Қызылшаға қарсы вакцина қандай жағдайда салынбайды?

Уақыты: 14.02.2024
Оқылды: 636
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың қызылшаға қарсы вакциналаудан бас тартуының ықтимал себептерін атады.


«Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы жоспарлы иммундау 12-15 ай және 6 жас аралығындағы балаларға жүргізіледі», - делінген министрліктің Kazinform агенттігі редакциясының ресми сауалына берген жауабында.

Бұдан басқа, қызылша жағдайларын тіркеуді ескере отырып, науқаспен байланыста болған, бұрын вакцина алмаған немесе қызылшаға қарсы вакцина туралы хабарсыз 30 жасқа дейінгі азаматтарды эпидемиологиялық көрсеткіштері бойынша шұғыл иммундау (ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 2 ақпандағы №13 бұйрығы), сондай-ақ 6-10 айлық және 2-4 жастағы балаларды қосымша жаппай иммундау жүргізіледі. Бұл қатарда вакциналанбаған медицина қызметкерлері мен жоспарлы егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі адамдар да бар.

«Осыған байланысты, жоғарыда аталған контингенттерге кірмейтін адамдар қызылшаға қарсы иммундауға жатпайды», - дейді Денсаулық сақтау министрлігі.
Бұған дейін қазақстандықтар Kazinform агенттігінің редакциясына қызылшаға қарсы вакцинадан бас тартқандар туралы шағымдармен жүгінген болатын.