МИНИСТР: ИМПОРТ ДӘРІ-ДӘРМЕККЕ ТӘУЕЛДІМІЗ

Уақыты: 28.02.2024
Оқылды: 1525
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Еліміз дәрілік заттардың 70 пайыздан астамын импорттан алып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.


«Дәрі-дәрмекке келгенде импортқа тәуелді екенімізді мойындауымыз қажет. Бүгінде дәрілік заттардың 70 пайыздан астамы импортталып отыр. Президенттің 2029 жылға дейін отандық өндірістің көлемін 50 пайызға жеткізу тапсырмасы түрлі себептерге байланысты тежелуде. 2023 жылы экспортқа шығарылған Қазақстан тауарының көлемі 17 млн долларды құрайды. Негізінен Пәкістан, Ресейге шығарылып жатыр. Оның 90 пайызы медициналық құралдар мен күнделікті медициналық мақсатта қолданылатын бұйымдар құрайды», - деді Ақмарал Әлназарова.

Министрдің дерегінше, 2023 жылдың қорытындысында елімізге 1,7 млрд доллардың дәрі-дәрмегі импортталды.

«Бірыңғай дистрибьютор тарапынан сатып алынатын дәрі-дәрмек көлемінде бірінші орында Қазақстан тұр. Атауымен санағанда 60 пайызға дейін отандық өндірушілерден алынатын дәрі-дәрмекті құрайды. Екінші орында 8 пайыздық үлеспен Германия, үшінші орында Үндістан тұр», - деді министр.

Бұған дейін Мәжіліс «Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңды қабылдады. 

Фото: qyzyljarnews.kz