ЖЕТІСУДА КӨКЖӨТЕЛ ИНФЕКЦИЯСЫ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 09.02.2024
Оқылды: 981
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыста алғашқы нақтамамен көкжөтел инфекциясының 5 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 1 жағдай клиникалық жолмен расталды. Расталған жағдай 1 жасқа дейінгі ұйымдастырылмаған топқа жатады. Яғни, бала аталған дертке қарсы вакцинасын алмаған.

Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз-мәслихатында Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев айтып берді.


Биылғы жылы жұқтырғандармен байланыста болған 178 адам анықталды. Оларға бактериологиялық зерттеу жүргізілді, нәтижелері теріс болды.

«Көкжөтел Bordatella pertussis бактериясы тудыратын тыныс алу жолдарының қауіпті жұқпалы ауруы. Ауа тамшылары арқылы беріледі. Қоздырғыш түшкіру және жөтелу кезінде қарқынды түрде бөлінеді. Бұл аурумен көбіне мектеп жасына дейінгі балалар ауырады. Көкжөтел балалар арасында асқынуларды жиі тудырады. Атап айтсақ, бактериялық пневмония, бронхит, плеврит, синусит, отит, құлақ қалқанының жарылуы, мұрыннан қан кету, құрысулар, бас миының зақымдалуы, дамудың тежелуі», - деді департамент басшысы.

Спикер бүгінде көкжөтел инфекциясының алдын алудың жалғыз және тиімді шарасы міндетті егу күнтізбесіне енгізілген вакцинация екенін атап өтті. Вакцинация жоспарлы түрде 2, 3, 4, 18 айлық балаларға және 6 жаста жүргізіледі. Екпе үшін АбКДС (көкжөтел, дифтерия, сіреспеге қарсы) вакцинасы қолданылады.

Айта кетейік, өткен жылы көкжөтел инфекциясы тіркелген жоқ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"