Ауылдық аймақтарда 254 медицина қызметкері жетіспейді

Уақыты: 28.02.2024
Оқылды: 1616
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасының шеңберінде 556 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Ведомоствоның хабарлауынша, 2023 жылы 92 МСАК объектісінің құрылысы аяқталды, 7 жоба мерзімдерін бұза отырып аяқталады. Бүгінгі таңда 239 жоба бойынша ЖСҚ бар, 317 жоба мемлекеттік сараптаманың қарауында.

«Бүгінгі таңда әкімдіктер конкурстар өткізіп, нысандарды салуға 109 шарт жасасты, оның ішінде 99 объектіге ЖАО-ны қоса қаржыландыру көзделген (10%), бұл ретте республикалық бюджеттен 58 нысан қаржыландырумен қамтамасыз етілген» — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылға арналған қосымша қаржыландыру қажеттілігі 498 МСАК нысанын салуға 99,6 млрд. теңгені құрайды.

Ұлттық жобаның екінші міндетінің шеңберінде 32 аудандық аурухананы жаңғырту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

Ұлттық жобаның шеңберінде 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы материалдық-техникалық жарақтандыруға 33,6 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінбекші. 

«2023 жылы диагностикалық жабдықты (УДЗ), зертханалық жабдықты, реанимациялық жабдықты, рентген-диагностикалық, физиотерапиялық, хирургиялық және эндоскопиялық бейнеақпараттық жабдықты қоса алғанда, жалпы сомасы 10,5 млрд теңгеге 1800 бірлік медициналық техника сатып алынды. 2024-2025 жылдары 23,1 млрд теңге сомасына ангиографтар, МРТ, КТ сатып алу жоспарланған» – деп хабарлады ведомостводан.

Ауылдық аймақтардағы 655 МСАК нысанына 254 медицина қызметкері жетіспейді. Оның ішінде 46 дәрігер маман мен 208 орта медициналық персонал керек.

2023 жылы МСАК — 39 нысанына және КАОА — 89 жас маман жұмысқа орналастырылды. Биыл МСАК нысандарына жұмыс істеу үшін 215 грант иегерін жіберу жоспарланып отыр.

Ұлттық жобаның шеңберінде 3 міндетті іске асыру көзделіп отырбіріншісі — 655 МСАК нысанын (257 медициналық пункт, 238 ФАП, 160 дәрігерлік амбулатория) салуды қамтитын ауылдық елді мекендерді МСАК ұйымдарымен қамтамасыз ету. Екіншісі — жұмыс істеп тұрған аудандық ауруханаларды жаңғырту (ғимараттарды күрделі жөндеу, реконструкциялау, инсульт және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация, қарқынды терапия және т. б. бөлімшелер ашу) және оларды жарақтандыру арқылы 32 заманауи көпбейінді орталық аудандық аурухананы ұйымдастыруды қамтитын ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсетудің уақтылығын арттыру. Үшінші міндет — ауылдық денсаулық сақтау нысандарын медициналық кадрлармен қамтамасыз ету. Осы міндет бойынша ауылдық денсаулық сақтау нысандары үшін 1100 медицина қызметкерін даярлау жоспарланған. 

Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі