туыс та риза. Білегі мен жотасы, кеудесі ашық ақ көйлегін киініп, басына фата не бір шаршы капрон орамалды жаба салған келін үлкен-кіші, бейтаныс жұрттың алдында денесінің бір бөлігін көрмеге қойып қойғандай әсер береді. Ал алақандай бетін жасырып қояды. Оның несі сән, несі ұлттық дәстүр екенін түсінбейсің. «Жастар бақытты болсын» деп стақан көтеріп, үстел-үстелді аралап жүрген ана қызының, ене келінінің киіміне қарауға уақыты жоқ. Мұндай дүние тойда мүлде болмайды деп кесіп айта алмаймыз. Біздің қоғамның дерті осы. Одан қалса, келінді иілдіріп, сәлем салдыртамыз. Сәлем салса көйлегі ақтарылып түсіп кететіндей ілініп тұрады. Көпшілік ду-ду қол соғып, бірен-саран әңгіме қылады да, сол күйі ұмыт болып кетеді. Осындай келіннен қайдағы ибалылық, қайдағы жылылықты күтеміз?!

Ене болып айтуға қорқамыз. Жастар өздері білсін деп араласа алмаймыз. Бұл дұрыс емес, ене болып келіннің киетін киіміне сын-ескертпе айтуға толық құқығымыз бар. Болмаса көйлекті таңдасуға бірге барып, үстіне қонымды ма, ашық па, жабық па, бір қарап алсақ. Көпшіліктің алдына жартылай жалаңаштанған келінді алып шығу ұят. Келіннің етегі ұзын болып, төсі ашылып, арқасы айдай жарқырап тұрғанның несі жақсы? Егер келіннің жабық көйлек киюге ақылы жетпей жатса, көпті көрген, көргені мен түйгені мол енелер үнсіз қалмаса екен деймін. Себебі, бүгінгі жас келін ертең ана, келер күні дана болуын қаласаңыз, қазірден бастап үстіне киген киімін, сөйлеген сөзін жіті қадағалаңыз. Келінмен жарысып киініп, жарысып боянғанша жақсы келін тәрбиелеуді келініңіз босағаны аттаған күннен бастап қолға алыңыз. Өз басым, жалаңаш келіндердің сәлем бергеніне қарсымын, - дейді Зейнеп Ахметова.

Таза мінсіз асыл тастың су түбінде жататыны секілді, ЖАС КЕЛІН де баға жетпес тазалығын сұқтанған көздерден жасырып тұруы тиіс. Ата-баба дәстүрін, тектілікті, тазалықты жоғары қойған қыздан ертең жақсы ене, аяулы жар, асыл ана шығатыны анық. Еуропаға еліктемей-ақ, қазақтың ұлттық киімдерімен еш жерде қайталанбайтын қалыңдық образын жасауға болады. Мақала жазғандағы мақсатымыз да сол еді, қазақ келіндері арасында ибалылықтың салтанат құрып, ұлттық нақыштағы киім-кешектің ескірмес сәнге айналғанын қалаймыз. Заманға сай ашық-шашық киініп, заманауи ару не заманауи келіншек атану ұлттың қасіреті емес. ҰЛТТЫҢ ҚАСІРЕТІ – киім арқылы сананы жаулап, қазаққа тән тектілікті түбірімен құрту. Осыған назар аударайық, ойланайық!

Еңлік КЕНЕБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды