ҚЫЗЫЛША АУРУЫ ӨРШІП ТҰР

Уақыты: 08.12.2023
Оқылды: 2577
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Өңірде қызылшамен ауырғандардың саны артқын. Жыл басынан 556 жағдай тіркеліп, оның 381-і зертханалық сараптамада расталған. Бұл жөнінде Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Бүгінде қауіпті індет облыстың барлық аумағында тіркелген. Сондықтан, қызылшаға қарсы иммундау шаралары қарқынды жүріп жатыр. Дәрігерлер елімізде 2007 жылдан бері дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған Үндістанның вакцинасын қолдануда. Қазіргі уақытта аймақта 10 мыңнан аса адамға вакцина салыныпты.

– Қазір адамдар мен балалардың қызылшамен  ауырмай жүргені бойында бұрыннан келе жатқан топтық иммунитеттің мықтылығынан. Бірақ ол жылдан жылға өз күшін жоғалтып жатқандығы салдарынан ауыратындардың да қарасы көбейіп келеді. Сондықтан біз топтық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың 95 пайызын қамтуымыз қажет, - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат ЧАРАПИЕВ.

Мамандар тұрғындарды екпені уақытылы салдыруға шақырады. Сонымен қатар, жеке гигиенаны сақтап, адамдар көп жиналатын жерлеріне аз бару керектігін айтады.

– Арнайы вакцина егу арқылы көптеген жұқпалы арудың алдын алдық. Мәселен, сібір жарасы, туберкулез сынды бірқатар індетті жеңдік. Вакциналар бізге ауру тізбегін тоқтатуға мүмкіндік береді. Қазір клиникада 41 науқас қызылшамен жатыр, оның 80 пайызы 5 жасқа толмаған балалар. Яғни бұған дейін ауруға қарсы екпе алмағандар, - дейді Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Біржан ОСПАНОВ.

Медет ЖҰМАБАЙ