ТУБЕРКУЛЕЗДІ ЕМДЕУДІҢ ТЫҢ ТӘСІЛІ ҚОЛДАНЫЛДЫ

Уақыты: 26.02.2024
Оқылды: 978
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Биыл Алматыда туберкулезді емдеу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте қалалық Фтизиопульмонология орталығының директоры Жанар Сәпиева мәлім етті.


Спикердің сөзінше, туберкулезді емдеудегі маңызды жетістік емдеу ұзақтығын қысқарту. Соңғы он жылда тәжірибеге туберкулезге қарсы жаңа препараттар мен қысқа мерзімді емдеу режимдері енгізілді, бұл емдеу ұзақтығын алдыңғы 20-24 айдың орнына 6-9 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Осылайша, 2024 жылы Алматы қаласы емдеудің жаңа режимдерін пилоттық жобаға енгізді. Қазір 11 пациент жаңа тәсіл бойынша ем алып жатыр.

«Бұл қала тұрғындары арасында туберкулезбен сырқаттанушылық пен өлім-жітімді азайтуға көмектеседі. Алматы қаласының әкімдігі туберкулезбен ауыратын 922 науқасқа 41 400 теңгеден ай сайынғы ақшалай төлемдер түрінде қаражат бөлді. Үкіметтік емес ұйымдардың қаражаты арқылы 63 науқасқа жол жүру билеттері, азық-түлік дорбасы және тағы басқа көмек көрсетілді», - деді Жанар Сәпиева.

Бұдан бөлек, туберкулезге қарсы іс-шаралардың сапасын жақсарту мақсатында фтизиопульмонология орталығы қаланың барлық медициналық ұйымында, оның ішінде жеке медициналық орталықтарда тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.

«Фтизиопульмонология орталығының базасында МСАК ұйымының медицина қызметкерлерін туберкулезді анықтау, диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша оқыту жүргізіледі және 2023 жылы МСАК ұйымдарының 2 169 маманы оқытылды, оның ішінде 975 дәрігер бар», - деді ол.

Фото: kuban24.tv