Скринингтен өтуге немқұрайды қарамаңыз

Уақыты: 17.09.2023
Оқылды: 940
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ауылдық жердің дәрігерлері адам емдеуде бесаспап келеді.  Себебі,  сырқаттанған адамдардың сала  маманын іздеуге мүмкіншілігі болмағандықтан учаскелік дәрігерге жүгінеді.  Олар невропатолог,  психолог, терапевт, ревматолог, керек болса гинеколог-акушердің де қызметін атқарады. Оған дәрігерлік міндетке кіріскен кезде  «кез-келген жерде кез келген адамға  көмек көрсетемін» деген  серті күш береді.  Ақсу ауданының емханасында көпшілікке  Гиппократ антына сай адал  еңбек етіп келе жатқан  учаскелік дәрігер Арайлым Әбибуллаева елдің алғысына бөленген жан. Дәрігерден ауылдық емханалардың мүмкіншілігі жайлы сұрап білген едік.

– Ауылдық емдеу мекемелері міндетті әлеуметтік сақтандыру аясында халыққа қалай қызмет көрсетуде? Жергілікті жерде көптеген заманауи аппараттардың жетіспейтіндігі белгілі. Сырқаттарға нақтама жасау үшін қандай тәсіл қолданасыздар?

– Біздің аурухана арқылы әр науқас Міндетті  әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көмек ала алады. Алдымызға келген адамдарға қолда бар мүмкіншілікті пайдаланып, көмектесеміз, емдейміз. Шындығында МРТ сияқты қымбат аппараттар жоқ. Бірақ қыжалаттан шығудың жолдары қарастырылған. Талдықорған қаласындағы заманауи аппараттары бар емханалармен келісімшарт негізінде бірлесіп жұмыс істейміз. Егер  аппараттар арқылы  тексерілу керек болса қондырғылары бар емханаларға  жолдама береміз.  Қай уақытта қандай тексеру жасалатынын айтып, түсіндіреміз. Тексеру, кеңес беру тегін жүргізіледі.

– Бүгінгі таңда қан қысымы, жүрек, қатерлі ісік дерттері  көптеп белең алуда. Аталмыш созылмалы сырқаттарға шалдығудың себебі не?  Алдын алу жолдарына тоқталсаңыз.

– Қан қысымы, жүрек-қантамыр, қатерлі ісік дертіне шалдығушылар саны артқаны рас. Оның себептері көп, неден болатыны  түбегейлі зерттелмеген.  Сол үшін белгілі бір жастағы адамдар арасында скринингтік тексерулер өткізіледі. Осы іс-шараның нәтижесінде қан қысымы, жүрек аурулары, жатыр мойын ісігі, сүт безі обыры, колоректалды обырды ерте анықтауға көңіл бөлінеді. Егер аталмыш сырқаттың белгісі байқалса дереу нақтама жасалып, ем тағайындалады. Сол үшін учаскелік медбике, дәрігер скринингке шақырғанда тексерілуге міндетті түрде  бару керек. Тіпті дертті анықтағанның өзінде халық емшілеріне барып, уақыт өткізіп алатындар бар. Кейбіреулер қолхат жазып, кетіп қалады.  Емшілер тексеріп, қан талдамасын алып, зертханаға жіберіп, сенің жағдайыңды қадағалай алмайды ғой.  Кесел асқынғанда келіп жатады. Бірақ, біз соңына дейін көмек көрсетеміз. Өкінішке бой алдырмас үшін уақытында дәрігерге келсе деген өтініміміз бар.

– Жоғарыда үлкен-кіші демей,  дендеп бара жатқан сырқаттар жайлы айттық. Кейбір кеселдерге жастар да шалдығуда. Осы сырқаттармен күрес, алдын алу, емдеу қалай жүргізілуде? 

– Қазір қауіпті сырқаттардың жасарып бара жатқаны рас. Оған экология, тамақтану, психиканың шаршауы  әсер етуде. Сондықтан жаман әдеттен аулақ болыңыздар деген дабыл қағудамыз. Мысалы, энергетикалық сусындар, темекі, нашақорлық, жүйкенің шаршауы сырқаттардың ағзада дендеуіне жол ашуда. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Бірақ  стресске  жол бермеуге тырысу  керек.  Тұрғындарды сауаттандыру мақсатында әлеуметтік желілер, білім шаңырақтарында  дәріс беру арқылы ақпараттандыру шаралары жүргізіледі. Аурулардың  сипатын, белгісін, диагностиканы қалай, қайда жасау керектігін айтып, түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп отырамыз.  Сырқат бастапқы сатыда   анықталса емделу мүмкіндігі жоғары екенін  қайтара еске саламыз.

– Шалғай елді мекендерде маман жетіспейтіні белгілі. Тұрғындар орталыққа түз-түгел келіп тексеріле алмайды. Ауыл халқының денсаулығын қадағалау, уақытында тексеруден өткізу барысында қандай шаралар жүргізіледі?

– Аудандық ауруханада жылжымалы медициналық кешен бар. Шалғай елді мекендерге жылына 2 рет  барып, терапевт, гинеколог,  хирург, офтальмолог,  лор, стоматолог, лаборант, УЗИ мамандары тексеріс жүргізеді. Кешеннің баратыны жайлы тұрғындарға алдын ала айтылады. Осының нәтижесінде көптеген сырқаттың беті ашылып, ем жүргізіледі.  Мұндай тексеру шаруа қожалықтары мекендеген таулы аймақ тұрғындарын, шалғай  ауылдардың үлкен-кішісін де қамтиды.   

– Бүгінгі таңда қандай сырқаттарға дәрі тегін беріледі? Олар жыл соңында бітіп қалды деп жататын. Осы жағдай сіздерде қалай шешімін табуда

– Белгілі бір санат бойынша диспансерлік тіркеуде тұрған науқастар тегін  дәрі  ала алады.   Мұндай тізімдегі адамдар 2 ай мерзімге жететіндей дәрі алуға құқылы. Учаскелік дәрігерлер арқылы берілетін препараттардың барлығы уақытында жеткізіліп, үлестіріледі. Кейбіреулер арнайы стационарға жатып ем алады. Олар портал арқылы күзде-көктемде жатуға тырысады. Себебі, созылмалы сырқаттар сол мезгілдерде қабынады. Олардың уақытында ауруханаға жатуы, ем алуы, денсаулығына мән беруіне көңіл бөлінеді. Ауруханаларда орын дайындалады. Сондықтан, бізге де сырқаттардың уақытында емделіп, денсаулығына күтім жасағаны керек. Әр адам сырқатынан сақайып, қуанып жүрсе  еңбегіміздің жанғаны.

– Денсаулығын күтпей,  ақыр соңында сырқаты асқынғанда келетін адамдар бар.  Мұндай  жағдай күнделікті тәжірибеңізде кездесіп жататыны белгілі. Осындай жағдайдың салдарына тоқталсаңыз.

– Шынымен де уақытында  медициналық тексеруден өтпей, сырқатын жасырып, ауруы асқынып, ем қонбайтын  жағдайға жеткенде келіп жатады. Кейбіреулер  үйде емделемін деп ойлайды.  Бақсы, балгерлерге барып, уақыт өткізіп алады.  Осы асқынулардың соңы қайғылы жағдайға апарып соғады. Бұл кезде дәрігерлердің де шамасы жетпей қалады.  Бірақ, біз өмірінің соңына дейін көмек көрсетеміз. Сондықтан, тұрғындардан медицина қызметкерлерінің атынан, скринингтік зерттеулер, динамикалық бақылауларға  немқұрайды қарамауын сұраймын.

– Жаны саудың – тәні сау. Көп сырқатты ашуланшақтық, сары уайым, миға шамадан тыс  күш жұмсаудан тауып алатынымыз бар.  Күйгелектік,  күйзеліс те тән ауруының  бой көтеруіне негіз болып жатады. Қазақ: «Сабыр түбі – сары алтын» дейді. Осыған байланысты өз тәжірибеңізге сүйеніп,  тұрғындарға ақыл-кеңесіңізді айта кетсеңіз.

– Сабырдың түбі – сары алтын екенін қазақ босқа айтпаған.  Күнделікті тәжірибемде осы жайттарға жиі куә боламын.  Сары уайымға салынып, күйікті  іште сақтамау керек. Жан күйзелісіне түссеңіз,  жағдайдан тез шығу амалын іздеңіз. Сонда созылмалы сырқаттарға шалдықпайсыз. Қазір барлық ауруханада  психолог бар. Кеңесіне жүгінуге болады.  

– Алда күз  келе жатыр. Ауа райы ауысқанда адамдардың созылмалы сырқаттары белгі береді. Суық тию, тыныс жолы, буын аурулары қозады. Күзгі  күйзеліске ұшырайтындар бар.  Аталмыш сырқаттарға шалдықпау үшін  алдын алу шараларын айтсаңыз. Қандай дәрумендерді ішуді ұсынар едіңіз?

– Күз – денсаулыққа ауырлау тиеді. Күзде сүреңсіз күндер көп болады. Бұл уақытта адам босқа жата бергісі келеді. Кеудені өкініш кернеп, туыстар мен достарға ренжи береді.    Күзгі депрессияны жеңудің негізгі жолы – салауатты өмір салтын ұстану.   Толыққанды ұйқы, психоэмоционалды тыныштық, дұрыс тамақтану да күйзеліске түспеудің бір жолы. Оны әр адам өзінше жеңеді. Күйзелістен шығудың жолын іздестіру керек. Сонда өмір сүруге, пайдалы іспен шұғылдануға құлшыныс артады. Сәнді, ашық түсті киім киюге құлшыну керек.  Бөлмені мейлінше  жарықтандырған жөн.  Үйде жағымды  музыка тыңдаған дұрыс. Сүйікті іспен шұғылдану да көңілді сергітеді. Күзгі депрессияны жеңу үшін   қырыққабат,  қызылша, жасыл бұршақ, картоп, алма, жаңғақтың барлық түрлері, құрғақ абрикос, қара өрік, цитрус жемістері жақсы көмектеседі. Бос уақытты шығармашылыққа, көрме, театр, концерт, сапарларға шығуға арнаса құба-құп. 

Гүлжан ТҰРСЫН
Фото: көрнекілікке алынды