Ескеріңіз. Сақтандыру қорының тиімділігі

Уақыты: 16.09.2023
Оқылды: 1038
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жетісу облысы бойынша филиал директоры Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қор филиалының директоры Гүлзия Таипова бірқатар мәселеге тоқталды. Соның бірі – аудан тұрғындарының 11 435-і әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тіркелмеген.

«Әрине, сақтандырылмаған азаматтарда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетінде көмек алады. Ал қорға тіркелгендер  МӘМС-тегі сақтандыру мәртебесі медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынады.  Оған бейінді дәрігерлердің кеңесі, түрлі талдаулар  мен диагностикалық тексеру, жоспарлы госпитализация, медициналық оңалту,  жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдану арқылы емдеу, сырқаттанудың алдын алу,  диагностика жасайды», – деді қор филиалының директоры Гүлзия Таипова.

МӘМС  денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру тапшылығын азайту және азаматтар үшін қымбат медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін енгізілді. Биыл облыста медициналық көмекті қаржыландыруға 77,7 млрд. теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша  42,8 млрд. теңге, МӘМС бойынша  34,29 млрд. теңге қарастырылған.

Кездесу барысында тұрғындар  өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.  Мұнда көпшілік  медициналық көмекке жүгінбесе  жарнаны қайтарып алуға бола ма деген сауал қойды.

«МӘМС жүйесі ортақ. Белгілі бір адамның медициналық көмекке жүгінгені есептелмейді. Өйткені мұнда жарналар жинақталатын жеке шоттар қарастырылмаған. Медициналық сақтандыру жүйесі әлеуметтік бағдарға сай жасалады.  Денсаулық жағдайы бойынша талап етілетін емнің көлемі мен құны шектелмейді», – деп жауап берді филиал директоры.

Сондай-ақ, қор жұмысының басты бағыттарының бірі – халықпен кері байланыс және пациенттердің құқықтарын қорғау екенін атап өтеміз. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында түскен шағымдардың саны – 201, оның ішінде Алакөл ауданы бойынша  7 шағым. Негізінен медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі, медициналық көмек көрсетуден бас тартуға және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты мәселелерге қатысты.

Сапар барысында филиал директоры аудандық ауруханаға барды.  Мұнда мамандардың (оториноларинголог, психиатр, хирург, дерматолог, онколог және т.б.) тапшылығы, оны шешу жайы айтылды.

МӘМС мәселелері бойынша есептік кездесулер облыстың барлық аудандары мен қалаларын қамтитын болады. Жақын арада Ескелді және Панфилов аудандарында кездесулер өтпек.

"Жетісу-Ақпарат"