«Көксу Мед» орталығының қызметтері МӘМС аясында қолжетімді

Уақыты: 17.09.2023
Оқылды: 934
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Көз сырқаттарын анықтауға және емдеуге бағытталған белгілі «Көксу Мед» Қазақстан-неміс офтальмологиялық орталығы 2014 жылы ашылған. Мұнда білікті мамандар әлемдік стандарттағы жаңа жабдықтар көмегімен көз ауруларының нақты және сапалы диагностикасын жүргізеді. 2020 жылдан бастап орталықтың офтальмологиялық қызметі өңір тұрғындарына қолжетімді бола түсті, себебі клиника МӘМС шеңберінде қызмет көрсету үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасты.

Бүгінгі таңда орталықтың офтальмологиялық бөлімінде тәулік бойы 30 төсектік стационар және 15 төсектік күндізгі стационар бар. Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық бөлімде, оның ішінде дәрігерлерді қабылдаудың 4 кабинеті, емшара, диагностика, аппараттық емдеу кабинеттері жұмыс істейді. Балаларға көрсетілетін қызметтерді жақсарту және кеңейту мақсатында аппараттық емдеуге арналған жаңа жабдықдар - амблиокор, синаптофор, визотроник бар. Катаракта, глаукома, қабақтың бұралуын жою, конъюнктивалық кисталарды, халазионды және басқа да көз ауруларын емдеу үшін және күрделі операцияларды жүргізуге арналған операциялық блок жұмыс істейді. Клиникада лазерлік хирургия технологиясы және ангиогенез ингибиторларын интравитреальді енгізу қолданылатынын атап өту маңызды, ол үшін заманауи лазерлік жабдық сатып алынған.

«Біз пациенттерге учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша МӘМС шеңберінде өз қаражатын үнемдей отырып,  клиникада қажетті емді тегін ала алатындығын, «Сақтандырылған» мәртебеге ие болу жеткілікті екендігін айтып түсіндіреміз. Соның арқасында медициналық сақтандыру жүйесінің пайда болуымен мамандандырылған офтальмологиялық көмекке қол жеткізе алатын пациенттер қарасы да көбейіп келеді. Тегін әрі сапалы емнің нәтижесін көрген пациенттер шынайы алғысын  жиі айтып жатады», - дейді орталық директоры Айгүл Нұрахметова.

Айта кетейік, клиникада осы жылдың 8 айында облыстың 350-ге жуық тұрғыны МӘМС аясында диагностикадан өтіп керекті ем алған.

Солардың бірі - Балпық би ауылының 69 жастағы тұрғыны. Ол тұрғылықты жері бойынша емханаға бекітілген және МӘМС шеңберінде дәрігердің жолдамасымен «Көксу Мед» клиникасында тексеруден өттіп, ота жасатқан.

«Сол жақ көзім нашарлап көрмей қалған соң тіркелген емханама бардым, дәрігер маған  «Көксу Мед»  клиникасына қабылдаудан өтуге жолдама берді. Қабылдау кезінде маған күрделі катаракта диагнозы қойылып, портал бойынша операция жасату ұсынылды. Операцияға келістім және оны кезек бойынша жасаттым. Отадан кейін операция бөлмесінде сол көзім көре бастады. Содан кейін осы орталықта бес күн дәрігердің бақылауында болдым.  Мен сияқты басқа науқастарға да жақсы күтім жасалды, ем шаралары жүргізіліп отырды. Емханадан шыққан күні менің көру қабілетім 100 пайыз екенін айтты. Операция жасаған дәрігерге және барлық ұжымға алғысымды білдіремін», - деді науқас.

Бүгінгі таңда клиникада 40-тан астам маман жұмыс істейді, оның 5-еуі дәрігер. Олар білім деңгейін арттыру және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында тұрақты негізде халықаралық конференцияларға қатысады. Орталық мамандары халықаралық біліктілік дәрежесіне ие, Түркияда, Италияда, Ресей және басқа да елдерде оқып, іс- тәжірибеден өткен.

"Жетісу-Ақпарат"